Матрас таңдағанда сатушының кеңесіне жүгінбей ақ қойыңыз. Өйткені ол матраста сіз ғана жатып демалатын болған соң өзіңізге ыңғайлысын таңдаған дұрыс . Сонымен матрасты арнайы дүкеннен барып таңдаңыз. Ол дүкенде матрастың үстіне жатып, отырып көруге болса тіптен жақсы.
Сатып аларда матрастың көлеміне, қанша салмақ көтеретіні қанша жылға дейін пайдалануға болатынын мән беріңіз.
Көлемі
Матрас көлемі оның үстінде неше адам ұйықтайтынына байланысты. Матрас адам бойынан 15 см ұзын болуы тиіс. Қалыпты матрастың ұзындығы 180–200 см, ал ені 90 - 200 см болады. Көңіліңіз кеңдікті қаласа бұл көлемді өзгертіп, 110х190, 130х200 немесе 145х200 см-ге. де тапсырыс беруіңізге болады.
Матрастың орташа тығыздығы
Адамдар көбіне матрастың қатты болғанын қалайды. Мамандар денесі толық әрі салмағы үлкен адамдарға тығыз әрі қатты матрас алуға кеңес береді. Ал, арық немесе бойшаңдар жұмсақтауын таңдауы қажет. Шалқасынан жатып ұйықтағанды ұнататын адамдар үшін қатты матрас, ал, бүйірлеп аунап жататындарға жұмсақ таңдау жасаған абзал.
Жоғары сапа
Матрастың сапасын анықтау үшін оның ішіне салынған серіппелерді санап шығыңыз. Жақсы, сапалы тауардың бір шаршы метрінде кем дегенде 375 серіппе болады. Ал аса қымбат модельдерде яғни, адам пішінін айнытпай кескіндейтін матрастардың бір шаршы метрінде 1000- ға жуық серіппе бар. Сондықтан қалтаңызға қарай көсілеіз.
Матрас сізге ұзақ қызмет етсін десеңіз оны жылына 4 рет аударып тұрыңыз. Өйткені матрастың орта тұсындағы серіппелер басылып қалады.
Балаларға матрастың үстінде секіруге рұқсат етпеңіз. Секіргеннен матрас тез тозады.
Матрас қандай материалдан тігіледі?
• Меморикс – ұйқыға жатқан адамның дене пішінін дәлме дәл қайталап беру қасиетіне ие. Әсіресе, бел омыртқаға өте ыңғайлы болып келеді. Бұл табиғи латекске қарағанда жұмсақтау.
• Табиғи латекс – өте жұмсақ, созылмалы, резеңкелік қасиеттері басым мата.
• Кокос талшықтары – өте қатты табиғи өнім. Ауа өткізгіш қасиеті бар. Дегенмен қызмет ету ұзақтығы аз. Толық адамдарға мұндай матрас лайық емес, өйткені біраз уақыттан соң кокос талшықтары үгітіледі.
Жоғарғы қабаты
Қап - матрастың ыңғайлы етеді. Әрі оны ұзақ уақыт бойы пайдалануға көмектеседі. Матрас қаптары артық ылғалдан, шаңнан, кірлеп кетуден сақтайды. Қалаған уақытта қаптарды шешіп жуып тұруыңызға болады.
Матрас қабына назар салыңыз. Жатын орынның жұмсақ немесе тым қатты болуына сіз таңдаған қап себеп болуы мүмкін. Сол үшін ортопедиялық қап таңдаңыз. Есте сақтаңыз: матрастың қабы да жасанды латекс, кокос немесе меморикс сияқты бірнеше жұқа қабаттан тұрады.
Жылуды сақтап қалу қасиеті. Жыл мезгіліне қарамастан, матрастың бір беті жылуды жақсы сақтаса, екінші жағы керісінше суық тартады. Екі жақты матрас қаптары жыл мезгіліне және ауа температурасына сай лайықталып тігіледі. Қыста қой жүні қаптың бір бетіне тігілсе, екінші жағында жазда салқын тартқыш материалдар қолданылады.