Картинка
Спорт

Әбиба Әбужақынова:
«Менің басты мақсатым – өз атымды дзюдо тарихына алтын әріптермен қалдыру»

Дзюдошы Әбиба Әбужақынова Париждегі 2024 жылғы Олимпиадада еліміздің атынан шығады. Спортшы IJF әлемдік рейтингінде 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде үшінші орында тұр. Оның марапаттарының арасында бір алтын, бес күміс және тоғыз қола медаль бар. Сондай-ақ, ол екі рет әлем чемпионы атанып, Гранд-слэм мен Гран-при жеңімпазы болды.

Әбиба 11 жасынан бастап Ташкент қаласында жаттығуды бастап кетеді (спортшы Өзбекстанда дүниеге келген). Бірақ кейінірек ол атамекенге оралуды жөн санап, «Қазақ болғандықтан, Қазақстан үшін өнер көрсетуім керек» деген шешім қабылдайды. Батыл қыз Республикалық спорт колледжіне оқуға түсіп, әр түрлі деңгейдегі турнирге қатысып, бірнеше мәрте дзюдодан үлкен жетістіктерге жетіп үлгереді. Қазір Әбиба Қарағанды қаласындағы Jenys дзюдо спорт клубының капитаны және Олимпиадаға қарқынды дайындық үстінде. Жұмыс кестесінің тығыз болғанына қарамастан, Әбиба қысқаша болса да, Comode.kz үшін сұхбаттасуға уақыт тапты.

Спорттағы бағытты таңдауға не әсер етті? Неліктен дзюдо?

Мен үшін дзюдо тек спорт емес. Мектеп қабырғасында жүргенде мен атақ пен танымалдылық туралы ойлаған жоқпын. Маған бұл спорт ерте жастан бастап ұнады. Неге екенін өзім білмеймін. Егер менде дүниеге қайта келу мүмкіндігі болса, қандай спорт түрімен айналысатынымды сұраса, мен: «Дзюдо!» дер ем. 

Сіздің отбасыңыз бен айналаңыздағылар бұл таңдауыңызға және кәсіби дзюдомен айналысу туралы шешіміңізге қалай қарады?

Анам мені кәсіби дзюдомен шұғылдануға итермеледі. Ол менімен бірге Алматыға барып, спорт колледжіне түсуге көмектесті. Анам әрқашан: «Сен үлкен жетістікке жетуің керек», – дейтін, тіпті: «Сенде осы спорт түріне талант бар» деп шабыттандыратын. Мен жетістікке ата-анамның қолдауының арқасында жеттім.

Қазақстанға жалғыз көшуге қалай шешім қабылдадыңыз? Не үшін бұл сізге маңызды болды?

Бұл шешімді ата-анам қабылдады. Олар маған: «Сен қазақсың, сол үшін елге қоныс аударып, Қазақстанның атынан жарыстарға қатысуың керек», – деді.

Сізді әйелге тән іспен айналыспай жүрмін деген ой мазаламай ма? 

Туыстарым мен жақын араласатын адамдар маған бұл туралы ешқашан айтқан емес. Тек комментарийге кейде: «Сіз қызсыз ғой, бірақ ерлер спортымен айналысатын ұл сияқтысыз» деп жазады.

Қазақстандық спорттағы және жекпе-жек өнеріндегі әйелдердің жағдайы қандай?

Бұрын біздің спортқа көп көңіл бөлінбейтін, өйткені үлкен жетістікке жеткен қыздар болған жоқ. Бірақ қазір дзюдо өз орнын тапты, көп көңіл бөлінеді, қолдау көрсетіледі және біздің қыздар барған сайын жеңіске жетеді деп нық сеніммен айта аламын.

Спорт сіздің мінезіңізге қалай әсер етті? Қарапайым өмірде Әбиба қандай адам?

Спорт маған шыдамды болуды үйретті. Қазір менде бұдан асқан хобби жоқ, бірақ мені көп нәрсе қызықтырады деп те айта аламын. Мен үлкен тенниске құмармын және Instagram мен Tiktok парақшамды жүргізгенді ұнатамын.

Сізде чемпионаттардан қола және күміс марапаттар бар, бірақ бұл сіздің алғашқы Олимпиадаңыз, сол себепті оған дайындық қобалжу туғызбай ма? Сіз жаттығу барысына өзгертулер енгіздіңіз бе?

Иә, менде чемпионаттарда алған медальдарым бар, Олимпиадаға бірінші рет қатысамын. Бірақ мен еш алаңдамаймын, өйткені барлық қарсыластарымды білемін. Жаттығу бұрынғыдай, тек сәл күшейттік. Сондай – ақ, маңызды дайындыққа көшіп кеттік, яғни әр қарсыласым үшін арнайы техника мен тактиканы таңдаймыз.

Сізде қандай спорттық жоспар бар? Сіз бүкіл өміріңізді спортпен байланыстырасыз ба немесе өзіңізді басқа салада да сынап көргіңіз келе ме?

Менің спорттық жоспарларым – ол алдағы Олимпиада, оған бір айдан аз уақыт қалды. Қазір барлық ойым осыған бағытталған. Басқа саланы меңгеруге  ниетім жоқ, өйткені мен тек спортпен айналысамын және одан басқа ештеңеге уақытым жоқ.

Олимпиада неғұрлым жақындаған сайын, көпшілік пен БАҚ сізге көбірек назар аударады. Бұл сізге ыңғайсыздық тудырмай ма? Маңызды спорттық сапардың басында атақ-даңққа ұмтылдыңыз ба немесе сіз үшін атақ-даңқ маңызды емес пе?

Олимпиаданың жақындауына байланысты барлық журналистің назары елге медаль әкелетін спортшы ретінде маған аударылары анық, дегенмен бұл маған аса бір ыңғайсыздық әкелмейді. Әрине, мен үшін атақ пен танымалдылық маңызды. Мен бар күшімді саламын, өйткені менің басты мақсатым – дзюдо тарихына өз атымды алтын әріптермен жазу.

Фото: Даниил Ярощук

Редакция Comode.kz Әбибаға 2024 жылғы Олимпиадада сәтті өнер көрсетіп, жаңа жеңіске жетуін тілейді!  Біз сізбен мақтанамыз!