Картинка
Новости

"Жыл таңдауы" көрерменге не береді?

Жыл сайын өтетін аталмыш ұлттық байқау туралы талқылау әдеттегідей пресс-конференция түрінде емес, жұлдызды таңғы ас форматында өтті. Бұл отырысқа Жан Мұқанов, Алтынбек Рахметов, Эрик Тастембеков, Ерке Есмахан, Нұрболат Абдуллин, Мырзахан Маханов, Бағлан Әбдірайымов келді.

Бағлан Әбдірайымов

«Жігіттер» тобының әншісі

Ұлттық музыкалық байқау әншілерге мотивация беретін жоба. Бір жыл жасаған еңбектің жемісін көретін сәт. Меніңше, бәйге, жарыс, бәсеке бар жерде даму да болады. Сол себепті өнер адамдарына ауадай қажет деп білемін. 

Нұрболат Абдуллин

Әнші

Әрине, керек. Қазір байқасаңыздар бәрі өз парақшаларында «маған дауыс беріңіздер» деп жарнама жасап жүр. Одан бөлек отырыстарда «Жыл таңдауы» болады. Мына нөмірге дауыс беруге болады. Маған мынадай адам дауыс беріпті» деп тілге тиек етеді. Яғни, қызығушылық бар. Әншілердің арасында да бәсеке бар. Жеңіске деген талпыныс бар. Бұл әншілердің 2018жылы білек түріп тастап жұмысқа кірісуіне үлкен себеп болмақ. Екіншіден, халықтың да сұранысындағы жоба деп білемін. Өйткені, көрермен көзайымдарының бір сахнада бас қосып, өнер көрсетуі өте сирек болады. Бұл басы бар, аяғы бар, шарықтау шегі бар жоба.

Алтынбек Рахметов

Продюсер

Бұл керемет музыкалық бәйге деп білемін. Ұлттық музыкалық бәйге деген сөздің мағынасы тереңде. Тек кішкене дамыту керек. Мысалы, орта буын, аға буын жастардан ұтылып қалудан қорқады. Сол себепті бұл шараға қатыспайды. Ал, екі буын бір номинация үшін бәсекеге түссе, кішісі үлкенге ілтипат танытып, жол беруі мүмкін. Бұл біздің менталитет. Сондықтан, бәрі әділ болу үшін номинацияларды буын-буынға бөлу керек. Одан бөлек әр үш ай сайын іріктеу жасалса тіпті, керемет болар еді. Үш ай сайын өтетін бәйгеде жүзден жүйрік болу үшін кез-келген әнші еңбектенеді деп ойлаймын.

Жан Мұқанов

Продюсер

2017 жылғы марапатқа лайықты деп 200-ден астам әнші іріктелді. Олардың 70-ге жуығы сахнада өнер көрсетсе, 18-і арнайы номинацияларымен марапатталады. Ойлап отырсам, елімізде әншілердің жыл сайын еңбегін елеп, жұмысына баға беретін жобалар жоқтың қасы. Меніңше, әншілерге шабыт беретін игі іс.

P.S.: Айтпақшы, «Жыл таңдауының» басты қонағы «Құлпынай иісі» телехикаясының басты кейіпкері Юсуф Чим мен ресейлік «Винтаж» тобы болмақ. Ендеше, аты шулы кешке билет алуды сіздерде ұмытпаңыздар.