Райхан Қорған
стилист
Стиль - қатып қалған қағида немесе заңдылық емес. Бір-біріне үйлестіре білу. Киіну тәртібі мен үйлесімділігі сіздің баратын ортаңыз бен отырысыңызға тікелей байланысты. Мысалы, жігітіңіздің ата-анасымен танысатын кезде басқаша, дүкенге мүлдем өзгеше, ал сахнаға тіпті басқа бағытта киіну керек. Ең бастысы, әр образға сай әшекей бұйымдар мен аксессуарларды дұрыс таңдау маңызды. Біздің шоу-бизнесте өте әдемі әрі үйлесімді киінетін арулар көп. Тек кейде қазақша киінетін болса барлық әшекей: сырға, сақина, білезік, шашбау секілді бәрін тағып алады. Одан бөлек үстіндегі киімдерінің де жылтырақтары көп болады. Сол кезде қарным ашып кетеді. Бәрі бірдей талғамы жоқ немесе киіне алмайды деп айта алмаймын. Керісінше, көргенде көз сүйсініп, көңіл тоятындай стилді әншілер өте көп.
Кәмшат Жолдыбаева
Бұл – сахналық образ. Ешқандай артықшылық пен кемшілікті байқап тұрған жоқпын. Әрине, «ойбай, ұят-ай» дейтіндер бар шығар?! Себебі, бір көзге менталитетке жат көрінуі мүмкін. Бірақ, шоу-бизнес шоу жасауға арналған орта екенін ұмытпау керек. Сахна – ол жаңалықтар мен жаңашылдықтарды жақсы көреді. Бұл ашық түсті, ерекше, барлық назарды өзіне аударатын киім нағыз шоу-бизнеске арналған. Әрине, мұндай киімді Камшат күнделікті өмірде немесе тойларға кимесі анық. Маған ерекше ұнады.
Үстіндегі халаты керемет екен. Мен мұны басқа қарапайым киімдермен киіп, көп назарды осы халатқа аударуға тырысар едім. Бұл жердегі үш түс өзара жарасып, бәсекелесіп, сәнін кетіріп тұрғандай. Оның үстіне аяқ киімі де дұрыс таңдалмаған. Нәтижесінде үш әдемі киімнің ешбіріне де мән берілмей, үйлесімсіз болып қалды.
Алтынай Жорабаева
Меніңше, бұл көйлекті Алтынай ханымның атына сәйкес жасаған сияқты. Алайда, шектен тыс алтын түстес мата мен көп ұсақ-түйектер көйлектің сәнін кетіріп тұрғандай. Жеңі,гүлдер, алтын түстер өрнектер – барлығын бір көйлекке жапсыру тым артық. Одан бөлек алтын түстес матаның өзі Алтынай ханымды толық көрсетіп тұрғандай. Дәл осындай үлгідегі көйлекті тек басқа түспен және мынау артық гүлдерсіз, жеңсіз ұсынар едім.
Айдана Меденова
Ал, бұл образы ұнады. Үйлесімді. Әрине, анау кеудешенің қалтасын алып тастаса тіпті жарасымды болатын еді. Қазір сән әлемінде еркіндік пен шексіздіктің кезеңі ғой. Мына толқын етекті белдемшеге осындай спорттық аяқ киім киюге де болады. Одан бөлек биік өкшелі туфлимен де әдемі көрінеді.
Мәдина Сәдуақасова
Қызыл кілем үстінде жүріп өтуге арналған бұл көйлегі керемет жарасымды. Әрине, мен стилист көзімен Мәдинаны сексуалды, нәзік қылып көрсетуге ынтықпын. Алайда, ұятмэндердің сөзінен қорқып көп өнер адамдары тәуекелге барудан бас тартады.
Енді мынау «қар ханшасының» образына он деген баға беремін. Нағыз стилді, жаңашыл, жарасымды.
Айнұр Тұрсынбаева
Домбыра мен айтыстың символы Айнұрдың бұл көйлегі өте жарасымды. Түстері де байлықтың белгісі ретінде ашық әрі әдемі. Тек сөмкесі ғана сәйкес келмей тұр.
Байқап тұрсам, Айнұр Тұрсынбаева үлкен сөмкелерге ғашық-ау деймін. Бұл көйлекке кішкентай қолсөмкесін ұстаса нұр болар еді. Образ әдемі, үйлесімді.
Гүлнұр Оразымбетова
Жоооқ, бұл киімді Гүлнұр қалай таңдағанын білмеймін?! Мүлдем үйлеспейді. Бірінші түстері мүлдем жараспайды. Екіншіден, үсті мен асты екібөлек киім сияқты. Мысалы, үсті қысқа басқа көйлек сияқты. Соның үстінен ұзын белдемше кие салғанға ұқсап тұр. Мынау әдемі белдемшеге тура осы матадан тігілген бір иығы ашық кеудеше керемет жарасатын еді.
Мөлдір Әуелбекова
Бұл сахналық образ Мөлдірдің нәзіктігін әдемі көрсетіп тұр. Керемет жарасымды.
Күнделікті өмірге арналған бұл киімі де керемет. Талғамы жоғары әнші екенін байқауға болады. Мынау белдемшеге басқа емес, тура қара түсті таңдауы тапқырлық деп білемін. Сөмкесіне дейін үйлесімді.
Роза Әлқожа
Мынау образға мен екі деген баға берер едім. Артық дүниелер көп. Қазақта «артық қыламын деп – тыртық қылды» деген сөз бар. Соның күйін кешіп отыр. Құлағында сырға, көйлегі мен бас киімінде әшекейлер, жеңінде де ерекшелік – тым артық. Одан бөлек түстері де дұрыс таңдалмаған. Розаны толық әрі өзінің сұлулығын жоғалтып жіберіп тұр. Мен бұл образды өзгерту үшін бәрін лақтырып тастап, қайтадан басынан бастап жасайтын шығармын.
Мына көйлекте де артық дүниелер көп. Әсіресе, етегіндегі үшбұрышты мына аймақты неге қалдырғанын түсінбеймін. Бейне бір мата жетпей қалғандай көрініп тұр.