Ұят емес: гинеколог маманның қыз өсіріп отырған аналарға айтар 5 кеңесі

#Самочувствие

Кей ата - аналар үшін қыз баланың дамуы мен жетілуі туралы ашық əңгіме қозғау ұят болып саналады. Алайда, нəзік жандылардың жаратылысына сай ағзасында өзгерістер болады. Мұны анасының қызына айтып, түсіндіріп, дайындауы қажет.

Гуляра Избосынова

30 - жылдық тəжірбиесі бар жоғары санатты гинеколог - акушер дəрігері, медицина ғылымдарының кандидаты, №17 Алматы қалалық ауруханасының əйелдерге кеңес бөлімінің меңгерушісі

Біздің маман қыз өсіріп отырған аналарға маңызды сұрақтарды 5 топқа біріктіріп берді. Тəрбие барысында осы кеңестерді қолдану арқылы болашақта жетістікке жететін əйел, сүйікті жар, аяулы ана болып қалыптасатын бақытты əрі дені сау баланы өсіре аласыздар.

Қызыңыз 9 жасқа толғанша сіз нені айтып үлгеру керексіз?

“Қыз өссе - елдің көркі”, - дейді біздің халық. Қыздың бойжеткенін тек отбасы мүшелері емес, қоршаған орта тез байқай алады. Өйткені, оның тек бойы емес, дене мүсінінде де, мінез-құлықтарында да өзгерістер байқалады. Өтпелі кезеңде басталатын бойжету кезінде ананың қолдауы мен кеңесіне сіздің бүлдіршініңіз зәру. Өзіңіз де бұл кезеңді бастан өткердіңіз. Алайда, анаңыздың ол кезде жіберген қателігін қайталамауға тырысыңыз. Керісінше, сəбиіңізге қажеттінің бəрін сезініп, онымен сырлас дос болыңыз. Əйтпесе, ерке қызыңыз өзіне қажеттінің бəрін достары мен ғаламтордан іздейтін болады.

“Кейбір қыз балалар 12-13 жасында толықтай жетіліп үлгереді. Ал, өзгесінің дамуы сəл кештеу болуы мүмкін. Бірақ, бұл аса қорқынышты емес. Себебі, əр баланың ағзасының дамып, жетілуі əртүрлі”, - дейді гинеколог ханым.

Қыз баланың жетілуі сатылары

  • Балалық кезең - 8-9 жасында басталып, шамамен бес жылға созылады. Ағза тез жетіліп, бойы да шапшаң өседі екен. Сүт бездері дамып, дене пішіні өзгеріп, бұрын түктер болмаған ден мүшелеріне түк шыға бастайды. Беттегі безеу де осы кезеңнен бастау алады. Ал, алғашқы етеккір келген кезде балалық кезең өз мəресіне жетеді.
  • Жасөспірімдік сатысы 13-14 жаста бастау алып, 18 жасқа дейін жалғасады. Бұл кезде қыздардың ағзасы жүктілікке дайын болады. Бойдың өсуі саябырлайды, мұның əсерінен əйелдердің гормонының деңгейі тез көтеріліп, толысу басталады. 14-18 жас аралығындағы қыздардың толық болуы осы гормондардың əсері. Сондықтан, бұл аралықта қыздардың тамақтануына мұқият көңіл бөлу керек.

Сүт бездерінің дамуының нəтижесінде ең əуелі қыздардың төстері өседі. Кейін толықтай толысу басталады. Ал, сүт бедері бала туып, емізген соң толықтай қалыптасып аяқталады.

Қыз баланың пісіп – жетілуінің белгілерінің бірі шат және қолтық астына түктердің өсуі. Сонымен қатар, олар омырауға да өседі. Әуелі сирек өсіп бастаған түктер кейін шатты толықтай қамтып өседі. Жасөспірімдік кезеңде гормондарға байланысты жамбас сүйектері көлденеңнен өсіп, бөксесі айқындала бастайды.

Етеккір қыз баланың организмінің толық жетілгенінің алғашқы белгілерінің бірі. Аналық жыныс безінде аналық жасушалары толысады. Бұл уақытта жатырда эндометрияның ерекше қабаты дамып, ішкі жатыр аналық жасушаларды қабылдауға бейімделе бастайды. Етеккірдің келуі – ең үлкен әрі маңызды кезеңнің дәлелі. Бұл сәттен бастап сақтанбаған жыныстық қатынастың нәтижесінде бала көтеріп қою қауіпі бар.

Алғашқы етеккір әдетте 13-14 жаста басталады. Яғни, қыз баланың ағзасы толық әрі дұрыс дамуда. Алғашқыда ретсіздік болса да, жыл өте етеккір айлардың белгілі бір күндері келетін болады.

1. Кемшіліктерімен күресуге көмектесіңіз

Толысып – жетілу кезеңінде жасөспірімдердің бойында өздеріне көңіл толмау, ұнатпау, кемшіліктерінен ұялу секілді әдеттер пайда болады. Етеккір басталған кезде лезде бойы өсіп, ыңғайсыздықты сезінеді. Одан бөлек терісі өзгеріп, бетіне әртүрлі безеулер шығады. Мұның барлығы өтпелі кезеңде жүрген жасөспірім қыз үшін ауыр соққы болмақ. Дәл осы кезеңде қызыңызға қолдау көрсетіп, мұның барлығы оның бойжеткендігінің белгісі екендігін түсіндіруге тырысыңыз. Бұл кезеңде әрбір қыз баласы үшін психологиялық қолдау өте маңызды.

