Картинка
Красота

Сұлулық саласындағы сұраныстағы 5 қызмет

40 жас – әйел адамның күш-қайраты тасып тұратын ерекше кезең болғанымен, дәл осы жастан бастап оның терісінде үлкен өзгерістер басталады. Терінің серпімділігіне жауап беретін эстроген мөлшері азайып, коллаген мен эластин синтезі баяулайды. Салдарынан өңі солып, терідегі қартаю процесі жылдамдайды. Осының барлығы мимикалық әжім пен қара дақтардың пайда болуына, мұрын мен ерін айналасының төмен түсуіне, мойын мен қол терісінің жұмсарып, солуына алып алып келеді. Алайда заманауи косметология бүгінде әйел терісін қалыпты жағдайда ұстап тұруға көмектесетін біршама қызметтерді ұсынып отыр. Олардың ішінде аппаратты косметология кеңінен қолданысқа ие болды. Бүгін нәзік жандылардың жанды жерін жазуға көмектесіп отырған басты бес қызметті қарастырамыз. 

Сонымен, бүгінде бетке арналған үздік аппаратты шараға жататындар ішінен RF лифтинг, SMAS лифтинг, миостимуляция, электропорация, микротокты терапияны атауға болады. Жеке-жеке қарастырып, ара жігін ажыратып көрейік. 

RFлифтинг дегеніміз – эпидермистің (беткі қабаттың) астындағы тереңдегі тері қабаттарына (дерма мен гиподермаға) әсер ететін радиотолқынды әдіске негізделген терапия. Бұл кезде радиотолқындар маңдай, самай, мұрын мен ерін аймағы, иек асты сияқты терінің тез солатын, тез майланатын проблемалық аймақтарына нүктелі түрде әсер етеді. Лифтингтің бұл түрі тек бет терісіне ғана емес, адамның іші мен санына да көмегі бар. Сонымен қатар, бүкіл денеге 

SMAS – салыстырмалы түрде алғанда жаңа технология. Ағылшын тілінен аударып, тарқатқанда «төменгі бұлшықетті-апонерозды қабат», яғни, беттің қаңқасын түзетін бұлшықет дегенді білдіреді. Пластикалық хирург бетке ота жасаған кезде, ол пациенттің бетінің қаңқасымен жұмыс істейді. SMAS-аппарат та тура солай қаңқаның бұлшықетіне ультрадыбыспен әсер етеді. Стандартты косметологиялық аппараттық шаралар (мысалы, лазерлі) терінің тек беткі қабатына ғана жетіп, тереңдегі қабаттары сол күйі қалады. Бірақ дәл осы бұлшықет қаңқасы бет-әлпеттің қалпын сақтауға, иек пен мойынның босап кетпеуіне, мұрын мен ерін тұсындағы бөліктің салбырамауына жауап береді.  SMAS-лифтингтің көмегімен ультрадыбыстық импульстар терінің терең бөлігіне өтіп, оның жинақталуына көмектеседі. 

Миостимуляцияның миолифтинг деп те атайды. Беттің мимикалық бұлшықетіне арналған қосымша жаттығу деуге де болады. Миостимулятор аппаратымен жасалатын бұл әдіс кезінде ток импульстары бұлшықет тіндеріне әсер етіп, олардың жиырылып, тонусқа келуіне көмектеседі. Бұл аппарат генератор мен электродтардан тұрады. Терапия кезінде бұлшықеттің барлық талшықтарына әсер етеді. Себебі, импульстар кезекпен қарама-қарсы бұлшықеттерге әсер ете алады.  Нәтижесінде, беттің пішіні өзгереді, тіндерде қанайналым реттеліп, май бездерінің белсенділігі артады, зат алмасу үдерісі қалыпқа келеді, тері астындағы артық сұйықтық шығарылады, терінің серпімділігі артып, әжімдер азаяды. 

Электропорация эпидермистің терең қабатына белсенді заттар молекулаларын енгізуге негізделген.  Бұл молекулалардың көлемі 40кДа-ға жетіп, тіпті кейде одан асуы мүмкін. Косметологияда электропорацияны трансдермальды жеткізуші ретінде қолданады. Көбіне инесіз мезотерапия, аквафорез деп атайды. Бұл шара беттің өңі кетіп, жұмсақ тіндері солып, мимикалық әжім көбейе бастаған кезде тиімді. Сонымен қатар целлюлитке қарсы да жиі қолданылады. Басты артықшылықтары: мойын мен бет тіндеріне кешенді түрде әсер етеді, тері қабатын зақымдамайды, жасушалардың метоболизмін арттырып, қанайналымды күшейтеді, өте жақсы ылғалдандырады. 

Микротокты терапия – жасушалы мембрана деңгейінде әсер ететін әдіс. Сондықтан микроток бұлшықет талшықтарын көзге көрінетіндей өзгерте алмайды, тек жасуша деңгейінде ғана әсер етеді. Микроток импульстары эпидермиске, дермаға, тері астындағы майлы жасұныққа, қантамырларға, бұлшықетке жұмсақ түрде тиімді әсер ертіп, жаңа коллаген және эластин талшықтарының синтезіне жағдай жасайды. Қолданылатын аймаққа лимфодренажды, детоксикациялық, ісінуге қарсы, метаболизмдік, лифтингтік әсер береді. 

Аппаратты косметология көптеген проблеманы шешкенімен, оның қарсы көрсетілімдері де жоқ емес. Мысалы, емізулі баласы бар немесе жүкті әйелдерге жасауға болмайды, денсаулығында ісік, қант диабеті, жүрек ақауы, экзема, эпилепсия, атеросклероз сияқты дерті және металл импланты бар адамдарға жасауға болмайтынын мамандар жиі айтады. Бірақ бұған қарамастан, аппаратты косметологияға жүгінетіндер саны барған сайын артып келеді. Көп жағдайда оның қарсы көрсетілімдері толық айтылмай жатады және баға жағынан да әркім өзіне ыңғайлы бағаны қою үрдісі де белең алуда. Кейбір әйел адам сұлулығы мен жастығын сақтап қалу үшін кез-келген ақшаны беруге дайын. Тіпті, бұл жолда денсаулығын құрбан ететіндер бар. Бұл косметологияның өте қарқынды дамуына септігін тигізді. 

Әйелдер арасында аппаратты косметологияға қатысты түрлі пікірлер бар. Бірі нәтижесі ұзаққа созылмайды десе, бірі оның пайдасы көп екенін алға тартады. Қалай дегенмен де, кез-келген терапияға көмек ретінде үйден де қосымша күтім жасау керек. Мысалы, қосымша жаттығулар жасау арқылы бет-әлпетті қалыпта ұстау қазір сәнге айналды. Сонымен қатар, қазір үйде қолдануға болатын косметологиялық гаждеттердің түрлері де көбейді. Олардың ішінде электропорация, миостимуляция, микротокпен жасайтындары да бар. Тіпті, кейбір аппараттарда SMAS-лифтинг әсері де бар. Осылайша үйде отырып алып, терінің ерте қартаюына қарсы шараларды жасай беруге болады. Әсері маманға барғандай болмаса да, уақыт пен ақша шығынын есептегенде, тиімдірек. Алайда, мұндай аппараттарды алғанда міндетті түрде маманнан кеңес алып, пайдалану талаптарын дұрыс сақтаған жөн. Себебі, терінің адам денсаулығына тікелей әсері бар. Денсаулыққа қатысы бар шаралардың барлығы тек кәсіби маманның бақылауымен, жіті зерттеліп, зерделеніп барып жасалғаны дұрыс. 

Эльмира Жүнісова