Мейрамбек Беспаевтың сахнадағы еңбегіне биыл 30 жыл. Және ел еркесі 41 жасқа толды. Аталмыш қос атаулы мерекені әнші елмен бірге тойлап, жеке кеш өткізуді жөн көрген.
30 жылдық концертте отызға жуық ән айтылды. Кеш қонақтары ретінде Медеу Арынбаев, «Музарт», Мөлдір Әуелбекова, Мәдина Сәдуақасова, Райым Уайыс, Ұлықпан Жолдасов т.б.әріптестері бой көрсетті.
«Елге сәлем» деп аталатын кеште әнші жары Мархабаға арнап ән салды. Көпке көп көрсете бермейтін өмірлік жары мен ұл-қызы туралы видеоролик түсіріп, халыққа паш етті.
Кештен соң әнші өнердегі және өмірдегі достарының басын біріктіріп дастархан жайды. Тойға жиналған әріптестері әннен шашу шашып, бидің түбін түсірген. Ал, енді Беспаев туралы бес ақпарат пен фото-мұрағатқа назар салыңыздар.
1. Мейрамбек ата-әжесінің баласы болған. Оны дүниеге әкелген әкесі мен анасын ол аға-жеңгесіндей қабылдаған.
2. Мейрамбек бала кезінен сурет салуға бейім. Егер әнші болмаса, керемет суретші болар ма еді?!
3. Мейрамбек Беспаев үш фильмде басты рөлді сомдады. Алғаш рет бозбала шағында «Қоштасқым келмейді» деген фильмде өзінің актерлік шеберлігін сынаған. Фильмдегі ғашығы бүгінгі таңда танымал режиссер Ақан Сатаевтың жары. Одан соң Баян Мақсатқызы басшылық еткен «Ғашық жүрек» және «Ғашық жүрек-2» фильмінде басты рөлді сомдады.
4. Хоббиі – кептер өсіру. Бұған дейін 50-ге жуық кептер өсірген әншінің қазір 12 кептері ғана бар.
5. Алтынмен апталып, күміспен қапталған домбыраны әнші ұнатпайды. «Бозторғай» деп ән салған алғашқы домбырасын Мейрамбек Беспаев жоғалтып алған.