Қайрат Нұртас: "Он жыл жасырған барлық құпияны аштым"

#Звездные семьи

Қайрат Нұртас он жыл жасырған жары Жұлдызға арнап фильм түсірді. Ол фильм үздіктердің үздігі деп танылды. Ендігі кезек ұл-қыздарына жеткендей. Продюсер ана немерелерін, жұлдызды әке балаларын инстаграмда емес, үлкен шоу-концерт арқылы өнерсүйер қауымға көрсетуді жөн санаған. Ал, дәл осы концерттік кешке Comode тілшісі де шақырылды.

Гүлзира Үсенқызымен болған сұхбаттан үзінді

Кеш хедлайнерлері: Алау, Сезім, Нарұл, Хан

Гүлзира ханым: Немерелеріммен алғашқы кеш болғандықтан қатты уайымдадым. «Баласы атқа мінсе, анасы тақымын қысады» демекші, бұл концертте менің барлық балаларым, немерелерім өнер көрсетті. Екі – үш есе уайым болды. Қан қысымым көтеріліп, басым ауырып, ас батпай қалды. Әрине, кез-келген бала үшін үлкен сахна деген арман ғой. Менің де немерелерім бұл кеш туралы қуанып қарсы алды. Пысық мінездерінің арқасында сахнада көрсететін рөлдерін де өздері таңдады.

Қайрат: Бұл күнді балаларымның көргені дұрыс болды. Себебі, олар әрдайым маған «неге шаршап жүрсіз? Неге көңілсіз жүрсіз?» деген сияқты көп сұрақ қоятын. Әрине, «мен бір күнде 2-3 концерт беріп, шаршап келдім» деп түсіндіруге тырысатынмын. Бұдан былай ондай сұрақ қоймайтын шығар. Өйткені, өздері сахнаға бір рет шығып: «шаршадым, белім ауырды» деген секілді әңгімелер айтып жүр. Он жылдай уақыт сахнада жүргендіктен соншалықты қатты дайындалдым деп айта алмаймын. Себебі, күні кеше концерттік сапардан келдім. Ал, ұл-қыздарым ұзақ дайындалды. Халыққа біздің отбасылық кешіміз ұнады деп сенемін.

Жұлдыз: Бала тәрбиесімен 100% мен айналысамын. Сондықтан, бүгінгі күнге дейін көп нәрсеге тыйым салып, үйретуге тура келді. Мысалы, «бөгде адамдармен суретке түсуге болмайды немесе әкелеріңіз туралы ештеңе айтуға болмайды» деген шектеулер болды. Әрине, біздің қоғамдағы тәрбиесіздіктің кесірінен кейде балаларымның психологиясына да әсер етті. Мектептегі сыныптастары «сенің әкең анадай, мынадай» деп айтып қалатын. Олар келіп маған айтады. Ал, мен керісінше бәрін түсіндіріп, алдап, көңілдерін көтеруге тырысып жүрдім. Сондықтан, «әкелеріңнің концертіне сендер де шығасыңдар» деген кезде қатты қуанды.

Балаларыңыз өнерге барамын десе қолдайсыздар ма?

Гүлзира: Кенже немерем Ханның өнерге деген талпынысы ерекше. Әсіресе, әнге деген. Сол әнші болады деп ойлаймын.  Мен әрдайым қолдаймын.

Қайрат: Өзім басым өнерге беруге қарсымын. Өнер жолы – қиын жол. Өзім сол салада жүргендіктен, балаларымның мен сияқты шаршағанын қаламаймын. Мүмкіндігінше білім қуса деймін.

Жұлдыз: Өзім арнайы әнші немесе биші бол деп тәрбиелеп жүрген жоқпын. Бірақ, барлық үйірмелерге кішкентай кезінен бастап жетектеп жүрмін. Есейген сəтте өздері керегін таңдап, сол бағытын дамытады. Бірақ, аса өнер адамы болғанын қаламаймын. Алайда, осы жолды таңдаса анасы ретінде қолдау көрсетіп, тілекші боламын.

