Жұлдызды ата-әжелер

Автор: Жанар Мырзабаева
750 0 Звездные семьи
"Балам – балым, немерем – жаным" деген керемет сөз бар. Әулеттің жалғасы болған немере-шөбере, жиендерді қазақ халқы ерекше жақсы көреді. Балдан да тәттіге балайды. Сондай ерекше сезімге бөленіп, немерелерін еміреніп иіскеп жүрген қазақ сахнасындағы өнерпаздар жеткілікті. Comode жап-жас ата-әже атанған жұлдыздар топтамасын ұсынады.

Эрик Тастембеков

Эрик Тастембеков – Қазақстандағы ең мықты әрі кәсіби продюсерлердің бірі де бірегейі. Ол жасаған музыкалық жобаларды күллі Қазақстан біледі. Ал, оның жеке өмірі көпшілікке құпия.

Танымал продюсердің өмірлік серігінің есімі – Көгершін. Ал, олардың ортақ Дамиля және Дамир есімді жобалары бар. Тұңғышы Дамиля дүниеге келген кезде жас әке әскерде азаматтық борышын өтеп жүрген. Жастықтың, күнделікті күйбең тіршіліктің буымен әкелік махаббатты аса сезінбеген Эрик қазір керемет ата.

Тұңғышы Дамиля продюсерге бір ұл мен бір қыз сыйлаған. Сүйікті жиендері Аделе мен Тамико қазір Швецария мемлекетінің оңтүстік-батысындағы Женева қаласында тұрады. Бақытты ата жиі парақшасына қос жиенінің фотосуреттерін жүктеп, сағынышын жазады.

Ал, 2016 жылы шаңырақ көтерген ұлы Дамир мен Вика жұлдызды атаға Омар есімді немерені сыйлады. 2017 жылдың қазанында дүниеге келген Омар әзірге Эриктің ең сүйікті немересі. Уақыты бос болса міндетті түрде Омарымен уақыт өткізіп, серуендегенді жақсы көреді.

Гүлзира Үсенқызы

Қайрат Нұртастың анасы болып танылған Гүлзира ханымның қазақ өнерінде алар орны ерекше. Бақытты ана қазір тек ұлын емес, келіні мен немерелерінің де бағын жағу үшін еңбектеніп жүр.

Он жылға жуық халықтан жасырған келіні Жұлдызының жұлдызын жаққан продюсер өте мейірімді әже. Тіпті, тұңғышының тұңғыш қыздарын өзіне меншіктеп алыпты.

Гүлзира ханымның Алау, Сезім, Нарұл, Хан есімді төрт тәттісі бар. Үш ұлдан кейін қылықты қызды армандаған Гүлекең үшін Қайрат пен Жұлдыздың қос аруы ең тәттілері. Алау мен Сезімнің мінездері мен қылықтарын да өзіне ұқсатады.

Шахизада

Шахизада – қазақ сахнасындағы стильі мен бағыты өзгеше әнші. Ал, өмірде ең бақытты әже. Өйткені, оның ұлы Олжас пен келіні Ләззат қос немере сыйлады.

Тұңғышының есімін Кәусар деп Шәкеңнің өзі қойған. Бұл есімді таңдауы да бекер емес. Әншінің түсіне аян етілген екен. Елуге келіп алғаш әже атанған сәті Шахизаданың есінен еш кетпейді. «Ол кезде қатты қобалжыдым. Өзім түсірілімде болатынмын. Ұлым хабарласып: «Ләззаттың толғағы басталып, №5 перзентханаға түсті», - дейді. Ал, содан уайымның көкесі басталды. Визажист қыздар мені бояндыра алмай қиналды. Мен жылай беремін, жылай беремін. Содан түсірілім біткен соң бірден перзентханаға жол тарттым. Көшеде кептеліс. Әйтеуір, жеттім ғой. Ұлым мәз болып қарсы алды. Сүйтсем келінім босанып қойыпты»,- деп күліп еске алды. Кәусардың бір жасы мен тұсаукесерін Шахизада өзінің мерейтойлық жеке кешімен бірге халық алдында өткізген еді.

Қазір Кәусар ақылды әрі сүйкімді болып өсіп келеді. Өзі қамқор әпке болуға тырысады. Өйткені, әжесінің жеке меншігінің ізін Әлиқожа есімді батыр жалғады. 29-сәуір күні жұлдызды әже өзінің туған күнімен қатар немересі Әлиқожаның тұсаукесер тойын дүркіретіп өткізген еді.

Гүлнұр Мамасарипова

Бұл есімді қазақ телехикаяларын үзбей көретін көрермен жақсы таниды. Гүлекең талай телехикаяларды түсіріп, көптеген тележобаларды халыққа ұсынды. Білікті телепродюсер қазір шетелде демалыста жүр.

Тек жалғыз емес, өзімен бірге «аю мен Маша» дейтін жақындары да бар. Олар – продюсердің жолдасы мен балдай тәтті немересі Айлин.

Тұңғышы қызының қызы Айлин Гүлнұр үшін ерекше жақын. Қылықты қызын продюсер әже жанынан бір елі қалдырмайды. Әсіресе, шетелге демалысқа баратын болса бірінші өзінің емес, Айлиннің чемоданын жинастырып, дайындайды екен.

Болашақта Айлин әпкесі Сараның жолын жалғастыруы әбден мүмкін. Өйткені, пысық қыз жастайынан бейнебаяндарға түсіп үлгерген. Бұл да әжесінің көмегі мен қолдауы екенін айтпасақ та белгілі.

Жан Байжанбаев

Талай кинокартиналарда басты рөлді сомдаған актер Жан Байжанбаев да жұлдызды ата-әжелердің тізімінде. 17 жасында киноактер ретінде шығармашылық жолын бастаған актердің өмірлік жарының есімі –Гүлнар. Олардың отбасы болып, шаңырақ көтергендеріне шамамен 35 жылдан астам уақыт өтіпті.

Қос қыздың ата-анасы атанған Жан мен Гүлнар қазір бақытты ата-әже. Олардың Амели, Алика және Есения есімді сүйікті немерелері бар. Тәтті балақайларға ерекше есімді актердің өзі таңдапты.

Түсірілім алаңынан бос кезде актер ата немерелерін үйіне жинап, уақытты бірге өткізгенді ұнатады.

Нұрлан Еспанов

Сөзі де, өзі де әзіл-сықақ театрларының басты тақырыбына айналған Нұрлан Еспанов та ата. Алайда, әнші немеренің тәттілігін сезініп үлгермей жүргендей.

Оған да себеп жоқ емес. Әншінің тұңғышы әжесінің жеке меншігі. Әке болып Нұрекең ешқашан үлкен ұлы мен қызын еркелеткен емес. Сондықтан, олардан туған баланы да аса еркелете алмай жүр.

Десе де, өмірдің қызығы Әлиханның қылықтары мен былдырлаған тілінде екенін Еспанов жоққа шығармайды. Әзірге Әлихан батыр Шымкенттегі ата-әжесіне еркелеп өсіп жүр. Көп ұзамай Алатаудың бөктеріне қыдырып та келеді екен.

Стоит почитать

Загрузка...
Комментарии 0
Чтобы оставлять комментарии, вам нужно зарегистрироваться или войти. Написать комментарий