Өзін бақытты әрі әдемі сезінген сұлуыңыздың көңіл-күйі әп-сәтте өзгеріп кетуі әбден мүмкін. Оның жан дүниесі мұңға батып, оңаша қалуды қалайды. Есіңізде болсын, гормондық қолайсыздықтар кезінде тіпті, ересектердің өзінің мінез-құлқы санқилы болмақ. Сондықтан, әлі қалыптасып болмаған жасөспірімді кінәлап, қатаң сөгу қателік. Шектен тыс уайымдап немесе ұрыс-жанжал, дау шығару орынсыз. Және қандай жағдай болмасын қызыңыздың мәселесіне немесе уайымына күлмеңіз.

«Толып-жетілу кезеңінде 99% қыздар өздерінің дене мүсіндеріне көңілі толмай, уайымға салынады. Дәл осы сәтте ата–ананың қолдауы мен кеңесі ауадай қажет. Олар қыздарын сабырға шақырып, мұның бәрі өткінші әрі заңдылық екенін түсіндіруі керек. Кейбір қыздардың бірі төсі екіншісінен үлкен болуы мүмкін. Алайда, бұл ешқандай да қорқынышты дүние емес. Дамып – жетілу барысында бәрі де қалыпқа келеді», - дейді гинеколог Гуляра Избосинова.

2. Өз – өзіне қалай күтім жасау керектігін үйретіңіз

Қызының дағдылануы үшін анасы көмектесуі керек. Ағзасындағы өзгерістер гормондар қалыптасуы барысында орын алған дүние және ол уақытша. Үлкен күтім мен тазалық қажет. Қыздарыңызды күнделікті сусабын және сабын қолданып шомылуға, арнайы дезодоранттар қолдануға үйретіңіз. Ал, етеккір барысында бірнеше рет тазаланып, арнайы жөргектерін ауыстыруды ескертуді ұмытпаңыз.

3. Егер қызыңыз жыныстық қатынасқа ерте түссе не істеу керек?

Соңғы кездері ата–ананың ескертуін елеместен, 13-14 жаста төсек қатынасына баратын жасөспірімдер көбейіп келеді. Егер қызыңызға қатысты мұндай оқыс жаңалықты еститін болсаңыз, сабырлы әрі ашық түрде сөйлесіңіз. Ең әуелі ерте жыныстық қатынастың зияндары мен қауіптерін түсіндіріңіз. Мысалы, 16 жасқа дейін жүкті болып қалған қыздардың өміріне үлкен қауіп бар. Өйткені, жасөспірімнің ағзасы әлі толық қалыптасып үлгермеді. Егер жүктілікті соңына дейін жетпей, түсік болатын болса денсаулығына зиян келмек.

Гинеколог ханымның сөзіне сүйенсек, ауруханаларға көп кезде түсік жасату үшін 13-16 жас аралығындағы қыз балалар келеді екен. Себебі, бұл уақыттағы жүктілік физиологиялық әрі психологиялық қауіп төндіреді.

«Анасы әрдайым қызының дене мүсініне зер салуы керек. Көп кезде жас қыздар өздерінің ағзасындағы немесе дене мүсініндегі өзгерістерді түсінбейді. Ал, аналары тым кеш мән береді. Гинекологтарға қаралуға келген кезде қыздардың жұқпалы ауруға тап болғаны немесе жүктіліктің мерзімі анықталып жатады. Кейде ата – анасының қаталдығынан қорқып, шындықты айтпайды. Соның нәтижесінде опық жеп, өкінетін кезеңдер аз болмайды».

Анасы мен қызы болып қатаң тәрбие беруден бас тартып, құрбы болып сырласуға бейімделіңіздер.

4. Эпиляция қажет пе?

Гинеолог маманның кеңесі бойынша өтпелі кезеңдегі жасөспірім қыздар үшін эпиляцияның еш қажеттілігі жоқ.

«16-18 жастан бастап денені түктерден тазалауға кіріссе болады. Бұл кезде ағза қалыптасып, цикл орнатылып, толық пісіп жетілу кезеңі өз мәресіне жетті», - дейді біздің басты кейіпкер.

5. Заманауи технологияларды қолдану

Жүктіліктің алғашқы айларында медициналық орталыққа тізімге тұру сәтін есіңізге түсіріп көріңізші. «Алғашқы етеккіріңіз қашан келді?», «соңғы етеккір қашан келді?», «жыныстық қатынасқа қашан түстіңіз?» т.б. Бұл сұрақтарға күндердің күнінде сіздің де ханшайымға жауап беруге тура келеді. Тек сол кезде мүдіріп қалмаса болғаны.

Кеңес Одағы кезінде көптеген аналар өздерінің қыздарына арнайы күнтізбе құрып, күнделік жүргізуді үйреткен болатын. Ал,қазір заман дамыған және бұл мәселені өте оңай шешуге  мүмкіндік бар. App Store мен Play Market жүйесінде оннан астам тегін арнайы бағдарламалар бар.

Қызыңызбен бірге ыңғайлысын таңдап, арнайы парақшасына барлық ақпаратты енгізіңіздер. Сол кезде он жылдан соң да әлгі бағдарламадағы өз парақшасы арқылы керек мәліметті толықтай таба алады.

Және сол бағдарламаның кейбірінде жыныстық қатынасты белгілеуге арналған бөлім бар. Егер барлық қатынасын уақытылы белгілеп жүрсе, жүктілік пен өзге де мәселелерді бақылай аласыздар.

#тәрбие #тазалық #гинеколог #өтпелі кезек #қызы бар аналар #сауаттылық #жүкітілік

Загрузка...