Нұртас пен Гүлзира енді жұлдызды дуэт

Гүлзира: Нұртас екеуміздің репертуарымыздағы ән ол тек жастық шақты еске түсіру мақсатында жазылған еді. Алайда, қызығушылық танытып, тойға шақырушылардың саны көбейіп жатыр. «Мен әнші емеспін, Нұртас пен Қайратты шақырыңыздар» десем де қоймай ұсыныс жасайтын жандар бар. Тіпті, соңғы кездері «Гүлеке, отбасыңыз бен өнерді қатар ұстап жүрген керемет жансыз. Қызымды ұзатып беріңізші. Сіз секілді бір әулеттің шырағын жағып, отбасының ұйытқысы болсыншы. Сіздің жолыңызды берсін» деген ниетпен қыз ұзату тойларына шақырушылар да табылды. Енді, жуырда бірнеше қыздарға бақыт тілеп, ұзатамын. Әрине, болашақта мұны кәсіпке айналдырамын ба, жоқ па, білмеймін. Уақыттың алдына шығып, бал ашқым келмейді. Бастысы, мені осылай сыйлап, құрметтеп, үлгі тұтатын жандарға алғысым шексіз.

Қайраттың әкесі Нұртас мырзамен болған сұхбаттан үзінді

Қайрат қандай әке?

Қайрат: Бала тәрбиесімен Жұлдыз айналысады. Жұлдызға риза болатыным ұл-қыздарымды ерекше ақылды етіп тәрбиелеуде. Біз бұрын әкеміздің сыйлап, шаршап келсе аяғымыздың ұшымен жүріп, бірдеңе бүлдірсек сол кісіден қорқып жүруші едік. Жұлдыз балаларымды дәл солай тәрбиелеген. Әрине, мен де әке болғасын еркелетемін, сөйлесемін. Мысалы, осы оқу жылында балаларыммен бірге алғашқы қоңырауға бардым. Өзімді бақытты әке сезіндім. Өйткені, балаларым менімен мақтанып жүрді. Әке үшін осыдан асқан бақыт керек пе?!

Жұлдыз: Қайрат - жақсы әке. Алайда, ер азығы түзде ғой. Үйде өте сирек болады. Бірақ, демалыс кезінде ұл-қыздарына толықтай көңіл бөліп, бәрімен сөйлесіп, еркелетуге тырысады. Идеал әкенің образын жасайтын ана ғой. Сондықтан, балаларыма әкелерінің кереметтілігі мен еңбекқорлығы, адалдығы мен махаббаты туралы өзім үйретіп отырамын.

Берекелі отбасының басты қағидасы – сабырлық

Жұлдыз: Отбасының беріктігін сақтап қалу үшін ең әуелі әйелге сабырлық керек. Және шексіз махаббат, үлкен сезім керек. Күйеуі сырттан келгенде күліп алу отбасындағы тыныштықтың бірден бір кепілі.

Гүлзира: Отбасының тыныштығы, ер адамның шоқтығының биік болуы тікелей үйдегі әйелге байланысты. Біздің үйдің шырағы әрі жылуы болып отырған қос келініме мың алғыс. Сондай келін бұйырғанына шүкірлік етемін. Екеуі де менің қызым сияқты. Аяқ-қолымды жерге тигізбей, сыйлап жүреді. Әсіресе, өнер адамының жары болу оңай емес. Сан түрлі әңгіме, өсек, көреалмаушылардың сөздері болады. Соның бәріне еш міз қақпаған Жұлдызға ризамын. Егер Жұлдыз осындай сабырлы болмаса, Қайраттың да жұлдызының осылай жарық болу-болмасы екіталай еді. Себебі, отбасының тыныштығын сақтап, жолдан шаршап келген ерінің бабын тауып, балаларын тәрбиелеп отырған осы – Жұлдыз.

#Қайрат Нұртас, #концерт, #Гүлзира Үсенқызы, #жұлдызды отбасы, #Гүлзира Айдарбекова, #Жұлдыз Абдукаримова, #Қайрат Нұртас отбасымен

Загрузка...