Картинка
Новости

Қайрат Нұртас: "Бәріне менің гонорарым қызық"

Қайрат, сұхбат беру үшін қанша гонорар сұрайсыз?

Мәссаған, ақша сұрасам сіздің сұрақтарыңызға жауап беруге келіспейтін едім ғой.

Яғни, өтірік, өсек әңгіме болды ғой?

Шынымды айтсам, соңғы кездері осындай ақпаратты көп естіп кеттім. Бірақ, менің немесе анамның, болмаса жанымдағы көмекшілердің аузынан мұндай сөз шықты дегенге сенбеймін. Иә, көп кезде сұхбаттарға бармаймын. Себебі, менің уақытым тығыз. Үнемі жолда, гастрольдік сапарларда жүремін.

Қазір Жұлдызбен бірге гастрольдік сапарда жүрсіз. Қиын емес пе?

Маған ешқандай да қиын емес. Жұлдыздың кейде жолдан шаршап, қиналатын кездері болады. Бірақ, халықтың ілтипаты, қошыметі өзіне ұнайды.

Он жыл бойы Жұлдыз туралы жақ ашпау оңай болмаған шығар?

Ол – рас. Жуырда біреу «осыншама уақыт үйленгенбедім деп айтуға қалай аузың барды» деп инста-парақшама жазыпты. Мен ешқашан «үйленбедім, бойдақпын» деп айтқан емеспін. «Жеке өмірім құпия» деп қысқа жауап беретінмін. Себебі, халық менің өнерімді бағаласа дедім. Ал, жеке өмір расында да жеке болуы керек.

Ендеше, он жылдан кейін неге жарыңызды халыққа көрсеттіңіз?

Өйткені, ол да кәсіби актриса. Бұл саланы оқыды. Он жыл менің отбасымның ұйытқысы болып, шырағымды сөндірмей отырды. Енді оның да өнерін шыңдайтын уақыт келген сияқты.

Жұлдызға киноға түсуге ұсыныстар толассыз келуде шығар. Сіз рұқсат етесіз бе?

«Әйелін қызғанбаған еркек жәннатқа кірмейді» деген сөз бар. Мен шынымды айтсам, басқа режиссерлердің туындысына түсуге рұқсат беремін бе, бермеймін бе білмеймін. Сүйген жарым, отбасымның шырағы болғандықтан қызғанамын. Бәлкім, өзім түсіретін фильмдерге ғана түсуге рұқсат беретін шығармын. Мүмкін, Жұлдызға арнап арнайы сценарий жазып, кино түсіретін шығармыз.

Ал, ұл-қыздарыңызды да халыққа көрсету үшін арнайы фильм түсіресіз бе?

Ол – уақыттың еншісінде. Кешіріңізші, мені сахнаға шақырып жатыр екен. Басқа жолы қалған сұрақтарыңызға асықпай жауап берейін.

P.S.: Иә, осылайша жаңа жылдық концерттің сахнасына асыққан феномен әншімен қысқаша сұраққа жауап алып үлгердік. Ең бастысы, сұхбаттасу үшін ел шулағандай гонорар төлеудің еш қажеті болмады.