Көзге ота жасап - опық жеп қалмаңыз: лазерлік коррекцияға қатысты 10 кеңес

#Здоровье

Көзілдірік киетін адамдардың негізгі арманы - көздегі құралдан немесе жанаспалы линзадан құтылу. Мұндай мүмкіндікті лазерлік коррекция ұсынуда. Comode жарнамаларда мінсіз көрсетілетін әдістің артықшылығы мен кемшілігін ажыратуды жөн санады. Бұл мақсатты іске асыруға дәрігер-офтальмолог Жомарт Джунусбеков көмектесті.

Көзге ота жасап - опық жеп қалмаңыз: лазерлік коррекцияға қатысты 10 кеңес

Жомарт Джунусбеков

Дәрігер-офтальмолог

1. Соңғы жылдары трендке айналған «минусты нөлге» түсіретін отаның аты - лазерлік коррекция. Қазіргі уақытта негізгі лазерлік коррекцияның бірнеше түрлері қолданылады. Олар: ласик (эксимер-лазерлік кератомилез), фемтоласик және Smile (Small Incision Lenticule Extraction). Бұлардың барлығы көздің мүйізді (қасаң қабығы; шынайна) қабатының ортаңғы бөлігіне әсер ететін отаның түрлері. Бұл әдістер арқылы жақыннан көргіштікті (миопия), алыстан көргіштікті (гиперметропия) және астигматизмді емдеуге болады. Ал, минусты жаттығулардың немесе дәрілердің көмегімен қалыпқа келтіру деген құр аңыз. Себебі, ол тәжірбие жүзінде мүмкін еместігі сан мәрте дәлелденген.

2. Лазерлік коррекцияны 18-20 жастан бастап жасауға болады. Себебі бұл жаста көздің толық қалыптасуын байқаймыз. Яғни, бұл жас аралығында көздің алдыңғы-артқы ұзындығы ары қарай өспейтінін көреміз. Бұл деген сөз, минус бір қалыпты. Бірақ кейбір науқастарда 23-25 жаста ғана миопия толықтай қалыптасады. Сондықтан, лазерлік коррекцияны асықпай жасатқан абзал. Кейбір дәрігерлер клиентті жоғалтпас үшін кәмілетке толған әр адамға жасай береді. Бірақ, ол – дұрыс емес.

3. Отадан соң көздің көру қабылеті қайтадан нашарламайды. Бірақ, егер науқаста жылдан-жылға минус өсіп жатқанына қарамастан операция жасалса, онда бірнеше жылдан соң аздап жаңа минус пайда болуы мүмкін. Жоғарыда айтқан миопия мәселесі осыған байланысты.

4. Лазерлік коррекциядан соң жақыннан көру қабылеті нашарлайды. Бұл дегеніміз – бүгін жасап, ертең нашарлайды деген сөз емес. Әйел адам 45-48 жастан соң, ер адам 50 жастан соң жақыннан көру үшін арнайы көзілдірік киетін болады. Менің тәжірбиемде болған оқиғаны айтып берейін. Ота жасату үшін 46 жастағы әйел адам келді. Ол алыстан 100% көргісі келетінін, ал жақынды көру үшін көзілдірік киюге дайын екенін ашық айтты. Біз ота жасадық, ертесіне мен жақыннан көрсететін плюс көзілдірік жазып бердім. Ал, егерде лазерлік коррекция кезінде ең төменгі деңгейдегі минусты қалдырсақ, мұндай қиындық болмайды.

5. Отадан бұрын көзді толық диагностикадан өткізгені жөн. Себебі кез-келген көзге бұндай операция лайық болмауы мүмкін. Сондықтан, операцияның алдында бір-екі күн ішінде дайындық жасалады. Әсіресе, жанаспалы линзаны күнделікті түрде таққан адамдардан операцияға дейін бір-екі аптадай тақпауын талап етеміз.

6. Лазерлік коррекцияны, әрине, барлық адамға жасауға болмайды. Мысалы, егер де, қасаң қабығының қалындығы аз болып, лазерлік операцияға жеткіліксіз болса, онда бұл адамдарға жасауға болмайды. Немесе, катаракта, глаукома, отслойка сетчатки, кератит, коньюнктивит және т.б. көз аурулар болса, операцияны мүлдем жасауға болмайды.

7. Жүкті және емізетін әйелдерге лазерлік коррекцияны жасауға тыйым саламыз. Біріншіден, операция кезінде және операциядан соң профилактика ретінде көзге антибиотиктерді тамызамыз. Бұл тамшылардың балаға кері әсері болуы мүмкін. Ал екіншіден, бұндай жағдайда гормоналдық дисбаланс болады. Ол операцияның есептерінің қате болуына әсер етеді. Операциядан кейін табиғи жолмен босануға болады. Босануға операцияның бұған ешқандай қатысы жоқ. Бұның барлығы сетчатканың (тор қабығының) сау немесе әлсіз болуына байланысты. Яғни, егер сетчатканың жағдайы жақсы болса, жыртықтар немесе дистрофиялар болмаса, онда минус бір болсын, минус он болсын, табиғи жолмен босануға болады. Ал егер де, сетчаткада өзгерістер болса (дистрофия немесе жыртықтар), онда тек қана дәрігерлердің пышақтарының көмегімен босануға болады.

8. Лазерлік коррекция өте тез, әрі ауыртпай жасалынады. Барлығы болғаны 10-15 минутты ғана алады. Ешқандай ауыр операция емес. Ауырсынуды басатын тамшыларды тамызған соң, көз ештеңе сезбейді. Ешқандай наркоз берілмейді, сондықтан науқас ояу болып жатады. Бұл операцияның ешқандай қауіпі жоқ және осы уақытқа дейін лазерлік коррекциядан соң ешкім соқыр қалған жоқ.

9. Операциядан соң ең кемінде жылына бір рет дәрігерге қаралуы жөн. Операциядан кейін барлық науқастарға 2-4 аптаның ішінде бассейнде немесе суға шомылуға, ауыр затты көтеруге, ішімдікті ішуге, көзді уқалауға тыйым саламыз. Ал компьютердің алдында жұмыс істеуге, ұшақпен серуендеуге, машина жүргізуге бір-екі күннен кейін рұқсат береміз.

10. Қазақстанда лазерлік коррекцияның бағасы 250 000-800 000 теңге аралығын қамтиды. Бағаның қымбат болуы мекеме қолданылатын лазерлік жабдықтың, жасаған әдістердің және дәрігердің тәжірибесіне байланысты.  

#лазерлік коррекция #лазерлік коррекцияның бағасы #көз операциясы

Загрузка...