Картинка
Опыт

Аудитория жүрегіне жол табудың жеті қағидасы

Әлеуметтік желідегі адамдар екіге бөлінеді: бірі – біреудің өмірін тамашалайтындар, екіншісі – өз өмірін тамашалатқызатындар. Қай топты таңдағысы келеді, адам өзі біледі. Дегенмен, әйелдер қауымы екінші топта болғымыз келетіні айдан анық. Сондықтан болар, бүгінде қарапайым әйелді «жұлдызға айналдырғыш» курстар мен марафондар көбейді. Көзін тапқандар табысқа кенеліп, көзтартар өмірімен көпті қызықтырып отыр. 

Қалай десек те, бүгінде Инстаграм адамның кім екенін танытатын «визиткасына» айналды. Тіпті, жұмысқа тұрарда талап етілетін түйіндеменің өзіне Инстаграм аккаунт көрсетілетін күн туды. Біреумен таныса қалып, қызығушылық танытсаң, міндетті түрде аккаунтына үңілгің келеді. Бұл, шыны керек, талас тудырмайтын заман талабы. Ал заман талабына ілесу қажет. Сондықтан бүгін сіздермен аудиторияның жүрегіне жол табудың жеті қағидасымен бөліссек деп шештік.

Шынайылық. Қазір – көпшілікті ештеңемен таңғалдыра алмайтын дүбәра кезең. Тек табиғилық қана тәнті етуге тұрарлық болып қалды. Жұрт жасандылықтан шаршаған. Әлеуметтік желідегі көзбояушылық жылтырақтың астарындағы ащы шындықты біледі. Сондықтан толықсыз ба, сол қалпыңызды көрсетуден ұялмаңыз. Артық салмақпен күресіп, өзіңізді жеңе алмай жүрсіз бе, оны да жазып қойыңыз. Сіз сияқты әйел көп.  Солардың барлығы сізді жақын тартады. Айтпады демеңіз! Бұл – аксиома!

Ақша ұстай алмайсыз ба, оны да жазыңыз. Ақыл-кеңес сұраңыз. Кез-келген аудиторияның ақыл айтқанды жақсы көретінін сіз де білесіз. Сондықтан, бұл – оларға жақындай түсудің тиімді тәсілі. 

Мінсіз болудан қашыңыз. Көңілсіз сәттеріңізбен де бөлісіп қойыңыз. Бір сөзбен айтқанда, блогыңызды оқырманмен сырласу алаңына айналдырсаңыз, еңбегіңіз міндетті түрде ақталады. 

►  Құндылықтарды көрсету. Шыны керек, егер сіз жұлдыз болмасаңыз, қай жерде не істеп жүргеніңіз адамдарға қызық емес. Балаларыңызды да көрсете беру артық. Ал қалай қызықтырамыз? Құндылық арқылы. Мысалы, балаларыңызды бассейнге апарып жүрсіз. Соны көрсеткіңіз келді. Бұл жерде менің балаларым бассейнге барады деген мақтанышты мәтіннен гөрі, бассейннің бала ағзасына пайдасы мен не үшін сізге спортқа баулу маңызды екенін көрсеткен дұрыс. Түсінікті болу үшін тағы бір мысал. Құрбыларыңызбен мейрамханада отырсыз. «Құрбыларыммен керемет жерде отырмын» деп онсыз да көрініп тұрған дүниені қайталап жазудың орнына «Отбасы, жұмыс, үй шаруасы арасында өзіңмен пікірлес, өзіңе жанашыр құрбылармен кездесіп, бір серпіліп алудың өзі керемет» деп жазсаңыз, мәтін мүлдем басқа реңк алады. Сіздің достықты бағалайтыныңыз бен сіз үшін ара-тұра құрбылардан энергия алу маңызды екенін біледі. Сондықтан стористі «не істеп жатырмын?» дегенге жауап ретінде емес, «мен мұны не үшін істеп жатырмын?» деген сауалға жауап ретінде салу керек. 

►  Визуалды тартымдылық. Қалай айтсақ та, адам тартымдылықты талғайды. Бүгінде аудиторияның талғамы өте жоғары. Сондықтан жарасымды суреттер, үйлесімді киім, ұқыпты шаш үлгісі, сауатты сөз – бәрі маңызды. Бұл жерде минимализмді де ұмытпаған абзал. Артық зат – көзге артық ақпарат. Шаршатады. Дұрысы – талғамды өсіру, өзіңізге визуал жағынан ұнайтын аккаунттарды зерттеу, зерделеу. 

►  Эмоция ояту. Яғни, сізді оқып отырған адам бей-жай қалмау керек. Не таңдану керек, не күлу керек, не жылау керек, не жаны ашу керек, не сүйсіну керек. Оқырманның жүрегіне жетудің ең өтімді жолы – оның ең әлсіз нүктесіне басу. Сізді оқып отырып, өзін көрсе, өзіне таныс жағдайды таныса, сізді жақын тарта түсетіні анық. Бұл жерде ойдан құрап оқиға жаз деуден аулақпыз. Бар болғаны, басыңыздан өткенді боямасыз, шынайы жеткізсеңіз жеткілікті. Балалық шағыңызда бастан өткергеніңіз, жасөспірім кезіңіздегі естеліктер, өмір жолыңыздағы қиындықтар, тағдырыңыздағы тауқыметтер, жеңістеріңіз бен жеңілістеріңіз, құлап, қайта тұрған сәттеріңіз. Бұл тізімді өзіңіз жалғастыра аласыз. Дәл осындай өмірден алынған боямасыз әңгімелер оқырманның эмоциясын оята алады. Әсіресе, storytelling тәсілі оқырманды бей-жай қалдырмайтынын әлеуметтік желіден көріп жүрміз. 

