Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылдың жетінші қарашасында актер Асылхан дүркіретіп той жасап, шаңырақ көтерген еді. Аталмыш қуаныш үстінде жас депутаттың ағасы Артур сүйіктісіне үйлену туралы тізерлеп тұрып ұсыныс жасады. Ғашығы да қарсылық танытпай, келісім берді.
Ал, араға сегіз ай салып Төлеповтердің тұңғышы қалыңдығын қолына қондыру үшін Қарағандыға жол тартты. Әдемі ұзату той 20-маусым күні өтті. 23-қараша күні дүниеге келген жас келіннің есімі – Мәдина. Оның өнерге еш қатысы жоқ.
Қос ғашық кезекті той-домалақта танысқан. Артурдың жақын досы анасына мерейтой жасайды. Бұл шараға актер жігіт өзінің анасымен бірге барған. Аталмыш мейрамхананың әдемі әрі көркем мінезді администратор қызы бойдақ жігіттің көзіне бірден түседі. Тіпті, үлкен Төлепов болашақ жарын алғашқы сөйлескен сәттен-ақ таныған. Небәрі жиырма минуттың ішінде Мәдина туралы өзіне керек барлық ақпаратты біліп үлгерген. Ал, кештің соңында анасымен таныстырады. Әрине, ол кезде Салтанат ханым сүйкімді арудың болашақ келіні екенін сезбеген де екен.
Көп қыздың арманы болған Артурды Мәдина қарапайымдылығымен, пысықтығымен баурап алған. Таныстықтың арасына жыл салмастан ғашықтар үлкен өмірге қол ұстасып, қадам жасауға бел буды.
Алматы технология университетін биыл бітірген жас келін оқуда үздік екен. Алайда, қызыл дипломмен қанжығасын майлауға бір ұпай жетпей қалыпты. Есесіне, келіндік өмірдегі қызметін мінсіз "беске" атқарады деп сенеміз.
Айтпақшы, Қарағанды да өткен ұзату тойға актердің өнердегі достары ортақтаса алмаған. Бірақ, Алматыда өтетін үйлену той өнер адамдары жиналған нағыз "жұлдызды той" болады деп күтілуде. Ал, ол күннің де ауылы алыста емес, осы жаз маусымының ішінде екен.