Картинка
Воспитание

Неліктен балаға сену керек?

Мейірім мен жылу көрмеген бала тасбауыр болып өседі деп жатады. Тура осы сияқты жақындарынан сенімді сезінбегеннің де салдары салмақты екені рас. Неге? Талдап көрейік. 

Баланың ет жақыны – оның ата-анасы. Ол қорғаныс пен қолдауды ең алдымен ата-анасынан күтеді. Балаға деген сенім қарапайым дүниелерден басталады. Мысалы, өздігінен тамақ ішкісі келгенде, «қазір төгесің» немесе көмектескісі келгенде «жағаласпашы» деудің өзі оның сағын сындырып, бетін қайтарып тастайды. 

Баланың болмысы сондай – ол үнемі айналасынан қолдау күтеді, өзінің дұрыс әрекет етіп жатқанына көз жеткізгісі келіп, мақтау естігісі келеді. Егер сол күткен сөзін естімесе, қолдау таппаса, көңілі жабырқайды. Бұл жылдар өте келе өзіне деген сенімсіздікті тудырады. 

Бұл жерде баланы бір жетістігіне ғана мақтау дегеннен аулақ болу керек. Себебі, ата-анасынан тек белгілі бір әрекеті үшін ғана мақтау естіп үйренген балалардың психологиясында жағымпаздық қасиетін дамытып алу қаупі бар. Яғни, өзіне емес, өзгеге ұнауға тырысу басымырақ болады. Керісінше, қанша тырысса да, ең үздік оқушы болса да, ең мықты спортсмен болса да, ата-анасынан жылы сөз естімей, әр жетістігін қалыпты деп қабылдаған кезде, балада жалтақтық пайда болады. Ол өзінің ерекшелігін, даралығын біледі, бірақ оған оны ешкім айтпайды. Сенімін нығайтпайды. Осылайша оның көңіліне күдік қонады. Өзіне сенімсіз, жұрттың сөзінен қорқатындардың жан-дүниесінде осындай жара болуы мүмкін. 

Түпкі ең негізгі сенім бала бір жасқа толғанша қалыптасып қояды. Бұл сенім баланың анасымен, оның бейнесімен немесе анасының орнындағы жанның бейнесімен тікелей байланысты. Бір жасқа дейін бала  толықтай сене алатын адамсыз өмір сүре алмайды. Дәл осы түпкі сенім шартсыз махаббатпен тікелей байланысады. Шартсыз махаббат – баланы бір әрекеті немесе бір жетістігі үшін емес, бар болмысымен дәл осы қалпында жақсы көру. Осындай шартсыз махаббаттың жетіспеуі мен сенімнің жоқтығы адам баласына қатты әсер етеді. Оның өзіне деген сенімі төмен болғанымен қоймай, айналасына, әлемге сенбейді. 

Сенімді көп адам еркінсітумен шатастырады. Әрине, балаға бәріне рұқсат беріп, сендім деп отыра берсең, оны уысыңнан шығарып алу да қиын емес. Мұндай жағдайда оны қадағалай алмай қалу қаупі бар. Қадағаламас үшін, бала өзінің шегін білу керек. Бұл ата-ана тарапынан біртіндеп түсіндірілуі тиіс. Мысалы, егер ата-анасы баланың жанжалдарына араласып, балалардың ортасына түсе берсе, бала өз әрекетінің салдарын түсінбей, жауапкершілікті ата-анасына артып қоюы мүмкін. Сондықтан сенім білдіре отырып, ақырындап өз проблемасын өзі шешуіне ықпалдасу керек.

Өкінішке қарай, бала есейіп келе жатқан кезде, ересектер онымен сөйлесуге уақыт таба бермейді. Оның үстіне балаға орындалмайтын уәделер де жиі беріліп жатады. Бұл баланың санасында сенімсіздік тудыратыны айдан анық. Сонымен қатар, баланы жай ғана ұрып жіберудің өзі оның жүрегін қатты жаралайтынын білеміз. Балаға үнемі жекіп сөйлеу, оның ойымен санаспау біртіндеп баланы тұйық етеді. Ал баланы өтірік айтуға итермелейтін қателіктің бірі – баланы жазалау. Міне, осындай бірқатар себептер баланың ата-анаға деген сенімін жояды. Мұның барлығы ата-ананың балаға деген сенімінің жоқтығынан, өзін тәрбиелей алмай отырғандығынан баланың психикасын бұзып отырғаны. 

Балаға сенім білдіруді неден бастау керек?  