Күлкілі жағдайға түссеңіз де, ұялмай ашық жазыңыз. Біреу сізбен бірге күлсе, екінші адам шынайылығыңызға тәнті болары сөзсіз. 

►  Пайдалы контент. Сіздің блог үйде отырған қарапайым әйелдерге арналса да, тіпті, оқырманыңыз тек туыстар мен сыныптастардан құралса да, арасында оларға пайдалы болып қалатын ақпаратпен бөлісіп отырған артық етпейді. Мысалы, бір кітап оқыдыңыз. Сізге ұнады. Неге бөлісіп, қызықты етіп аннотация бермеске?! Сізге мотивация берген фильмдер топтамасын ұсыныңыз. 

►  Контент форматы. Сторис, рилс, пост салсаңыз да, форматын әртүрлі етуге тырысыңыз. Бір рет фото салсаңыз, екіншісі бейнеролик болсын. Тест, сауалнама, сұрақ-жауап  сияқты кері байланыс жолдарын да жиі қолданыңыз. Оқырман сізбен байланысқа түскен сайын, Инстаграм алгоритмі де сізді алға жылжыта береді. Фото, видеоларыңызда ірі, орта, жалпы пландарды қолданыңыз. Бір сторисіңіз екінші ұқсамайтындай жасауға тырысыңыз. Көпшіліктен көретін көп қателіктің бірі – төрт-бес бөліктен тұратын «говорящая голова» форматынан қашыңыз. Сөйлеңіз, бірақ 15 секундтық екі бөліктен асырмаңыз. 

►  Тұрақтылық. Бастадыңыз ба, тастамаңыз! Әрине, көңілдің түрлі күйі болады. Сан-алуан жағдайға тап боласыз. Бірақ блог жүргізуді автоматтандырыңыз. Кез келген жерден «инфоповод» табуды үйреніңіз. Бұл өте қызықты шығармашылық жұмыс. Блогыңызға қызығушылықпен жеңіл қарап, өміріңіздің бір бөлшегіне айналдырғн кезде, бәрі оңайға түседі. Ыңғайлы уақыт пен мінсіз жағдайды күтпеңіз. Бір шығып, бір жоғалып кетсеңіз, аудитория қызығушылығы бәсеңдеп кетеді. 

►  Нақтылық. Оқырман бос сөз бен артық ақпаратты қабылдай алмайды. Айтатын ойыңыз бен беретін материалыңызды ықшамдап, бір стористің өзінен ой түюге болатын дүниелер ұсыныңыз. Айтарыңызды 15 секундқа сыйдырыңыз. Сыймағанын қосымша мәтінмен беріңіз. Шұбалаңқылықтан қашыңыз. Бүгінгі заманның басты талабы осы. 

Қазірде smm деген маркетологияның бір бағыты айналысып жатқан бұл саланың қыры мен сыры көп. Дегенмен, мазмұндық жағынан блогты үшке бөліп жүргізген жөн. 

1.    Тұлға. Сіздің ойыңыз, мақсат-арманыңыз, құндылықтарыңыз бен өмірлік ұстанымдарыңыз туралы жазғаныңыз. 
2.    Өмір. Сіздің жұмысыңыз, хоббиіңіз, отбасыңыз, достарыңыз, т.с.с. айналаңызға тоғысқан адамдар жайлы жазғаныңыз. 
3.    Эксперттілік. Сіздің өз нишаңыз, блогқа арнайы таңдаған тақырыбыңыз. Сізде жай ғана lifestyle болуы да мүмкін.  

Қалай дегенде де, осы үшеуінің басын теңдей ұстау керек.  
Блог жүргізе бастаған кезде, көбінің көкейінде тағы бір түйткілді сауал тұрары анық. «Ел не дейді? Ұят! Жұрт күлсе, қайтемін?» деген сияқты сауалдар мазалап, біраз психологиялық дискомфорт болатыны заңдылық. Мұндай жағдайда мына бір заңдылықты миға тоқып алу керек:

Кез келген адам блог жүргізе бастағанда, оның бұл әрекетін айналасындағылар қабылдай алмайды. Егер сіз алған бетіңізден қайтпай, жоғарыда айтылған қағидалармен блогыңызды жүргізе берсеңіз, екінші аптада үнсіз бақылауы мүмкін. Үшінші аптада таңырқай бастайды. Төртінші аптада ризашылықпен қарайды. Мақтайды. Тынышталады. Бұл жағдай бәрінің басынан өтеді. Сондықтан, «уақыт – бәріне емші» дегенді осы жерде ұстанамыз.

Тағы бір кеңес, адамдар Инстаграмға күнделікті күйбің тірліктен ойын бөлу үшін кіреді. Сондықтан терең философия мен ауыр дүниелерді жеңіл қабылдай бермейді. Сол жағын ескерейік!   

Эльмира Жүнісова