- Ең алғаш рет инстаграмға қашан тіркелгеніңіз есіңізде ме? Бүгінгі таңда оқырмандары көп парақшалардың бірісіз. Оқырман көбейтудің қандай құпияларын білесіз?
- Қашан тіркелгенім есімде жоқ. Бірақ, алғашқылардың бірі болғанымды білем.Егер кәсібіңе байланысты танымал әрі білікті адам болмасаңыз, тіркелуші жинау оңай емес. Жаңадан парақша ашып, оқырман көбейтуге асық жандар кейде «атың шықпаса, жер өртенің» күйін жасап жатады. Бұл да жақсы әдіс. Тек заңды бұзып, елге зияны тимесе болғаны.
- Қандай да бір ережелер мен қағидаларды сақтау қажет пе?
- Әрине, қажет. Ең алдымен елге жақсы көрінуге тырыспа,сол үшін жағымсыз пікірлерді өшірме. Жағымсыз ойлар мен пікірталас сенің парақшаңды қызықты етіп, көпшілікке тегін жарнамалау үшін үлкен мүмкіндік.
- Күнделікті қанша уақытыңызды инстаграмға бөлесіз?
- Менің күні бойы инстаграмда отыруға уақытым жоқ. Тіпті соңғы кезде бір шолып шығуға да мүмкіндік болмай жүр.
- Басқа қандай желілерде тіркелгенсіз?
- Танымал желілердің бәрінде тіркелгенмін. Бірақ, қазір уақытым мен қызығушылығым инстаграмнан аспайды.
- Теріс пікірлерді қалай қабылдайсыз?
- Кейбіріне күлем немесе ашуланам да қоя салам. Ал көңілге қонымды сын болса, ол қандай формада айтылса да қабылдаймын. Өйткені, «сын түзелмей – мін түзелмес» деген әдемі сөз бар.
- Парақшаңыздағы жарнамалардың құны қанша?
- Әртүрлі. Орташа есеппен алсам, шамамен 60-70 мың теңге. Одан төмен де, жоғары да болып жатады.
- Кішкентайыңыздың бауы берік болсын. Босану қаншалықты оңай болды? Өзіңіз босандыңыз ба?
- Рахмет. Иә, ана болу ең бақытты сезім ғой. Барлық қыздарға ана бақытын тілеймін. Аллаға шүкір, мен жеңіл босандым. Ешқандай күрделі, қиын жағдайлар болмады. Қазір тәтті қызымның иісіне тоймай ерекше күйде жүрмін.
- Серіктестік босану туралы не айтар едіңіз? Ер адамның босану кезінде жарының қасында болуы дұрыс па?
- Меніңше, ол дұрыс емес. Себебі, бұл қиын процесс. Адамнан адам шығу оңай емес. Әйелінің қиналғанын көру ер адамның психикасына әсер етуі мүмкін. Күйеуіңіз сізді үнемі әдемі әрі сұлу қалыпта көру керек қой. Бұл менің ойым. Сондықтан, күйеуіммен тіпті, бұл тақырыпта сөз де қозғамадық.
- Кішкентайыңыздың есімі кім? Кім таңдады ?
- Қызымның есімі Әдия. Өзім осы есімді таңдадым. Маған ерекше ұнайды.
- Тұңғышыңыздың бойында қызғаныш байқалмайды ма?
- Жоқ, керісінше біздің үйдегі ең бақытты адам ұлым. Үнемі иіскеп, құшақтап, сүйіп жүреді.
- Жолдасыңызбен қалай таныстыңыздар? Қандай қасиеттерін жоғары бағалайсыз?
- Танысу кездейсоқ болды және тез арада үйлендік. Бұл біздің екеуіміздің де шынайы қалауымызбен болды. Мұны дұрыс-бұрыс деп айта алмаймын. Тағдырдың қосқаны шығар деп білемін. Мен бақыттымын.
- Алдыңғы сəтсіз некелеріңізден кейін ер азаматқа деген сенбеушілік болмады ма?
- Осы сұрақты маған, әсіресе жақындарым, жиі қояды. Мүмкін, адамдар туралы үнемі жақсы ойлап, позитивті жүруге құмар болғандықтан шығар, менде ондай проблема болмады. Егер өмірде кездескен әр сынақтан жабырқап, мұңая беретін болсам айдалада жалғыз өмір сүруім керек сияқты. Бұл- өмір. Сондықтан, кездескен қиындыққа мойымау керек. Адамдар қателеседі. Оған кешіріммен қарау керек.
- Көп қыздар ажырасқан соң "енді ешкімге керек емеспін " деп түңіліп кетеді. Сондай қыздарға мотивация болсын өзіңіздің қиындықтарыңыз, оларды қалай жеңе алғаныңыз туралы айтып беріңізші
- Мен қазір мынадай жағдай болды, бұрынғы жолдасым былай да солай деп шағым айтпай-ақ қояйын. Кез-келген отбасында болатын проблемалар менің де басымнан өтті. Бірақ, мен «амалым жоқ» деп бәріне көнбістік танытудан аулақ болдым. Керісінше, жаңа өмір бастау керектігін тез түсіндім. Ең бастысы, қандай шешім қабылдасаңыз да өзіңіз үшін өмір сүріңіз. Әр мәселенің, әсіресе, ажырасудың ауырлығы ол ел-жұрттың сөзі ғой. Біз көптің назарынан қаншалықты қорқақсақ, өміріміз де соншақты күрделі болмақ. Сол себепті ешқашан ешкімнің сынына, өсек сөздеріне, арам пиғылына көңіл бөлмеңіз. Өмір сізге бір рет беріледі. Сол өмірді әдемі әрі бақытты сүруге тырысыңыз.