Бұрын «секс» тақырыбын жабық ұстап, тек екеудің арасындағы құпияға баласақ, бүгінде оның тамырын тереңдетіп, энергия, табыс тақырыбы былай тұрсын, жалпы адам өміріне қатысы көп екендігі туралы жиі айтылып жүр. Біз де осы сұрақты сырт айналмай, сіздерге пайдалы болатындай тұсын анықтау үшін, практик психолог, сексолог, МАК консультант Айзада Қуанышевамен сұқбаттастық.
Айзада ханым, сексуалды сауаттылық әйелге не береді? Неліктен бұл тақырыпты әйел жақсы білуі керек?
Сексуалды сауаттылық деген жалпы ол – өзіміздің жан-тәнімізд тану, білу. Мысалы, біз ер адаммен танысқан кезде, оған ұнау үшін белгілі бір әрекет істейміз. Шашымызды жөндеп, өзімізге күтім жасап, тартымды болып көрнгіміз келіп, өзіміздің ерекшелігімізді көрсете бастаймыз. Кейіннен тұрмысқа шыққаннан кейін өзімізді ұмытып кетеміз. «Тұрмысқа шықтық, бала көтердік, болды. Енді күйеуім қайда кетеді? Енді ешқайда бармайды» деген сияқты ойда боламыз. Сосын қалай болса солай жүре береміз. Қыз кезіміздегі сырт-келбетіміз өзгере бастайды. Орамалымызды да шешпейміз, үстіміздегі көйлегімізді де шешпейміз. Жуынғымыз келсе жуынамыз, жуынғымыз келмесе жуынбаймыз. Шындығы сол, жасыратыны жоқ. Демек, өзінің әйел екенін ұмытып кетеді. Өзін баласына, күйеуіне арнайды, атасына, енесіне, қоғамға арнап кеткен. Өзі туралы ұмытып кетеді. Мен бұл жерде: «Сен бәрін ұмытып, тек өз-өзіңе қара. Тырнағыңды өсіріп, шашыңды тарап отыр» дегім келіп отырған жоқ. Айтпағым – өзіңнің жан-тәніңді ұмытпа. Өзіңнің әсемділігіңді, өзіңнің көріктілігіңді сақта. Төсектегі этиканы ұмытпа. Әдемі киіміңді ки. Іш киімің әдемі болсын. Хош иіс аңқып тұрсын. Ол әйелге кәдімгідей сенімділік береді. Өйткені, әйел адамның өзіне деген сенімі (самооценкасы) түскен кезде сексуалды болу дегенді ұмытады. Бұл дегеніміз өмірінің барлық саласына әсер етуі мүмін.
Сексуалды сауатты болудың нақты сіз үшін қандай пайдасы болды?
Нақты сауаттылық маған өзімнің кім екенімді түсінуге мүмкіндік берді. Біраз уақытқа дейін мен өзімнің кім екенімді ұмытып кеткенмін. Бес баланың анасымын. Қыздарым да, ұлдарым да өсіп келе жатыр. Олардың әрқайсысының өзінің бөлмесі, өзінің жеке кеңістігі болу керек. Соған үлкен көңіл бөлдік. Олар жеке тұлға болып өсіп келе жатыр. Мысалы, оларға: «Сен өсіп келе жатырсың. Даусың өзгереді, бүкіл дене-бітімің өзгереді» деп бәрін түсіндіруде осы білімімнің пайдасы көп болды. Бұрын мен үшін ұят болған тақырыптаарды қазір ашық талқылай аламын. Мысалы, күйеуіммен қарым-қатынаста ол жайында айтпайтынмын, сөйлеспейтінмін. Ол маған ұят сияқты болып көрінетін. Көп уақытқа дейін «оргазм» деген тақырыпты көтермегенбіз. Ол да айтпайтын, мен де көтермейтінмін. Жасырын сияқты болатын бәрі бізде. Уақыт өте келе, білімімді арттырып, көзқарасымды өзгерткен соң, күйеуіммен ғана емес, балаларыммен де ашық сөйлесу оңай болып кетті. Қыз балада етеккір келеді, сол кезде не істеу керек, қалай күтіну керек – соның барлығын айтып отырамын. Әйел адамның жатыры – оның екінші жүрегі. Ер балаға да: «Қатты ауыр нәрсені көтерме. Сен әлі кішкентайсың. Сенің денсаулығыңа зияны тиеді. Қатты тебіспе» деген сияқты. Бір-біріне байқамай тиіп кетуі мүмкін. Әйелде «вульва», ер балада «фалос» деген сияқты қауіпті жерлер бар. Соның бәрін ақырындап жеткізіп отырамын.
