Картинка
Новости

Блогер - 100 000 теңгеге жарнама жасап, сол ақшаға күн көру емес

@aina_doskyzy – Алматының тумасы. Инженер жүйе техник мамандығы бойынша білім алған. Дәл қазір пиар және маркетинг саласында жұмыс жасайды. Ол спортпен айналысқанды және ел аралағанды, кітап оқығанды жақсы көреді. Айна - үш баланың анасы. Сонымен қатар, өз ісінің білікті маманы. @aina_doskyzy деген парақшаға кіріп, #iloveswimming арқылы Айнаның жүзуді үйренудегі жетістіктерін, #iloverunning – жүгірудің қыр-сырын, #aina_books – Айна оқыған кітаптарды, #ainatravel арқылы ол барған елдер мен қалалар, ал бастысы,  #ажыраспа хэштегі арқылы отбасын сақтау және бақытқа жету қадамдары туралы пайдалы кеңестермен таныса аласыздар.

Айна Досмахамбетқызы

Блогер – мамандық та, мақсат та емес. Мен ешқашан осы саланы меңгеремін деп ойлаған жоқпын. Және өзімді күні бүгінге дейін мықты блогермін деп есептемеймін. Әлеуметтік желіде белсенділік танытқанымыз үшін бізді солай атап кетті. Блогер – өзінің жеке блогы бар адам. Осыдан бірнеше жыл бұрын блог жеке интернет платформа болатын. Мысалы, сайт сияқты. Менің ондай жеке блогым жоқ. Менің ғана емес, көптеген блогерлердің қазір жеке арнайы блогтары жоқ. Тек әлеуметтік желіде белсенді әрі өз көзқарастары мен пікірлерімізді ашық жаза білгендіктен солай атап кетті. Бірақ, бұл түпкі блогер деген ұғымға сәйкес келмейтін нәрсе. Бұл бағыттағы арнайы курстар біздің елімізде бар деп естімедім. Меніңше, блогерлікті  оқу мүмкін емес. Тек әлеуметтік желінің механикалары мен алгоритмдерін үйренуге болады. Ал, мықты блогер болып қалыптасу үшін жаныңызға жақын тақырыпты табу керек, анықтап білу керек. Одан бөлек оқыған, білімді әрі көреген адам болу керек. Кез-келген тақырыпқа орынсыз пікір жазу да желі қолданушысының дәрежесін анықтап береді.

Иә, қазақ тілді блогерлер аз. Өйткені, бұл сала біздің қоғамда енді дами бастады. Одан бөлек біздің тәрбиемізде «барлық адамдар сияқты бол. Өз ойыңды ашық айтпа. Ұят болады. Аузыңды жауып, тыныш жүр» деген стереотиптер қалыптасқан. Сондықтан, біз өз ойымызды ашық айтуға қорқақтаймыз. Көп адамдардың жеке пікірі жоқ. Бұдан бөлек, әлеуметтік желіде текст үлкен рөл атқарады. Сен текст арқылы, өз ойыңды дұрыс жеткізе алсаң, адамдар сені оқиды. Бірақ, текст жазу қиын. Ал, адамдарды қызықтыратын текст жазу одан да екі есе қиын. Бұл да қазақ тілді блогерлердің дамуына кедергі.

Мүмкін, тегін тамақтанып, ел аралайтын блогерлер бар шығар. Мүмкін, оқырманы көп жұлдыздар әр жарнамаға 100 000 теңге немесе одан да көп ақша алып, соған күн көретін шығар. Бірақ, мен ол қатардан емеспін. Ондайлардың қатарынан болғым келмейді. Мені блогер емес, өз саламның мықты маманы деп танығандарын қалаймын. Себебі, блогер - кәсіп немесе мамандық емес. Бес жылдан кейін олардың жоқ болып кетуі мүмкін. Немесе одан да мықты блогер пайда болады. Ал, сені ешкім іздеп, еске түсірмейді. Бұл тек уақытша қызығушылық. Сондықтан, мен күндіз-түні статистиканы қарап, оқырмандарымды санамаймын. Иә, кейде сыйлықтар келеді. Бірақ, ұяты бар блогер оны еселеп қайтаруға тырысады. Сондықтан, мен жарнама алмаймын. Алсам да ұзақ мерзімді жоба ретінде аламын. Олар маған қанша ақша жұмсаса, мен соны оларға ақтап беруге тырысамын. Меніңше, бұл – әділетті. Бірақ, мұндай ұзақ мерзімді келісім-шарттар әзірге болмады. Мен айтып отырған тізімге пресс-турлар кірмейді. Егер travel-блогер болсаңыз, тегін саяхаттауға мүмкіндігіңіз бар. Бірақ, 100% тегін емес. Олар тек жолыңызды және жататын жеріңізді төлейді. Ал, қалғанын өзіңіз төлейсіз. Бұл – шығын. Бұдан ешкім табыс тауып жатқан жоқ. Оны түсіну керек.

