Ұлықпан Жолдасов
Ұлықпан Жолдасов 14-ақпанды ерекше тойлайды. Кезекті махаббат мейрамы деп емес, жаңа жасқа қадам басқан күнім деп біледі сазгер. Ол 1966 жылдың 14-ақпанында Маңғыстау облысы, Қарақия ауылында дүниеге келген. Ал, 2016 жылы Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері атағына ие болды. Танымал продюсер, кәсіби сазгер, мықты әншінің Болат есімді ұлы мен Фарида есімді қызы бар. «Музарт» тобының гитаристі болған Болат қазір өнерден алыс кәсіппен айналысып жүр. Ал, ерке қызының хит әндері күн санап артуда. Жаңа хит іздеген әр әнші Лұқаңның студиясынан табылады. Ал, 14-ақпан күні олар хит емес, хиттің авторын іздеп Жолдасовтар шаңырағына ағылады. Сыйлықтар мен игі құттықтауларын арқалап келген жас пен кәріні отанасы Айған жеңешеміз де әрдайым күліп қарсы алады. Өйткені, бұл әулеттің басты ұстанымы «қонақ келсе, құт бірге келеді» деген нақыл екен.
Қайрат Түнтеков
«I’m Singer-2017» музыкалық жобасының жүлдегері Қайрат Түнтековті көпшілікке таныстыру артық шығар. Бір кездері әр айтқан әні хит болған Түнтековтің басына қара бұлт төніп, өнерден алыстап кеткен еді. Ал, 2017 жыл бес жылға созылған үзілістен кейін қайта жаңғыру кезеңі басталды. Ол репертуарына жаңа әндер қосып, өнерге білек түріп кірісті. Айтпағымыз оның шығармашылығы емес, жеке өміріне тікелей қатысты. 14-ақпанды Қайрат ерекше жақсы көреді. Өйткені, 1986жылдың ол дәл осы күні дүние есігін ашқан. Биыл 32 жасқа қадам басқан әншінің басты арманы Американы бағындыру екен. Тіпті, арманын іске асыру үшін мұхит асуға да дайын. Ал, шығармашылыққа білек түріп кіріскен Қайрекеңнің биыл туған күнін дүркіретіп тойлауға уақыты болар ма екен?! Ол жағы әзірге бізге беймәлім.
Гарик Мартиросян
Ресейлік шоумен Гарик Мартиросян да бұл күні өзінің туған күнін дүркіретіп тойлайды. Әзілкеш, тележүргізуші, бірнеше атышулы жобалардың авторы әрі продюсері 1974 жылы Армения мемлекетінің Ереван қаласында дүниеге келген. Актер өзінің тележобаларын балалары Даниель, Жасминге көруге рұқсат етпейді. Өйткені, бұл бағдарламалар тек ересектерге арналған екен. Ал, есесіне әкелерінің өнерін ерекше бағалайтын ұлы мен қызы жыл сайын Гарикке түрлі сыйлықтар жасап, таңқалдырудан шаршаған емес. Оның 43 жасына арнап әйелінің ұйымдастырған тосын сыйы мен дәмді торты ғаламторды шулатқан еді. Ал, биыл несімен ерекше болар екен?!
Юлия Савичева
1987 жылы ғашықтар күні дүниеге келген Юлия Савичева да 14-ақпанды асыға күтеді. Себебі, әнші ару биыл өзінің 31 жасын тойлайды. Әрине, қыздың жасы әрдайым 18 болса да, Юлия өзінің туған жылы туралы айқайлап айтудан еш қысылмайды. Себебі, 31 жасқа лайықты жетістікке жеттім деп біледі. Айта кетейік, Ресейлік әнші үшін сыйлықтың бағасы емес, шын ниеттен болғаны маңызды екен. Тіпті, жанкүйерлері қолдан жасалған сыйлықтар мен бір жапырақ құттықтау қағазын берсе де, әншінің қуанышында шек болмайды. Биыл Юлия үшін туған күні ерекше болмақ. Өйткені, ол алғаш рет туған күнін қызы Аннамен бірге тойлайтын болады. Естеріңізге сала кетейік, 2014жылы композитор Александр Аршиновқа тұрмысқа шыққан әнші өткен жылдың 14 – маусымында тұңғыш қызын өмірге әкелген еді.
Ирина Дубцова
Юлиядан бес жасқа үлкен Ирина Дубцова үшін 14-ақпан маңызды күн. Ғашықтар күнімен дөп келетін туған күнін Ресейлік әнші дүркіретіп тойлағанды көреді. Алайда, өткен жылы туған күні мен жұмыс кестесінің сәйкес келмеуіне байланыста, Ирина туған күнін 18-ақпан күні атап өткен еді. Қонақтардың қатарында Катя Лель, Константин Кожевников, Ксения Бородина секілді танымал тұлғалар болды. Ал, өзінің еселенген он сегіз жасын әнші биыл қалай тойламақ?! Бұл - уақыт еншісінде.
Иә, бүгінгі қуаныш иелерін шын жүректен құттықтаймыз. Дендеріне саулық, бастарына амандық тілейміз. Ең бастысы, өмірге, өнерге, айналасындағы адамдарға деген махаббаттары мәңгілік болсын.