1.    Баламен көбірек сөйлесуден. Бала мектептен келгенде: «Сабақ қалай өтті? Не істедің? Қандай баға алдың?» деген сияқты іс-әрекетін бағалайтын сұрақтар қоямыз. Баланың ішкі сезімін, оның көңіліндегі дүниені ашуға көп тырыспаймыз. Дұрысы «Бүгінгі сабақта саған не ұнады? Несімен ерекше болды?» деп, оның ішкі жан-дүниесін қозғаған мәселелерді білгеніміз жөн. Сонда бала ашыла түседі, сонда баланың ата-анасына деген сенімі нығаяды. 

2.    Эмоционалдық тұрақтылықтан. Балаға айқай салу оңай, бірақ оның салдары ауыр. Есесіне, салмақты түрде байыппен түсіндіру қиындау болғанымен, оның берері мол. Баланың алдында да қателігіңді мойындап, кешірім сұрай алу маңызды. 

3.    Шынайылықтан. Ата-ана өз сезімі айта білуі керек. Реніші болса, соны жеткізгені, қуанышы, махаббаты болса, соны да шынайы айтқаны дұрыс. Ата-анасынан шынайылық көрмеген бала шынайы бола алмасы анық. Бала күтпеген жерде оған деген ыстық сезіміңізді жеткізіңіз. Қатты қысып құшақтаңыз, құшырлана сүйіңіз.

4.    Баланы бар болмысымен қабылдаудан. Ол қандай болса да ата-анасы бәрібір жақсы көретінін білуі керек. Киімін кірлетсін, үйді шашып тастасын, нашар оқысын, жақындары үшін дара екенін сезінгенде ғана, ата-анасына толықтай сенім білдіре алады.

5.    Баланың сезімін, оның ой-пікірін құрметтеуден. Оның намысына тиетін сөздер айтып, оған ұнамайтын лақап ат қою психикасына кері әсерін тигізуі мүмкін. Оны мейлінше ыңғайсыз жағдайға қалдырмауға тырысыңыз. Достары мен бөтен адамдардың алдында ескерту жасаудан аулақ болыңыз. Сондықтан оның көзінше оның іс-әрекетін бөтен адамдарға айтып, сөз етпеңіз. 

6.    Балаға қоятын талапты азайтудан. Сабағын жақсы оқуды, спортта жетістікке жетуді, өнерде алда болуды талап ету немесе өзіне ұнамайтын үйірмеге қатыстыру баланың сағын сындырып, ата-анасына іштей қарсылығын өсіреді. Баланы не қызықтырады, нені жаны қалайды, сол жағына да көбірек мән берген дұрыс. 

7.    Балаға оның нақты шекарасын көрсетуден. Өзінің іс-әрекетінде еркіндіктің шегін нақты білетін балаға кез-келген істе оңайырақ. Ол өзіне не істеу керек, не істемеу керек екенін жақсы біледі. Сондықтан екі ойлы болмайды, дұрыс істедім бе, жоқ па деген күдікті оймен қиналмайды. Ата-ана тарапынан дұрыс қойылған шекара баланың оларға деген сенімін арттырары анық. 

8.    Кішкентай кезінен бастап баланы үй шаруасына баулып, отбасылық шешімдерді қабылдауға қатыстырудан. Ол осылайша өзін отбасының бір мүшесі екенін сезінеді. Оның әр әрекетін қолдап, мейлінше көбірек мақтау керек. Ет жақындарының сенімі оның өзіне деген сенімін арттырып, өмірде аяғынан нық тұрып кетуіне көмегі зор. 

Сенім – адамдар арасындағы ашық, жағымды қарым-қатынас. Адам екінші бір адамға сенген кезде, оның адалдығы мен пейілінің дұрыстығына сенімді. Ата-ана баласын қауіптен қорғау үшін, толық қадағалағысы келеді. Мысалы, баласының телефонын ақтаруы мүмкін, ізінен аңдуы мүмкін. Соның салдарынан баланың сенімін жоғалтып алып жатады. Қадағалау шектен шықпас үшін, арада сенімді қарым-қатынас болу керек. Жасөспірімдермен оңай емес. Дегенмен, тілін тауып, барынша қолдау көрсетуге дайын екеніңізді білсе, олар да ашыла түсетіні анық. Баланы қорғау деген оны тұншықтыру деген сөз емес. Оған еркін тыныстауына мүмкіндік бере отырып, ақпаратты өзінен ала отырып, қадағалау дұрыс. Сенім сынып кететін жұқа шыны сияқты. Сондықтан психикасы әлі қалыптасып үлгермеген баланың сеніміне қаяу түсіріп алмайық! 

Эльмира Жүнісова