Көптеген әйелдер үшін босанудан кейін жыныстық қатынасқа түсу қиынға соғады. Өйткені, олардың сөзінше, бұл оларға ең алғашқы төсек қатынасын еске түсіреді. Ал өзгелері, тіпті, перзентханада жатып-ақ ерін сағынады. Бірақ, өкінішке орай, ондай әйелдер қатары аз.
Статистика мәліметтері бойынша, жаңа босанған әйелдердің 50%-нда алғашқы 3 айда жыныстық қатынас мәселесінде қиындықтар болады. 18%-ы жыл бойы төсек қатынасынан ләззат алмайды.
Жаңа босанған соң жыныстық қатынасқа 4-6 апта өткізіп барып түскен дұрыс. Өйткені, осы аралықта ғана жатыр өзінің бұрынғы қалпына келіп үлгереді. Көлемі қайта кішірейіп, бала жолдасының жатыр қабырғасына жабысқан жеріндегі жара жазылады. Егер жазылмаған жараға жыныстық қатынас кезінде инфекция түссе, эндометрит – яғни жатыр қабынуы пайда болады.
Қынаптың да өз қалпына келуі үшін біраз уақыт қажет. Өйткені, босанғаннан кейін ол созылыңқы күйде болады. Көбіне 6-шы аптаға таман көлемі кішірейеді. Бұл үдерістің қалыпты жүруі үшін гинекологтар бұттағы бұлшықеттер мен қынапқа арналған Кегель жаттығуларын жасауды ұсынады. Бұл жаттығу сексуалды тонус пен қан айналымды жақсартуға және оргазмды қадағалауға мүмкіндік береді. Қандай бұлшықеттерді жаттықтыру керектігін білу үшін несеп шығару барысында бір сәт тоқтап қалып, дәл сол кезде қандай бұлшықеттер жұмыс жасап тұрғандығын сезініңіз. Міне, соларды жаттықтыру қажет. Бір қатайтып, бір босатып отыру керек. Алдымен жай, сосын тезірек қарқында қайталаған жақсы нәтижеге жеткізеді. Мұны кез келген уақытта, тіпті, кереуетте жатып та жасауға болады.
Ләззат алуға не кедергі?
Эстрогенді гормон жетіспеушілігінен болатын қынаптың құрғақтығы босанғаннан соң төсек қатынасына кедергі. Мұндай кезде қынапты ылғалдандырушы арнайы гельдерді қолданған дұрыс. Гельді дәріханалардан таба аласыз.
Сонымен қатар босану барысында болған көптеген жарақаттардың салдарынан алғашқы жыныстық қатынас кезінде әйел ауырсынуды сезінеді. Тіпті, бұл жарақаттар бірден жоғала қоймайды. Сондықтан да әйелдер төсек қатынасынан әрдайым қашқақтайды. Кейде, тіпті, өз еркінен тыс жыныс мүшесінің енуіне кедергі жасап, қарсыласуы мүмкін. Мұндай кезде «шабандоз» немесе «бетпе-бет» дене қалпын таңдап, өзін барынша еркін ұстауға тырысу керек. Осылайша, ердің әр қозғалысын қадағалап, ауырсынуды болдырмауға тырысасыз. Сонымен бірге қынаптың құрғақтығын азайту үшін эфир майларын қолдануға болады.
Ал босану кезінде тігіс жүргізілген болса, жыныс мүшелеріндегі тыртықшаларға арнайы жақпа майлармен массаж жасауға болады. Егер уқалауды еріңіз жасаса, емдік шаралармен қатар эротикалық массаждан ләззат алатын боласыз.