Картинка
Новости

Қазақстандық шоу-бизнестегі ең бай 10 жұлдыз

Forbes журналы қазақстандық шоу-бизнестегі ең бай 10 жұлдыздың рейтингісін жасады.

Еліміздің ең бай жұлдыздарын атайтын болсақ, бірінші орында жылдық табысы 800 мың доллармен "МузАрт" тобы тұр. Топ мүшелерінің бірі Мейрамбек Беспаев 2011 жылы "Жұлдызға арналған коктейль-2" фильміне түсіп, нарық қатысушыларының пікірінше, осы жылдың ең қымбат әртістерінің қатарында болды. Оның біркүндік қаламақысы 7 мың долларды құрады.

Екінші орында 720 мың АҚШ доллар табысымен танымал қазақстандық әнші және композитор Батырхан Шүкенов тұр. Оның шығармашылығы 1982 жылы "Арай" тобында басталды. Б.Шүкенов топтың саксофонисті болды.

Үшінші орын өткен жылы 700 мың доллар ақша тапқан жастардың "Наша KZаша" бағдарламасына берілді.

Продюсер, жүргізуші Баян Есентаева да "Наша KZаша" бағдарламасымен бірдей 700 мың доллар тапқанымен, жастар бағдарламасын Yandex-те көп іздейтін болғандықтан (78 995 рет) Есентаева (40417 рет) төртінші орынға ысырылды.

"Кеш you" тобының продюсері Б.Есентаева, сарапшылардың бағалауы бойынша "Жұлдызға арналған коктейль" фильмінен 350 мың АҚШ доллар тапты. "Жұлдызға арналған коктейль-2" прокатқа шыққан алғашқы күні 5 млн. теңге жинады.

Forbes-тың пайымдауынша, ғаламдық Топ-100 селебрити рейтингіне кіретіндердің тапқан ақшаларын қосқанда жалпы сомасы 4,5 млрд АҚШ долларын құрайды. Бұдан қазақстандық нарық өте кішкентай әрі төлемге қабілетсіз деген түйін жасауға болады.

Бесінші орында  370 мың долларлық табысымен Дильназ Ахмадиева тұр. 

350 мың долларлық табысымен жастардан қалыспай келе жатқан Қазақстан эстрадасының қаймағы, Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева алтыншы орында тұр.

Қалталарын 300 мың долларға қалыңдатқан FM тобы мен Мәдина Сәдуақасова жетінші орынға таласып тұр. Бірақ жұлдыздардың Yandex-тегі танымалдылығына жүгінетін болсақ, М.Сәдуақасова туралы ақпарат іздеген 70 395 адам оны сұлу қыздардан құралған топтың алдына шығарды. FM тобын Yandex-те 32 071 рет іздеген.

Тоғызыншы орын 250 мың доллар табыс тапқан әнші Мақпал Исабековаға берілді. Оның жұлдызды карьерасы SuperStar KZ жобасына қатысқаннан кейін басталды. 

Қазақстанның ең бай жұлдыздарының ондығын жылына табатын 95 мың доллар табысымен Әсел Сағатова тұйықтады. Сағатова Ell Caffe Mio итальяндық кофеханасының иелерінің бірі. Қазақстанның киноиндустриясында ең қымбат әртістердің бірі саналады. Әсел түсіру алаңында өткізген әр күні үшін 2 мыңнан 5 мың долларға дейін қаламақы алады.