Картинка
Новости

Тоқтар мен Бейбіт төртінші сәбилерін күтіп жүр

Астанада өткен «Ән мен әнші» концертінен кейін жұлдызды жұп фотосурет жүктеді. Бұл естелік суретінің астына оқырмандары құттықтау тілектерін лег-легімен жазды.

«Бейбіттің аяғы ауыр сияқты. Қызды болса екен, өзі сияқты салмақты, салихалы, әдепті қыз әкелсін дүниеге», «үш ұлдан соң қызды болуға тілекшімін», «аман-есен босанып алыңыз» деген жылы лебіздердің санында шек жоқ.

Ал, бұл жаңалыққа қатысты Тоқтар мырза былай деп жауап берді: «Оқырманның жылы тілектерін оқыған сайын көңілім рахаттанады. Жаман пікір жазушының ішінде де тоқырау мен дағдарыс болғаны ғой. Өзгеге жамандық тілеу арқылы өзімізге жамандық шақыратынымызды ұмытпайық. Ал, қуанышты жаңалық болған кезде міндетті түрде сүйінші сұраймыз. Ұл болсын, қыз болсын – АЛЛАНЫҢ адамға берген сыйы ғой. Ең бастысы, өмірге дені сау, ақыл-есі дұрыс, иманды ұрпақ келсе болғаны».

Тоқтар мен Бейбіттің қазір үш ұлы бар. Тұңғыштарының есімі – Беколжас. Әженің баласынан кейінге өмірге Әлинұр мен Сағинұр есімді егіздер келді.

«Мен балаларымның болашақта өнер адамы болғанын қаламаймын. Себебі, бұл - өте ауыр жол. Беколжас ержетіп қалды. Әнші боламын деп талпынбайды. Әрине, қанмен келген қабылеті бар. Бірақ, тұңғышымның бойынан кішкентай Тоқтарды көремін. Мен бала кезімнен атқа, малға, кең далаға жақын болдым. Беколжаста атбегілікті, аңшылықты жақсы көреді. Үнемі аңға, тауға немесе атқа баратын кезде бірге алып жүремін. Қазақтың қымызы мен айраны, кең даласы мен таза ауасы баланың дамуына, отансүйгіштік қасиетінің артуына үлкен себеп болмақ», - дейді әнші әке.

Бірақ, Тоқтар өте жұмсақ әке екен. «Иә, бала тәрбиесімен толықтай Бейбіт айналысады. Ұл балалар болғандықтан, әкенің сөзі мен ақылы ауадай қажет қой. Үнемі білгенімді үйретіп, ісіммен көрсетіп жүруге тырысамын. Мен - жұмсақ әкемін. Ұрыса алмаймын. Барлық тыйымдар мен  тоқтауларды Бейбіт жасап отырады. Мен балалардың еркіндікте өскенін қалаймын. Бізден бұрын өткен ата-бабаларымыз:«Балаңды бес жасқа дейін патшаңдай күт, бес жастан он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса, он бес жастан асқасын досыңдай сырлас» деп бекер айтпаса керек», - деп ағынан жарылды жұлдызды отағасы.