Жұлдызды кіндік шешелер мен оларға жүктелетін жауапкершілік

#Звездные семьи

Сәби дүниеге келгенде өзгеше қуанатын халқымыздың бала өскенше жасалатын жөн – жоралғылары көп. Және әрқайсының мағынасы тереңде. Олардың бірі де бірегейі кіндік шеше таңдау. Алайда, бұл дәстүр заманның ағымымен біраз өзгеріске ұшыраған. Comode бүгін кіндік шешенің кім екендігі және қандай қызмет атқаратындығы туралы сіз естімеген ақпараттарды ұсынады.

1. Көпшілік «кіндік шеше» мен «өкіл ананың» қызметі бір деп санайды. Алайда, бұл үлкен қателік. Өкіл ананы – бір сәбиде болса, өзгесіне таңдалмаған болуы мүмкін. Ал, кіндік шеше – барлық перзентте болады. Ол – бала дүниеге келген кезде кіндігін кесіп анасынан ажыратып алатын «ақ қолды ана».

2. Ырымшыл қазақ сәбидің кіндігін кім кессе, соған ұқсайды деп санаған. Сондықтан да, кіндік кесу мәртебесіне тек беделі бар, ақжарқын, мінезі жайсаң, қолы жеңіл, жолы ашық аналар таңдалған. Бұл екінің біріне бұйыра бермейтін бақыт. Тіпті, кейде кіндік кесу жолы менікі деп таласатын да аналар болады.

3. Кіндік кескен апасы баланы қырқынан шыққанша көмектесіп, әр жетістігіне ата – анасымен бірге қуанып бөліседі. Баласының әр үлкен – кіші жеңісі мен қадамдарына арнайы сыйлықтарын да беріп, ілтипат көрсетеді. Бұл ретте әрине, сөзсіз баланың туған әке – шешесі де кіндік шешеге төрден орын беріліп, бағалы кәдесін сыйлайды.

4. Қазақта тағы бір кіндік шешенің түрі бар. Ол – екі жас үйленетін кезде кіндік шеше болуды қалап, сұрап алатын әйелдер. Мұндай «кіндік шеше» мәртебесін алу үшін екі жасты арнайы қонаққа шақырып, дастарханнан дәм татқызып, өз ниетін білдіреді. Осыдан кейін екі жақтың қарым-қатынасы жиілеп, сыйластығы артады. Және жас келіннің жүкті кезіндегі жауапкершілік толықтай кіндік шешеге жүктеледі.  Бүгінгі қоғамда Жамбыл облысының кей өңірлерінде ер бала үйленетін кезде кіндік шешені өзі таңдайды. Осылайша, тойдың жауапкершілігі мен жүгі екі ата – анасына теңдей бөлінеді.

5. Салт – дәстүрге берік ұлтымызда «кіндік әке» деген ұғым болмаған. Себебі, айы – күні жеткен әйел бөлек киіз үйге көшіріліп, арнайы күтімде болады. Бұл үйге тек ең жақын ақжаулықты аналар мен асыл жеңгелері кіре алған. Ал, жүкті әйелдің босанғанға дейінгі, және одан кейінгі қырық күндік күтімі - толықтай енесі мен кіндік шешенің міндеті. Босану процесіне ешқашан еркектер қатыспаған. Десе де, заманның ағымы мен өзгерісіне орай бүгінгі таңда күйеуі әйелімен бірге перзентхана барып, серіктес бола алады. Және бірінші болып ұрпағын көріп, кіндігін де кесу мүмкіндігі бар.

6. Қазір «кіндік әке – шеше» сөз тіркесі бірге қолданылады. Себебі, кіндік шеше ретінде баланың кіндігін кеспесе де, сыйластық пен қарым – қатынасты арттыру мақсатында ата – ананың таңдауымен бір отбасы тағайындалады. Олардың міндеті – перзентханадан салтанатты түрде шығарып алу және есейгенше әр қуанышын бірге бөлісу.