Менің SMM-ге байланысты, әлеуметтік желіде қалай жұмыс жасау керектігі туралы курсым бар. Ол екі бағытты қамтиды. Бірі – жеке парақшаны дамыту, ал екіншісі – бизнесті дамытуға арналған. Бірінші курсты оқып, жеке брендті дамыту арқылы блогер бола алады. Бірақ, блогер болудың өз талаптары бар. Біріншіден, шынайы болу керек. Екінші қағида, ойланып сөйлеп, ойланып жазу. Хайп ұстап, бәрін шала ойлап, сараптамай жазуға болмайды. Мен қандай жағдай болса да 2-3 күн өтпей ләм-мим демеймін. Себебі, оқиғаның ақ-қарасын анықтап алмай, артық қыламын деп тыртық қылудан сақтанамын. Үшіншіден, жауапкершілікті сезіну керек. Оқитын адамдардың арасында еліктейтін немесе жазбаңа сәйкес өмір сүретін адамдар болуы мүмкін. Төртіншіден, блогерлік ол жұмыс еместігін ұмытпау керек. Тұрақты жұмысың болу керек. Бесіншіден,  жақсы әрі позитивті, пайдалы нәрсе жазу керек.

@dinarabolat - кешегі Оралдың қызы - бүгінде Астананың тұрғыны. Асыл жар, аяулы ана Динара саяхатшы ретінде әлеуметтік желіде белсенділік танытуда. Айтпақшы, оның негізгі мамандығы – психолог. Кәсіби психолог ретінде қызмет жасап, блогер ретінде қалыптасқан Динара Болат қазір Қазақ радиосында «Радио саяхат» атты өзінің авторлық бағдарламасын жүргізеді. @dinarabolat парақшасында әдемі суреттер, қызықты сапарлар мен пайдалы мәліметтер көп. Мысалы, #Di_otbasy аты айтып тұрғандай Динараның жеке өмірі, отбасы туралы, #Di_traveller – саяхат, #Di_kogam – қоғамда болған оқиғалар мне жағдайларға қатысты пікірі, #Di_happywomen – бақытты әйел болуға қатысты Динараның ой-пікірлерін т.б. кездестіруге болады. Динараның өзге блогерлерден басты айырмашылығы – суретке түсіру шеберлігі мен әдемі фото-монтаж жасай білуі.

Динара Болат

Блогер дегеніміз белгілі бір бағытта арнайы жазбалар жазып, қоғамдағы жағдайларға өз пікірін қосып әлеуметтік желіге жариялайтын жан. Арнайы блогер боламын деп мақсат қойған емеспін. Барлығы өз ойымды, білгенімді көппен бөлісуден басталды. Бұл саланы меңгеру барысында арнайы курс оқып, білім алдым деп айта алмаймын.

Иә, келісемін қазақ тілді блогер аз. Себебі, көп мықты жазатындар танымалдық үшін, адам санын көбейту үшін орыс тілді аудиторияны да қамтығысы келіп түгел орысша жазып немесе арасында ғана қазақ тілде мәтін жазып жүр. Таза қазақ тілінде тұрақты жазып,  өз бағытынан айнымай келе жатқандар: Айгүл Орынбек, Нұрлан Жанай, Өркен Кенжебек, Марфуға Шапиян, Эльвира Ергалина т.б. мойындаймын.

Мен өзім жиһанкез (саяхатшы) блогермін. Алайда, әлі тегін ел аралап көрмеппін. Мүмкін болашақта болып қалар. Басқа блогерлер ұсақ-түйек жарнама жасап жатады. Бірақ, оларды сол жарнама арқылы күн көріп отыр деп айту қиын. Көп қыз-келіншек жарнама жасап кетті. Мұны блогерлік деп санауға келмейді. Ең өкініштісі керемет ойлар жазып жүрген қыз-келіншек қоймай жарнама жасап кеткенде оларды оқудан айнып қалады екенсің.

Дәл бір блогерлікті оқыту мақсатым жоқ. Алайда, фотоға дұрыс түсіру, телефонмен фото-өңдеу бойынша мастер-класс өткізу ниетім бар. Ал, нағыз блогерге өз бағытынан айнымау, шынайылық, сауаттылық, тұрақты жазу, оқырмандарымен кері байланыс орнату өте маңызды.

