Картинка
Советы

Әр қазақтың төрінде болуы керек 7 дүние

Қазір әр қазақтың қолында – смартфон, үйінде - теледидар. Әрине, бұл заманның талабы. Түсінеміз. Алайда, қазақилықтың нышаны ретінде ұлттық нақыштағы дүниелер де шаңырағымызда болуы қажет. Әйтпесе, бүгінгі балалар тақия мен орамалдың қадірін, домбыраның әуенін ұмытып, батыстың байлықтарына былығып бара жатқандай.

Тақия мен орамал

Бұл дүниелер тек жоғары сақталып тұрмауы керек. Жасы келген ақсақал тақиясын, кейуана орамалын тағып немере-шөбереге үлгі болғаны абзал. Қазақ тарихында тақия – даналықты, орамал – тазалықты насихаттайды.

Иə, заманның талабына ілесемін деп өз құндылықтарымызды ұмытып бара жатқанымыз жанға батады. Себебі, "бас киімді теппе - бағың қашады" деген ырымды ұстанған ұлтымыз үшін тақия мен орамалдың орны бөлек

Домбыра

«Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра». Өзге аспаптарға үні де ұқсамайтын ерекше аспап. Домбыра - қазақтардың музыкалық символы. Қос ішектен шыққан әуеннің әсерін сөзбен жеткізу әсте мүмкін емес.

Өткен жүз жылдықта ұлы халық композиторы Құрманғазымен бірге Дәулеткерей, Тәттімбет, Сейтек, Байсерке, Қазанғап секілді саңлақ күйшілер дүйім жұртты аузына қаратқан еді. Бұлар бармағынан бал тамған майталман домбырашы болуымен бірге нелер бір ғажап күй де шығарған шын мәніндегі өнер иелері-тін.

Қазақ даласының кеңдігін, халқымыздың адалдығы мен қонақжайлығын, еркіндік пен тыныштықты сөзсіз-ақ сезіндіре алатын аспапты бүгінгі жастар біледі-ау. Алайда, әттеген-айы, екінің бірі шерте алмайды. Тыңдай алмайды. Өйткені, бүгінгі жастардың санасы мен талғамы басқа бағыттағы әуендерге әуес.

Астау

Асқа талғаммен қарайтын қазекеңдердің ас мәзіріне кез-келген турист таңдай қағып кетеді. Ет, сүт, айран, қымыз, ірімшік, құрт пен майы, қазысы мен қартасының құрамы толған дәрумен. Атқа мініп, құнарлы ас ішкен қазақ бала санын көбейтуде әлем бойынша алдыңғы қатарда.

Иә, тағы да заманның талабына алданып қазақтың асын еуропалық асханаға ауыстырдық. Өкініштісі, бұрынғыдай көпбалалы отбасылар азайды. Бірі -қоғамдағы қымбатшылықты, өзгесі – экология, үшінші топ – құнарсыз астың кесірінен болған төмен иммунитетті кінәлайды.

Жарайды, бәрін айт та бірін айт. Еуропаға қанша еліктесек те, қанымыз ет пен сүттен бас тарта алмайды. Сондықтан, әр отбасында астау міндетті түрде болу керек. Қонағы келгенде ағаштан жасалған астауға етін толтырып қойып, күбісіне қымызын құйып, бауырсағын ұсынады. Бұл тек біздің ұлтымызға тән қонақжайлық пен кеңдік қой, шіркін!

Көрпе мен жастық

Бұл да әр қазақтың үйінде кездесетін құндылықтарымыздың бірі. Себебі, шіркін дархан халқымыз дөңгелек жер үстелді жағалап, жастығын жасқанып жатып, терлеп шай ішкенді жақсы көреді. Ал, ол кезде астындағы мамықтай жұмсақ көрпешелердің берер ләззаты бір бөлек әңгіме.

Қазіргі дамыған заманда небір көздің жауын алатын көрпешелерді кездестіруге болады. Алайда, қазақ тарихында жайлауға көшкен келіндер мен ақжаулықта аналар өздері тіккен.

