Картинка
Новости

Жақсылыққа жанықұмар жұлдыздар

1 500 000 теңгені Мақпал Исабекова еш ойланбастан науқас баланың еміне жұмсады. Бірақ, бұл ақша оның тойдан тапқан нәпақасы да,кинодан түскен гонорары да емес. 1 000 000-нан астам оқырманы бар алғашқы инстаграм парақшасын әнші 1 500 000теңгеге сатқан. Және түскен қаржыны direct-ке келген хаттардың ішіндегі бір науқас баланың еміне жұмсаған.

Жария садақа жасап, жұмсақ орын иелеріне үлгі көрсеткендердің бірі - ең  депутат, актер Асылхан Төлепов. Ол өзінің үйлену тойында жастардың қыдырысын ұйымдастармай, оған кететін шығынды балалар үйіне жұмсады. Асыл дінімізді өмірлік бағыты ретінде ұстанған Әмина апайдың үйіндегі көзі жәутеңдеп ата-анасын күткен балалардың қуанышында шек болмады.

Тағы бір жақсылықты жиі жасайтын жұлдыз-Тәуекел Мүсілім. 2017 жылдың қыркүйек айында Қ.Сәтпаев атындағы ҚазҰТУ ректоры актер жігітке тегін оқу грантын ұсынған болатын. Алайда, жұмыс кестесі тығыз Тәуекел бұл мүмкіндікті Шынар есімді жағдайы төмен, оқу үлгерімі жақсы мұқтаж қарындасына сыйға беруді жөн көрген.

Мұнымен, оның жақсылықтары шектелмеді. Өткен аптада танымал жігіт жағдайы нашар отбасына азық-түлік, соңғы моделді ұялы телефон және қаржылай да көмек қолын созған болатын. Бұл туралы Тәуекелдің мәрттігіне куә болған Анаркүл апай редакторымызға қоңырау шалып, қуанышымен бөлісті. «Алдынан жүгіріп шыққан ұлым мен немеремнің әрқайсысына 5000 теңгеден ақшалай сыйлық, қызыма қымбат телефон, өзімізге пакет-пакет азық-түлік алып келді. Мұндай жақсылығын ешқашан ұмытпаймыз. Алла разы болсын. Мен сияқты үйде тілеуін тілеп отыратын анасының тәрбиесі деп білемін. Ол кісіге көп-көп рахмет. Бақытты болсын» деп алғысын білдірді ақжаулықты ана.

Иә, «жаңбырмен жер көгереді, батамен ел көгереді» демекші жақсылыққа жанықұмар жандардың бұл тек бастамасы ғана. Жуырда бір топ жұлдыздар бірігіп керемет инста-байқау өткізіп, мұқтаждарға қолұшын созбақшы. Олар кімдер, байқау қашан басталады? Бұл сұрақтарға уақыты келгенде Comode алғашқылардың бірі болып жауап беретін болады.