Сексуалды тартымды, қылықты, магнит әйел деген қандай әйел? Ондай болу үшін не істеу керек?
Біріншіден, ондай әйел – өз бағасын, жеке шекарасын білетін әйел. Өзін қылықты ұстай алады, өзінің көрікті екеніне сенімді. Ақылы да көркіне сай. Ойын ер адамға айқайламай-ақ, жай сөйлеп жеткізе алады. Әйелдер қай жерде көп қателеседі? Кейде көп нәрсені өзімізге алып аламыз. Содан кейін бізде нәзіктік жойылады. Ер адам – нәпақа табушы, әйел адам – үйдің берекесі. Негізі үйде отыру деген – әйел адам үшін үлкен жұмыс. Ең оңайы – жұмысқа шығып кету. Нақты әйел адам үйде отырған кезде тамақ істеп, кірін жуып, бала-шағасын қарау емес, сонымен бірге өзін дамытуы керек. Өзін-өзі дамытып отырған әйел оның сауаты да жан-жақты болады. Ол сексуалдылық жағынан да алда болады. Бала тәрбиесінен де озық болады. Парасаты мен даналығы да болады. Күйеуіне де жақсы тіреу бола алады. Бұрын әжелеріміз қандай болған? Он баладан туса да, талаптары өте жоғары болған. Біздің қазіргі қоғамда «властная женщина» дегендер көбейіп кеткен. Ер азаматына ұрсып, әкіреңдеп «Сенің қолыңнан осы не келеді?!» деп ұрсып, айқайлап жататындары көп. Олардың бойында ер адам энергиясы көбейіп кеткен. Сондықтан ондай жерде ер адамның өзіне деген сенімі түсе береді. Әйел ерімен бәсекеге түседі де, өзінің мықтылығын көрсетеді. Егер әйелі жеңсе, ері басылады. Жеңе алмаса, ажырасып тынады немесе ері өзге әйелмен көңіл қосады. Себебі, оған өзінің ер азамат екенін мойындайтын нәзік жан керек. Кейбір жағдайда әйел адам бар көңілін баласына аударып, күйеуін ұмыт қалдырып жатады. «Шаршап тұрмын» деп, төсек қатынасына ауыр жұмыс ретінде қарайды. Сосын: «Сен көп ақша таппайсың. Көптен бері гүл сыйламадың. Сен сүйтпесің, сен бүйтпейсің» деген сияқты бір-біріне өкпе, реніш көбейеді. Ол проблемаларды психологиялық тұрғыдан біліп шешуге болады. Сондықтан әйел адамның өзінің нәзіктігін жоғалтпауы керек. Өзінің сүйкімділігін жоғалтпауы керек. Ол үшін өзіне қуаныш сыйлайтын, әйелдік энергетикасын арттыратын істермен көбірек айналысқаны дұрыс. Мысалы, тамақ істегенде әдемі музыка қойып қойыңыз. Ваннаға түскенде хош иісті заттарды қолданыңыз. Дене жаттығуларын жасаңыз. Ер азаматыңызға күні бойы күйбің тірлік арасында күтпеген жерден жылы сөз жазыңыз. Әдемілікке көп қараңыз. Әр нәрсенің эстетикалық жағына мән берген кезде, өзіңізді басқаша сезіне бастайсыз.
Сексуалды энергияның 3 жауы.
Ең біріншісі ол – әйел адамның өзін өзі, тәнін, жанын қабылдамауы. Екіншісі – психологиялық кедергілер (өкпе, реніш, көреалмаушылық, т.с.с.), үшіншісі – бір орнында тұрып қалуы немесе кері кетуі. Әйел адамның ішкі ағзасының өзі – өте үлкен күш. «Әйелдің мықтылығы оның әәлсіздігінде» дейді ғой. Сондай үлкен, ғаламат күш әйел адамда бар. Сондықтан өте нәзік әйелдің алдында мықты еркектің өзі әлсіз. Әйел адам өзінің әйел екенін қабылдаған кезде, өзінің бар болмыс-бітімін табиғи қалпында қабылдаған кезде ғана, оның сексуалды энергиясы артады. Екінші деп көрсеткен психологиялық кедергілер де оны энергиясына тосқауыл болады. Мысалы, күйеуіне өкпелі әйел өзінің оған деген жылуы арқылы берілетін энергиясын жояды. Негатив араласқан жерде, жағымды энергия болмайды. Сондықтан, әйел адам өзінің ойына, психологиялық жағдайына, аузынан шыққан сөзіне, әрекетіне мән беру керек. Үшінші деп айтқанымыз – деградация. Қазіргі кезде бір орнында тұрып қалған адамның өзі кері кетеді. Себебі, заман ағымы, ақпарат легі толассыз. Үлгеру мүмкін емес. Осы жылдамдықта өзіңнің жылдамдығыңмен білімге, сауаттылыққа, өмірді өзгертуге үздіксіз ұмтылған адам ғана алға жылжиды. Осы әрекеттердің өзі әйелге толассыз қуат береді. Әйел өзіне де, өзгеге де қызықты бола бастайды.