Мата қиындыларын қиюластырып, тұмарша, сегіз жапырақ, ромб және неше түрлі қазақи нақыштағы оюлардан , өрнектерден құралған. Ежелден қонақжай қазақ халқы төрін қонаққа арналған “қасиетті орын” санаған. Ерте кезде баласы өліп, тоқтамаған үй “тіл-көзден аман болсын” деген ырыммен қырық Құрақ құрап, баласын соған ораған. Құрақ көрпенің арасына мақта және қойдың, түйенің жүнін салып немесе қазіргі кезде жасанды мақта синтепон салып, сырып тігеді.

Сандық

Қыз ұзатқан кезде қазақ жасауын бірге береді. Жасаудың ішінде жаңа өмірге қадам басқан келіншекке керек ыдыс-аяқ, көрпе-жастық, киім-кешек т.б. болады. Сол жасаудың бөлінбес бір бөлшегіне айналған дүние – сандық.

Біздің қоғамда күнделікті өмірде ешкім сандықты сатып алмайды. Қазіргі заманның талабына сай әдемі шкафтар мен сөрелер сәнде. Алайда, әр қазақтың шаңырағынан сандықты көре аласыздар. Бұл сандықтар - сол үйдегі келіншектің немесе ақжаулықты ананың артынан келген жасауы.

Көп кезде отанасы сандықты ата-анасының көзі, төркінінің белгісі ретінде сақтайды. Тіпті, «сандықтың үстіне отыруға болмайды», «тебуге тыйым салынған» деген секілді жүре-келе шығарылған ырымдары да бар.

Қазақ шеберлерінің қолынан шығатын сандықтар қайың, қара тал секілді ағаштардан жасалады. Сыртынан сәндік үшін арнайы темірден немесе мыстан ою-өрнек жапсырады. Ішіне киім-кешек, алтын-күмістерін сақтауға қолайлы. Десе де, бүгінде сандық – әжелердің қазынасы тығылған ең қымбат жиһаз.

Бесік

Бесік — нәрестені бөлеуге арналған ағаш төсек. Оны қарағай, қайыңнан, көбіне талдан иіп жасайды. Бесік баланың тазалығына өте қолайлы, өйткені арнайы орнатылатын түбек пен шүмек бала дәретін жайылдырмайды. Түбектің түбіне күл салып, жиі-жиі ауыстырып отырады. Шүмекті қойдың асық жілігінен жасайды, кейде айрықша аппақ болуы үшін сүтке қайнатып алады.

Қазақтың ұлттық салт-дәстүрі, алтын қазынасына кейбір жас келіндер үзілді – кесілді қарсы. Алайда, медициналық тұрғыдан да ғылымдар бесіктің зияны мен кемшілігін таппаған. Бесіктегі баланың аяғы, кеудесі қатты байланатындықтан, оның қан айналу жүйесіне керісінше әсер етеді. Сондықтан баланы бесіктен жиі босатып, қол-аяғын қозғап, арнайы жаттығулар жасайды. Бесікпен қоса құс төсек, жастық, жөргек, қолбау, тізебау, тізе жастық, бесік көрпе даярланады.

Бесікке де қатысты көптеген ырым-тыйымдар бар. Бесіктің бетін ашып кетуге болмайды.  Бос бесікті тербеу де жамандықтың нышаны екен. Және жас жұбайларға бесік сыйламайды. Тек жас келін аман-есен босанған соң ғана бесікті әкеліп,отпен аластап, тазалап, сәбиді бөлеп, бесік жырын айтады.

Самаурын

Самаурын– суды отынмен немесе электр қуатымен қайнатуға арналған ыдыс. Қазақтар отынмен қайнатылатын Самаурынды пайдаланған. Су құйылатын резервуардың ішіне металл түтік орнатылады. Отын сонда жанады.

Бұл қазақтың ұлттық дүниесі болмаса да, бір бөлшегі іспеттес. 19 ғ.бастап күнделікті қолданысқа ие болған самаурынның шайы ерекше болады. Ал, шай ішпесе басы ауыратын әр қазақ бұл ерекшелікті жақсы біледі. Сондықтан, реті келсе далада самаурынның шайын рахаттанып терлеп ішуді мақсат етеді.