Картинка
Фитнес

Босанғаннан кейін дене сымбаттылығын қалай қалыпқа келтіруге болады?

Әр адамның дене сымбаттылығы бірнеше факторларға байланысты. Олардың ішініде генетика, тамақтану әдеті, гормондар және т.б. Бірақ, өзіңізге ұнамайтын денеңіз үшін генетиканы кінәлап жата беру дұрыс емес. Кез-келген денені қалыпқа келтіруге болады. Ол үшін дұрыс тамақтанып, дұрыс жаттығулар жасау керек. Бұл қандай жаттығулар?

Таңғы немесе кешкі жаттығулар

Ең жеңілінен бастағанды жөн көрдім. Әдетте, бала босанған әйелдің фитнес залға бару мүмкіндігі бола бермейд. Ондай мүмкіндік болғанның өзінде, фитнеске кететін уақытта үйде қалып, ұйықтап алған әлдеқайда артық емес пе? Сондықтан, ең дұрыс шешім - таңертең немесе кешке жеңіл жаттығуларды орындау. Бұл жерде екпінмен секіріп, штанга көтерудің қажеті жоқ, әрине. Мектептегі дене шынықтырудағы жаттығуларды еске түсірсеңіз де жеткілікті.

Йога

Йоганың бір жақсысы - оның түрлері көп: жүкті әйелдерге арналған йога, ерлерге арналған йога, қарт адамдарға арналған йога және т.б. Сондай-ақ, босанған әйелдерге арналған йога да бар. Йоганың бұл түрі ағзаны да, дене сымбаттылығын да босанғаннан кейін біртіндеп қалыпқа келтіруге бағытталған. Сонымен қатар, йогада жаттығу бітісімен медитацияға арналған уақыт беріледі. Ол сізге жүйке жүйеңізді  де қалыпқа келтіруге көмектеседі.

Пилатес

Пилатес йога сияқты арнайы спорт залын талап етпейтін фитнес түрі. Ол адамның баланс және координациясын жақсартып, босанған әйелдің іш бұлшықеттерін қалпына келтіруге көмектеседі. Пилатестің адамның жүйке жүйесіне, тыныс алуына, тамақ қорыту жүйесіне де тигізер әсері мол. Жаттығуларды сәтті орындау күшке емес, дұрыс тыныс алуға байланысты болғандықтан, фитнестің бұл түрі босанған әйелдерге да келеді.

Босанған әйелдерге арналған арнайы жаттығулар

Әлеуметтік желіде босанған әйелдерге арналған арнайы жаттығулар өте көп. Әсіресе, іш бұлшықеттерді қалыпқа келтіруге және арқа мен кеуде бұлшықкеттерін жаттықтыруға бағытталған жаттығуларға көңіл бөлген дұрыс.

Босанғаннан кейін қандай фитнес түрін таңдасаңыз да бірнеше ережелерді білген абзал:

  • табиғи түрмен босанған әйелдер жаттығуларды 1-2 аптадан кейін бастаса, ота жасау арқылы босанған әйелдер 2-2,5 айдан кейін ғана бастағандары дұрыс;
  • жаттығуларды баяу, асықпай, күш салмай орындаған абзал. Себебі, екпінді жаттығулар кезінде ағзада бөлінетін сүт қышқылы баланың еметін сүтін ащы қылуы мүмкін;
  • жаттығу жасау барысында өзіңіздің денеңіз жіберетін сигналдарды тыңдаңыз. Денеңізді қинамаңыз;
  • Кез-келген жаттығуларды бастамас бұрын, дәрігермен немесе білікті фитнес маманымен ақылдасқан жөн.