Бала кездегі тәрбие сексуалды өмірге қалай әсер етеді?
Әр баланың анасы да, әкесі де болуы керек. Кейбір ажырасып кеткен отбасында: «Сенің әкең жоқ», - деп айтып жатады. Ер бала өзінің әкесінің кім екенін біліп өсуі керек. Қыз бала әкесімен байланыста өсу керек. Өйткені, қыз бала үшін әке деген – өміріндегі алғашқы ер адам. Сол әкесіне қарап, ол өзіне болашақ күйеуін таңдайды. Қандай ер азаматқа тұрмысқа шығу керек екені, оған қандай талап қою керек екені сол кезден анықталады. Қыз балаларға 11-12 жастан етеккір келеді. Онығ қыры мен сырын да ашып айту керек. «Ұят болады, айтпаңдар» деуге болмайды. Ұлдарда да дауыс өзгереді, мұрт өседі. Осының бәрін балаға айтып отыру керек. Бала ұялмайтындай етіп дұрыс жеткізген абзал. Баланы біртіндеп ересек өмірге дайындау керек. Қыз балаға әкесі гүл сыйлап, нәзік екенін сезіндіріп, еркелетіп, өсіру керек. Құшақ пен еркеліктің жетіспеуі қыз баланың жеке өмірінде өте маңызды. Ата-ана тарапынан осындай жылу қыз баласына өзінің пәк гүл екенін сезіндіреді. Олар жеке өмірін көрсетпесе де, бір-біріне сыйластық жағынан, бір-біріне құрмет жағынан үлгі болу керек. Бұл үлкен жауапкершілік.
Әйелдердің көбінде қынап жолдары әлсіреген (күлгенде, жөтелгенде зәр шығарып қою). Күнделікті қандай қарапайым жаттығу жасауға болады?
Әйелдің қынап жолдары босанғаннан кейін әлсірейді. Әйел адам үнемі өзіне күтім жасау керек. Бізде ауыр затты көтеру, жиһазды жылжыта салу, азық-түлік тасу деген әдетке айналып кеткен. Әйел айналадағы адамдардан көмек сұрай білу керек. Босанғаннан әйелде қырық күнге дейін ағзасы әлсіз, жатыры қансырап тұрады. Қойдың етінде мырыш көп. Ол гемоглобинды тез көтеруге көмектеседі. Қалжа апарғанда қой етін соятыны сондықтан. «Аяғыңды жылы ұста, ауыр нәрсе көтерме» деп, бала қырқынан шыққанша әйелді де сорпалап, терлетіп, оған ерекше күтім жасаған. Ал қазір ше? Төрт-бес бала туғандардың көбінде осы проблема кездеседі. Бұл дұрыс күтім жасамағандықтан, нақтылы дәрігерге бармағандықтан. Емделсе, оны соңына жеткізбейді. Өз-өзімізге жауапкершілік алып, емді уақтылы жасап отырмасақ, аяғында ауруды қоздырып алуымыз әбден мүмкін. Тіпті, жатырды алып тастайтын жағдайға жетіп жатады. Ал күнделікті жасауға болатын жаттығу ретінде Кегель жаттығуын ұсынамын. Бұл жаттығу шалқадан жатып істеледі. Алдымен жамбас қуысының түбіндегі бұлшықетті қысып, 5 секунд ұстап тұрамыз. Сосын ақырындап соңына дейін босатамыз да, дәл осы күйде 5 секунд ұстаймыз. Дәл осы әрекетті 10 рет қайталау керек. Бұл жаттығу күніне үш рет жасалуы тиіс.
Статистика бойынша әйелдердің 80%-ы төсекте ләззат (оргазм) алмайды екен. Бұл жерде жауапкершілік кімде? Әйел өзі кінәлі ме әлде ер азаматы ма? Осындайда қайтпек керек?