@orkeni - Жамбыл облысы, Талас ауданы, Ойық деген ауылдан шыққан қара баланың әр жазбасынан нағыз қазақилық пен ауылдың иісі сезіледі. Отыздың үшеуіне жақындаған Өркен қырыққа дейін блогер деген саланың қамалын алуды мақсат еткендей. Әрине, әзіл. Мақсаты мен арманын өзі айтады. Ал, біз @orkeni парақшасына шолу жасайық. Он жылдан астам уақыт журналистика саласында қызмет еткен жігіттің парақшасында жеке әлемі туралы көп біле алмайсыздар. Алайда, 2017 жылға берген есебінде Әсия есімді екінші қыздың әкесі атанғанын айтып, бір жылда 12 елді аралап, көрген мемлекеттер тізімінің 30 болғанын жазды. Қоғамда болған әр мәселеге ауқымды көзқарасы мен пікірін сауатты жеткізеді. Арнайы хэштег арқылы да көп мәлімет таппайсыз. Бірақ, парақшадағы әр жазбаны қалай кезек-кезек оқып, көп пайдалы мәлімет жинағаныңыз туралы байқамай да қаласыз. Қазір «Хабар» Агенттігінің интернет-дирекциясының шеф редакторы.

Өркен Кенжебек

Блогер дегенге қазір әркімнің дайындап жүрген жауабы бар. Негізі, ол белгілі бір блогтұғырдан орнын сайлап алып, бір тақырыпты індете жазуды машық қылған адам ғой... Бірақ, форматтар өзгеріп жатыр. Бұл қағидаға салсақ, қазір блогермін деп жүргендердің көбі оған сай келмей қалады. Мысалы, Қанат Әуесбай досымның блогтұғырда блогы болмаған ешқашан. Бірақ, қазір оны ешкім де блогер емессің де айта алмайды. Себебі, ол негізгі әлеуметтік желілерде аудиториясын жинап, көптеген құбылыстарға қатысты ой-пікірін тұрақты білдіріп отырады. Сондықтан, блогерді анықтаушы енді оның орны емес, позициясы... Қазақ тілінде блог бастауға болады екен дегенді білдірген Асхат Еркімбайдың семинарынан өттім. Алғаш рет Gmail-дан пошта ашып, Wordpress-тен блог бастаған күнім әлі есімде. 2010 жылғы мамырдың соңы еді. Оған дейін бір жылдай қинаған еді, оны түсінуге өреміз жетпепті)

Ал, қазақ тілді блогер санының аз болуының себебі көп. Біріншіден, 2012-2013 жылдары сол Wordpress бірнеше мәрте бұғатталып, оның бұтақтарында отырған 500-дей блогер жан-жаққа бытырап кеттік. Екіншіден, блогерлік арқылы танымал болып, табыс табуға болатынына түбегейлі сеніп, оны кәсіптей алып жүргені аз болды. Тұрақтылық жетіспеді көбімізге. Үшіншіден, блогерлік деген күнде діл мен тіл тақырыбын езе беру емес, жарнама салып, ақша табу, шетел көру де болу керек сияқты. Онсыз  блогер өз құлшынысы мен сенімінің батпағына бата беретіндей.. Ал бұл жағынан қазақ блогерлеріне назар сала қоятындай ірі компаниялардың пиаршыларының бәрі дерлік – орыстілді. Осылай да осылай кете береді... Десе де, қазақ тілінде ойын ашық, әрі жеткізіп жазатын, мен оқитын блогерлер аз емес. олар: Ерлан Оспан, Асқар Базарбай, Аягүл Мантай, Қанат Әуесбай, Нұрсерік Жолбарыс, Эльвира Ерғалина, Аршат Ораз, Нұрлан Жанай және т.б.

Ал, құр суретке түсіп, жарнама жасау сәнге айналған. Бірақ, бұлар блогер емес. Ол үшін ең басты сахна – интернет. Ал сіз айтып отырғандар - селебрити. Танымал адамдар. Олар әлеуметтік желі пайда болғанға дейін де танымал болған, ол бір күні жоғалып кетсе де сол күйлерінде қала береді. Әлеуметтік желі олардыңу бизнесі / атағы / шоуы үшін жай оттамызық. Нағыз блогерге керек қасиеттер мыналар: ақпараттың растығы. Басы алтын, құйрығы күміс болса да, пікірінің ұлттық һәм мемлекеттік мүддеге сай болуы. Кәсібилік. Кімге де болсын, жанашырлық.

«Блогерлер тегін тамақ ішеді, тегін саяхаттайды. Бұл рас па?» деген пікірді көбіне орыстілді блогерлерге бағыттаса, жарасады. Көбі болмаса да, біразы осылай. Ал қазақша жазатындардың дені – ашқұрсақ. Я жоғары курстың енді-енді қаламын ұштап жүрген студенттері, я мемлекеттік-тәуелсіз БАҚ-тағы журналистер, болмаса үй қызметіндегі белсенді қатындар – иә, негізі осылар. Біреуге қаржылық жағынан тәуелді болып тұрған блогердің өзі де жалтақ келеді емес пе?