Картинка
Новости

Шулы Төреғали Төрәлі туралы сіз білмейтін 5 ақпарат

Фильмде ешқандай Q-Pop жарнамаладық. Тек аға буын мен бүгінгі жастардың талғамын бір-біріне айна іспеттес қарама-қарсы қойдық. Бәлкім, фильмді көрген көрермен неге Дәулеттің шашы  сары, қызыл, жасыл деп таңқалатын шығар. Есесіне, мұндай нәзік жігіттердің қаншалықты әлсіз әрі жарамсыз болатынын фильм барысында байқауға болады. Жалпы, бұл режиссердің идеясы мен көзқарасы болды.

Менің мамандығым кәсіби актер. Алайда, студенттік кез - айтыстағы жұлдызым жанған сәт. Сондықтан, Ғ.Мүсірепов атындағы Жастар мен жасөспірімдер театрынан шақырту келген кезде бас тарттым. Ол кезде театрдың үлкен мектеп екенін түсінбедім. Кейін актерлік қырымды шыңдайтын мүмкіндіктер де, уақыт та болмады. Айтыстан соң ән әлеміне қадам бастым. Бұл менің алғашқы рөлім. Алғашқы үш күн «сасқан үйрек артымен жүзеді» болды. Кейін достарым Ғалым мен Жанболаттың көмегімен бір легке түсіп алдым.

Актерлік құрамды мен таңдамадым. Жалпы түсірілім кезінде "біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы" демекші, тек өзімнің рөліммен басым қатып жүрді. Алайда, үш актер сценарий жазылып отырған кезде бірден таңдалды. Олар Дәулет, Ғазиз, Жанболат. Ең бастысы, әкем кастингтен өтпей қалды. Себебі, сценарий бойынша әкемнің шашы болмауы керек. Сондықтан, режиссер өзі таңдады. Ал, киноға түссе әкем бір кісідей ойнап, кейіпкерін жақсы аша алатын еді. Бір жағынан, ол кісінің продюсер ретінде басы қатып жүрді.

Төреғали Төрәлі деген есімді Жүрсін Ерман қойып берген. Айтыс жүргізіп отырған кезде қағазын араластырып, ретін жоғалтып алады. Сосын сахнаға мені шақырайын десе тегімді ұмытып қалып, әкемнің атын айта салады. Содан бері Төреғали Төрәлі болдым.

Мүшел жаста ең жақсы көретін қымбат затыңды сыйға беру ырым деп білемін. Дәл туған күнімде ырымдағаным есімде жоқ. Сондықтан, бәлкім жүрген жерім у-ушу болған шығар. Әрине, әзіл ғой. Алайда, қолымнан келгенше садақа жасап, жақсылықтың жаршысы болуға тырысып жүремін. Бірақ, өмірлік ұстанымым: "Оң қолым бергенді – сол қолым көрмесін".