- Айтпақшы, ол өткен аптада үйленді!
- Рас па? Кімге үйленді? Тойы қалай өтті?
- Баласы бар әйелге үйленді. Мен ешқашан мұндай тәуекелге бармайтын едім.
Осындай әңгімеге куә болған соң, жалғызбасты аналардың тағдырын ойлап, уайымдай бастадым. Себебі, біздің қоғам үшін әйелдің басынан өткен оқиғасы маңызды емес. Айналамыздағы адамдар үшін ажырасса да, жесір қалса да - бастысы, ол - баласы бар, есік көрген әйел. Менің айналамда көптеген ажырасқан құрбыларым бар. Бірақ, тұрмысқа шығып, жаңа өмірге қадам басқандары некен-саяқ.
Арыстан
32 жаста, бойдақ
Өз басым дайын емеспін. Тіпті, ата - анам да бұл қадамды дұрыс түсінбейтін шығар. Олар өздерінің туған немерелерін иіскеп, еркелеткісі келеді. Ал, қаны бөлек бала ешқашан туғаныңдай болмайды. Және баласы бар әйелмен кездесу де, махаббат құру да қиын. Бұрын балалы бір әйелмен кездескен едім. Үнемі баласы туралы ойлап жүреді. Мейрамханаға барып, пастаға тапсырыс берсем: «ұлым сенімен оңай тіл табысады деп ойлаймын. Себебі, ол да итальян пастасын жақсы көреді» дейді. Мен оның баласына емес, өзіне ұнауды мақсат етемін. Осындай орынсыз салыстыру мен шектен тыс аналық махаббаттың кесірінен жолымыз екі бөлінді.
Даниль
27 жас, үйленген
Өзім де әкемін. Қызым басқа біреуді «әке» деп атағанын елестете алмаймын. Басқа түссе –көнбеске амал бар ма?! Егер тағдыр болса, баласы бар әйелге үйленетін шығармын. Әрине, теориялық тұрғыда айтып отырмын. Ал, іс – жүзінде қалай болатынын білмеймін. Ең бастысы, әйеліммен еріп келген бала мені «әке» деп мойындаса болғаны. Алайда, қаншалықты жақсы әке болатынымды өзім де білмеймін. Өте қиын сұрақ!
Руслан
22 жас, бойдақ
Үзілді-кесілді қарсымын. Мен ақылды әрі мейірімді, саналы әйелге үйленгім келеді. Маған отбасылық өмірде тәжірбиесі бар келіншектер керек емес. Олар үшін отбасы емес, басқа уақытша дүниелер маңызды. Кейбірі жеңіл жүрістің кесірінен сәбилі болып қалады. Кез-келген еркек үйленген кезде тек әйелін емес, отбасын асырап, бағуы керек. Ал, мен не үшін өзге біреудің баласын бағып, тәрбиелеу керекпін?! Шыны керек, ажырасқан әйелдердің басым көпшілігі уақыт өте келе ауқатты әрі бай болып кетеді. Себебі, олардың көңілдес еркектері көп. Бірақ, отбасын құрып, жаңа өмір бастауға ниетті азаматтар өте аз. Меніңше, барлық еркек адал «қызға» үйленуді армандайды.
Ержан
26 жаста, әйелінің қызын тәрбиелеп отырған жігіт
Шошудың қажеті жоқ. Әркімнің тағдыры мен сынағы әртүрлі. Одан бөлек болашақта бізді не күтіп тұрғанын да білмейміз. Шын ғашық болсаңыз – бала ешқандай да кедергі емес. Бастапқыда іштей қорқыныш болды. Әйелім 25-те, ал мен 22-жаста едім. Жас айырмашылығынан бөлек, алғашқы күйеуінен қызы болды. Мұның барлығын әулетім қалай қабылдайды деген уайым болды. Бірақ, анам Айсұлуды жақсы қабылдап, тез тіл табысып кетті. Тіпті, анамның бір ауыз сөзі маған жігер бергендей. Ол кісі: «балам, Әке – баланы дүниеге әкелуге себепші болған емес, өсірген адам. Сен ол үшін өгей емес, туған әкесіндей бола аласың» деген еді. Осы сөзді үнемі жадымда ұстап жүремін. Ешқашан қаны бөтен деп бөлген емеспін. Қазір Айсұлудың аяғы ауыр. Кішкентай батырды күтіп жүрміз. Аман – есен дүниеге келуін тілеп қойыңыздар.
Юрий
36 жас, қызы бар әйелге үйленген
Мен əйеліммен танысқан кезде ол Алена есімді жаңа туған сəбиі бар тұрмыстағы келіншек еді. Күндердің күнінде біз үйленеміз деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірген емес. Бірнеше жылдан кейін қайта кездестік. Ол кезде əйелім ажырасып кетіпті. Көп ұзамай екеуміздің де сезіміз шынайы болып, отбасын құрдық. Бірінші күйеуі өзге мемлекетке көшіп кеткен. Сондықтан, Алена мені биологиялық əкесімен салыстырмайды. Атымды атаса да, сыпайы əрі мені құрметтейді. Бүгінде əйелім екеуміздің арамызда бір ұлымыз бар. Бақытты отбасының бірегейіміз.
Ринат
26 жас, бойдақ
Барлығы тікелей балаға байланысты. Ер адамды қалай қабылдайды, қаншалықты бағына алады? Бұл - өте маңызды. Мен де өзге еркектер сияқты бөтен баланы бағып-өсіргім келмейді. Алайда, шын ғашық болып қалсам - жүрекке əмір жүрмейді ғой!! Əрине, ажырасқан əйелдің бəрін жеңіл жүрісті немесе ақымақ санауға болмайды. Менің əпкем де ажырасты. Себебі, оның күйеуі жиі қол көтеретін. Болашақта əпкем мен бауырымды жақсы қабылдап, ерекше сыйлап, сүйетін азамат кездеседі деп сенемін. Себебі, барлық əйел бақытты болуға жаралған.
Қызықты ақпарат
Қазақстандықтардың басым көпшілігі баласы бар әйелге үйленуге қарсы. Тіпті, 30 жасқа дейінгі азаматтардың әрбір үшіншісі балалы болып, әке жауапкершілігін арқалауға дайын емес. Әрбір бесінші еркек небәрі екі баласының болғанын қалайды. Ал, әрбір екінші азамат бұрын тұрмыста болған, баласы бар әйелден бас тартады екен.