Оргазм деген затты әйел адамы сезінбесе, ол әйел адамның өзіне де байланысты. Демек, ер адамына жеткізе алмады. Кейде ер адамы да айтып отыруы керек деп ойлаймын. Ол тәрбиеге байланысты болып қалады. Әйел адамның нәзіктігін ашып, әйел екенін сезіндіретін – ер адам. Әйел адам өзінің оргазмына өзі жауапты болуы керек. Оргазм сезінбеу деген опять же оның қынап жолдарына байланысты. Әлсіз болғанынан, оның бұлшық еттері әлсіз болғандықтан, ләәззат сезінбейді. Мүмкін ер азаматымен мүлде мәміледе жоқ. Ол туралы сөйлеспейді. Оны айтсам, ренжіп қалады деген сияқты «жертва» рөлінде жүріп, сандықтың түбінде қалдырады. Әрине, бұл дұрыс емес. Ол әйел адамның дамымауы, төмен деңгейде қалып қоюымен байланысты болады. Әйел адамның оргазм алуы жеке өзіне байланысты. «Сен маған ләззат сыйла» деп ер адамның мойнына жүктеп қою да дұрыс емес. Әйел адам өзінің тәнін жақсы білуі керек. Жыныстық қатынас кезінде денесін ғана емес, миын, ақылын босату керек. Тіпті болмаса, маманға қаралған жөн. Бұл жайында сексологтар ашып айтамыз. Өзінің нәзіктігін қалай білуге болады, өзінің эрогенді аймағы қандай болады, қалай ер адамына жеткізуге болады, қай уақытта қалай болған жақсы, төсек қатынасында қандай поза дұрыс, қалай шешуге болады, оның бәрін келіп, қысылмай, ұят болады деп отырмай, алдын ала алып келуге болады. Соның бәрін шешуге болады. Ең бастысы қынап әлсіреп кеткені үшін болуы мүмкін. Кейде құрғап тұрғандықтан да болады. Яғни, либидо жоқ. Либидо бөлінбесе, жатырында ақау бар. Мұның барлығы бір-біріне жалғасып кете береді. Сондықтан қысылмай сексологқа барған дұрыс.
Сексуалды энергия қаржылай табысқа әсер етеді деп жатады. Сіз осыған не дейсіз?
Сексуалды энергияны біз қалай сезіне аламыз? Біз екі қолымызды бір-біріне үйкесек, қол қызады. Демек қозғалыс бар. Қозғалыс бар жерде энергия да бар. Бұл негізінен өмір энергиясы. Адам қозғалыста болса, онда ол алға жылжиды. Ал алға ұмтылған кезде сексуалды энергия да болады. Ол күшейеді, тоқтамайды, толастамайды. Сондықтан сексуалды энергияны өмір энергиясы деп атайды. Бұл энергия әркімде әртүрлі болып келеді. Әркімде әртүрлі вибрацияда, әртүрлі деңгейді. Төмен вибрация дегеніміз психологияға қатысты. Мысалы, өмірге өкпелі, үнемі негатив айтып, проблемадан шыға алмай жүрген әйел психологқа бару керек. Ол төменгі вибрацияда, ол ешкімге энергия бере алмайды. Өзінде де жоқ. Мұндай әйелді ер адам қаласа, бұл адамға мұндай әйел жан тыныштығы мен қанағат бере алмайды. Егер бұл әйел өзінен күш тауып, өз-өзімен жұмыс істесе, әлбетте ол жоғары вибрацияға өтеді. Ол берекелі, тартымды, қылықты әйелге айналады. Қай жерде жүрсе де, айналасына адамдар араша жиналады. Жылы сөз көп естиді, кез келген адам үшін қызықты әйелге айналады. Ішті пыстырмайды. Ойнақы, қылықты, тәтті. Мұндай әйелдің жанында болу үшін ер азамат та барын беруге дайын. Себебі, одан өте көп энергия алады. Толысады. Сенімділігі артады. Көп адам сексуалдылықты арттыру үшін қысқа көйлек кию керек, ерінді үлкейту керек деп ойлайды. Жоқ, сексуалдылық ол – адамның ішкі күйі. Оны қолдан жасау мүмкін емес. Оны әйелдің жүрісінен, сөзінен, ерке қылығынан аңғаруға боладцы. Сондықтан барлық әйелдерге сондай деңгейде берекелі, қылықты, тәтті болуды тілеймін. Егер сізді ер азаматыңыз таңдап алса, демек сіздің бойыңызда оған берер қуат бар. Сол қуатты толтыру, толастатпау өз қолыңызда. Өмірге деген өкпені қойып, сол энергияны басқа арнаға бұрыңыз. Бастысы, бас энергияны аша білейік, ашыла білейік.
Айзада ханым, пайдалы сұқбатыңызға рақмет!
Сіздерге сәл де болса пайдасы тисе, қуаныштымын! Сенім білдіргендеріңізге рақмет!
Сұқбаттасқан – Эльмира Жүнісова