Біздің отбасымыздың тамақтану әдісі өте қарапайым. Асып бара жатқан ештеңе жоқ. Мен жақсы көретін тамақтар жеңіл-желпі тамақтар: палау, картоп, орама нан. Ауыр тамақтарды және сорпаларды онша ұнатпайтынмын. Әлі күнге дейін жақсы көрмеймін. Анам үнемі мен жақсы көретін тамақтарды дайындайтын. Кәдімгідей мейрамханада отырғандай "не жейсің" деп сұрап, таңдаған тағамыңды дайындап беретін.
Әрбір қазақ отбасы сияқты, біздің шаңырақта да әкеміз дастарханға бірінші болып отырады. Әкеміз отырмай біз отырмаймыз, әкеміз тұрмай біз тұрмаймыз. Міндетті түрде ол кісі ас қайырғаннан кейін дастарханнан тұрамыз. Әкеміз кешігіп жатқан жағдайда, оған хабарласып, рұқсатын алып дастарханға жайғасамыз.
Бала кезімнен бастап анам менің туған күніме арнап жаңа тамақ ойлап шығарып, оның атын "Нұржантай" деп қоятын. Негізінен ол салаттар болатын. Бірақ өте дәмді! Және қайталанбайды. Анамның қолы өте тәтті негізі. Оны біздің дастарханнан дәм татқан кез-келген адам дәлелдей алады.
Біздің отбасымыздың мерекелік дастарханында 3-4 түрлі салат, 3-4 түрлі тіскебасар, екі негізгі тағам болады - біреуі ас, екіншісі балық болуы мүмкін, немесе сорпа, қуырдақ. Одан басқа анамның тәтті тағамдары. Анам десерттерге өте жақын. Интернеттен түрлі рецепт тауып, тәтті тағамдарды пісіріп қояды. Анамның дастарханы мол. Кейде қасық пен шанышқы қоятын орын таппай қаламыз. Ал күнделікті шай дастарханында міндетті түрде сүзбе, айран, құрт, кәмпит тұрады.
Мен мектеп кезінде ас үйге жақын болатынмын. Әке-шешем күні бойы жұмыста болғандықтан, кешкі тамақты әзірлеу менің мойынымда болған. Өте дәмді болды деп айта алмаймын, бірақ анама мен дайындаған тағамдар қатты ұнайтын.
Мен қазір диетаға отырғандықтан, жеңіл тағамдарға көштім: балық еті, тауық еті, сүзбе, сүт, салаттар, т.б. Үнемі түсірілім алаңында немесе жолда жүргендіктен өнер адамдарына негізі фаст-фуд ыңғайлы. Бірақ мен фаст-фудты мүлде жемеймін.
Қазақтарда асқа байланысты салт-дәстүрлер көп. Солардың ішінде менің ұнататыным - асату деген керемет дәстүр. Ең сыйлы, мәртебелі адамның алдына бас қойғанда ол кісі басты мүшелеп, дастархан басындағы адамдарға таратады. Кішкентай кезімде сол сәтті асыға күтіп отыратынбыз. Бастың мүшелерін бергенде жай бермей "көзің көреген болсын, көреген болғанда тек жақсылықты көретін болсын; құлағың жақсылықты еститін болсын; миың көп болсын, көп болғанда отаныңа, еліңе, жұртыңа пайда әкелетіндей болсын" деп беретін. Менің ойымша, бұл қазақтың ең керемет дәстүрлерінің бірі.