7. «Кіндік шешені» таңдауға қазақ өнерінің майталмандары да ерекше мән береді. Ендеше, жұлдызды «кіндік шешелерге» шолу жасап өтейік.

Димаш Құдайбергеновтің кіндік әке – шешесі танымал сазгер Ұлықпан Жолдасов пен Айғаным ханым. Димаштың ата – анасы Қанат пен Света өнерде де, өмірде де адал достары, кәсібилігі жоғары, аққөңіл отбасын арнайы таңдаған. Тіпті, Алматыға ат басын бұрған кезде Димаштың бірінші баратын шаңырағы Жолдасовтар әулеті. Шетелде ел намысын қорғап жүрген кіндік балаларының әр жетістігін жұлдызды кіндік әке – шеше де ерекше мақтан тұтып, бағыт – бағдар беруден шаршаған емес.

Мақпал Жүнісова да Сиви Махмудидің кенже қызының кіндік шешесі. Перзентханада бірге болып, кіндігін кеспесе де, қазақтың ерке қызы кіндік қызын ерекше жақсы көреді. Әр қуанышында бірге болып, бөліседі. Тіпті, тұсаукесер рәсіміне де арнайы барған – ды. Жүнісова ханымды Махмудидің немесері өзі таңдап, ұсыныс жасаған. Бала кезінен Мәкеңнің әнімен өскен Сиви тек өнерде емес, өмірде де сыйластық пен жақындықтарының артуын мақсат етіпті.

Сазгер Бауыржан Есебаевтың да өнерде жүрген кіндік баласы бар. Хиттерді шулатып жазып, кейін жоқ болған «Жебе» тобының экс – мүшесі Көркем Сейсенбек  Жамбыл облысының тумасы. Аталмыш өңірдің салты бойынша үйленетін кезінде сері өзінің кіндік шешесін таңдады. Өнерге келген кезде бірінші болып қолдау көрсетіп, әр қадамына ақыл айтып, жол сілтеген Бауыржан ағасымен туыстық қатынасты жалғастыру мақсатында сол үйдегі жеңгесін таңдаған. Есебаевтар әулеті мұндай ұсынысты қуана қабылдағандарын жасырмайды.

Ерлан мен Баянның қос ұлының да кіндігін батыр әкенің өзі кескен. Отағасы жан – жары мен болашақ ізбасарларын қиындықта жалғыз қалдыра алмаған. Сондықтан, перзентханаға бірге барып, өзі серіктес болып, тіпті, ұлдарының кіндігін де кескен.

Арман мен Аша да кіндік шешеге ерекше мән берген. Кіндік әке болмайтынын ескерген Аша Асылымға қос кіндік шеше тағайындаған. Оның бірі дизайнер Әсем Нұрсейтова болса, екінші отандық әшекейлер дүкенінің негізін қалаушы Ольга Ким.

Жанболат пен Жазираға да кіндік әке – шеше болу туралы ұсыныс жиі түседі. Алайда, жұлдызды жұп бұл қадамға үлкен жауапкершілікпен қарап, көп кезде бас тартады екен. Әрине, олардың да кіндік балалары өте көп. Солардың бірі де бірегейі «Өнер қырандары» пародия театрындағы отбасылық жұп Мадияр мен Дананың ерке қыздары.

Нұржан Керменбаев тұңғышы Мүсілімге кіндік әке ретінде әріптесі, жерлесі, досы Медет Көжекбаевты таңдаған. Ол кезде бойдақ болған Медетке Нұрекеңнің жақсы ниеті жұғысты болып, бүгінде өзі де әке атанды.

Индира Расылхан да кіндік шеше болудың жүгі ауыр екенін білсе де, ешқашан бас тартқан емес. Бүгінгі таңда үш кіндік баласы бар. Оның ең кенжесі «Асу» тобының экс-мүшесі Талғат Жаппастың ұлы Ибраһим.

#кіндік шеше, #кіндік шеше деген кім, #жұлдызды кіндік шешелер

Загрузка...