Өзім өскен отбасында ерекше бір тамақтану дәстүрі болды деп айта алмаймын. Әдеттегідей, таңертең тұрғаннан кейін таңғы асымызды ішеміз. Одан кейін түскі ас, кешкі ас. Бәрі де ел қатарлы.
Ал отбасылық мерекелік дастарханда міндетті түрде ас, не болмаса палау болады. Салаттың түр-түрін жасаймын. Ерекше, адамдарды таң қалдыратын салаттарды дайындауға тырысамын. Бірақ қаншама салат жасасам да, "овощной нарезка" міндетті түрде меркелік дастарханнан өз орнын табады! Ол күнделікті дастарханның да жиі қонағы, тіпті. Қазір ойланып қарасам, бала кезімде қонақ келсе винегрет, оливье ғана жасайтынмыз. Ол кезде осы салаттардан басқасын білмейтін едік.
Ал күнделікті дастархан ірімшік, бал, тәтті тіскебасарлардан тұрады. Тамақтардан түрлі сорпалар, жеңіл тамақтар, бұқтырылған көкөністер, тауық етінен жасалатын тағамдар, т.б.
Тамақ пісіруді анамнан үйрендім. Анам тамақты дәмді дайындайды. Мен оның дайындайтын тамақтарының ішінен кеспе көжесін ерекше жақсы көремін. Кеспені үнемі қолымен жасайды, өзі жайып, турайды. Одан басқа анам күрішті де өте дәмді дайындайды. Палау емес, ерекше бір күріш тағамдары. Құрамына көкөністер қосылады. Одан басқа шелпек, бауырсақты дайындауда алдына жан салмайды. Мен бойдақ кезімде ондай қамыр өнімдерін сирек дайындағанмен, тұрмыс құрғанда жиі әзірлейтін болдым.
Анам маған тамақты ысырап қылмауды үйретті. Тамақ дайындау барысында қалған нәрселерді міндетті түрде басқа тамаққа қосамын, пайдаға жаратып жатамын. Өз басым ас үйге жақынмын. Интернет аман болсын, барлық тамақтың дайындалу тәсілін табуға болады. Тамақ былай тұрсын, ыдысқа да көп көңіл аударамын. Әр тағам өз ыдысында тұрғанын қалайымын. Әр қазақ отбасы сияқты, біздің шаңырақта да асты бастайтын отағасы. Бұл жақсы әдет деп білемін.
Түсірілім алаңында "ананы жемеймін, мынаны жеймін" деп айта алмайсың. Әкелген тамақты жейміз. Ол көбінесе асханалық тамақтар: қуырылған котлет, тауық, ет, күріш, картоп, т.б. Қолыңа қайсысы тиеді, соны жейсің. Біз оны "кинокорм" деп атаймыз.
Мен бірнеше мемлекеттерде болдым. Әдетте демалыс бабымен баратындықтан, ол мемлекеттердің көбісі мұхит, теңіз жағалауындағы елдер. Солардың тағамдарының ішінен теңіз өнімдерін ұнатамын. Еуропа тағамдарына келетін болсақ, Италия тағамдары өте қатты ұнайды. Май, ірімшік, дәмді пісірілген нандары - бәрінің ерекше керемет дәмі бар.