Картинка
Новости

Ақбота-Нұр Сейітмағамбет: "Мен – бақыттымын. Себебі..."

Ақбота, сәлем. Көңіл – күйіңіз қалай?

Көңіл-күй керемет. Жүз пайыз жақсы деп айта аламын.

Ендеше, сұрақтар легін бастайық. Бүгін мен сіздің жеке өміріңізге қол сұқпаймын. Оған уәде етемін. Бірақ, мен қоятын сауалдарға 100 пайыз шынайы жауап бересіз деп сенемін.

Әрине, міндетті түрде шынайы жауап беремін. Шынымды айтсам, жеке өмірім туралы сөз қозғай бергім келмейді. Енді, халық менің өнерімді бағаласа деймін.

Олай болса, бастадық. Жұлдыз ауруына қарсы антивирус сізде орнатылған ба?

Әзірге орнатылған. Бірақ, болашақта бізді не күтіп тұрғанын ешкім  білмейді. Мен әрине жасырмаймын өзгеруім де мүмкін. Жоқ мен антивирус орнатылды деп қазір айтып, ертеңгі  күні көтере алмай қалсам, онда екі сөйлеген боламын. Сондықтан жұлдыз ауруына қатысты нақты ешкім жауап бере алмайды деп ойлаймын. Себебі , істеген ісін толық қадағалай алып, бойындағы жаман қасиеттерін басқара алатын, жеңе алатын адам ғана жұлдыз ауруына шалдықпайды. Мен осыған қатысты  еліміздің және әлемдік жұлдыздар, аңыз адамдарға қарап  үлгі алуға тырысамын. Себебі, көптеген аңыз адамдардың бойындағы парасаттылығы, өзін барлық жамандық атаулыдан аулақ ұстап, жұлдыз ауруымен ауырмай, елге сыйлы, халыққа сүйкімді болып отырған  адамдар жетерлік. Солардың өзін өзі ұстауына қарап, жасаған іс әрекетіне қарап үлгі алуға тырысамын.

Инстаграм сіз үшін табыс көзі шығар? Жарнама құны қанша?

Ия, инстаграмм қазіргі таңда кез-келген өнер адамында бар деп ойлаймын. Оны табыс көзіне айналдырғанында тұрған ештеңе жоқ. Көп өнер адамдары үшін жақсы табыс көзі екені рас. Мен өзім жарнама құны туралы айтпай-ақ қойсам. Құпия болып қалсыншы. Себебі мен де табыс көзін жасыратын адамдардың қатарынанмын.


Әйел бақытты дегенді калай түсінесіз?  Бақыттысыз ба?

Бақыттымын.  Аналық махаббатты сезіндім. Әйел бақытын  балам арқылы сезіндім десем болады. Анамын. Аллама мың  шүкір. Тыныш , бейбіт елде өмір сүріп жатырмыз. Балам қасымда. Жақындарым, туыстарым, достарым бар. Бақытымды бағалай білемін. Қазақтың ерке қызы болып туылғаныма бақыттымын. Бақытты сезіне білу керек.

Қандай бет күтімін жасайсыз?

Аса бір құпиясы жоқ. Халықтың тұтынатын косметикалық өнімін мен де тұтынамын, қолданамын. Қымбат жақпамайларды пайдаланамын деп айта алмаймын. Орта бағадағыны пайдаланамын. Еліктегіш, көрсеқызар емеспін. Біреу айтты екен деп сол косметикалық өнімді алып пайланып нұрланып жүрмін деп өтірік айтып қайтемін. Алланың берген түр келбеті. Аса бір керемет күтім жасамаймын. Себебі әлі жаспын дегендей. Уақытты келгенде  басқаша болар мүмкін. Бірақ кез-келген дүкеннен сатып алмаймын. Косметикалық жақпамайларды алған кезде міндетті түрде маркировкасына қарап, оқып, пайдасын біліп, сатушы кеңесшілерден анықтап алатыным рас.  

Жұлдызды кеңес болсын: Ақботаның асханада ең дəмді дайындайтын тағамы қандай ? Рецепт айтып берсеңіз?

Бала кезімнен түрлі тағам пісіріп, түрлі кондитерлік өнімдерді пісіргенді ұнататынмын. Қазір балалы болғаннан бері тіптен. Әлеуметтік желіден қарап түрлі ас әзірлеймін. Халқымыздың бауырсағын үнемі пісіріп отырамын.

Ақбота деген кім? Жəне кім болғысы келеді ?

Күлкілі сұрақ екен. Мен біріншіден анамын, біреуге доспын, әпкемін, қарындаспын, бір сөзбен айтқанда қазақтың ерке қызымын. Өнер жолында жүрген қарапайым әншімін. Алар асуы бар, бағындырар белесі бар, алға қойған мақсаты бар,  арманы бар, ойы бар адаммын. Кім болғым келеді? Осы өмірге келген соң, Абай атамыз айтпақшы: «Сен бір кірпіш  дүниеге , Кетігін тап та бар қалан», – демекші, осы өмірде өз орнымды табу. Халқыма қызмет етіп, аз болса да пайдамды тигізу. Біз болашағымызды жобамен жорамалдаймыз, Бірақ бәрі Алланың қолында екенін ұмытпайық. Мен де ұмытпаймын.  Бірақ қол қусырып қарап отырғаным жоқ. Өнер адамы болып қалыптасу үшін, аянбай еңбек етіп, білек сыбана жұмыс жасап жатырмын.

Халыққа танымал болу үшін не істеу керек?

Жолдары көп. Ең жақсы жолы өз салаңа күніне ең кемі 4-5 сағат  уақыт бөлу керек. Еңбектену керек. Өз салаңның нағыз тәжірбиелі маманы болу керек. Ал ең оңай жолы: Атың шықпаса жер өртеу керек. / Күлді/

Қателік мойындау ең үлкен батырлық екенін білесіз. Қателігіңізді тез мойындайсыз ба?

Ия, тез мойындаймын.

Кешірімдісіз бе?

Кешірімдімін, кек сақтамаймын. Артыма ешқашан қарамаймын. Тез ұмытып алға жүруге  ұмтыламын. Сондықтан тез кешіріп, ұмытып кетемін.