Айсұлу Ахимова: "Нумерологияны бал ашумен шатыстырмау керек"

Автор: Aina Dosmakhambet
3999 0 Что, где, когда?
Айсұлу Ахимова - кәсіби психолог және нумеролог. Екі саланы қатар ұстап келе жатқанына бірнеше жыл болды. Айсұлудан кеңес сұрайтын адамдардың ішінде танымал тұлғалар да аз емес. Бүгін ол Comode оқырмандарына арнап адам өміріндегі сандардың орны және олардың мағынасы туралы айтып берді.

Айсұлу, сұхбатты "нумерологияның бал ашудан қандай айырмашылығы бар?" деген сұрақтан бастайық.

Өте орынды сұрақ. Шынымен де, көп адамдар нумерологияны бал ашумен шатыстырып жатады. Алайда, бұл дұрыс емес. Нумерологияның басты айырмашылығы - оның ғылыми негізі. Экстрасенсорика, магия немесе бал ашу тек адамның интуициясына, белгілі бір сезу қабылетіне ғана негізделсе, нумерология көне ғылымдарға негізделеді. Нумерологияның негізін бірнеше ғасырлар бұрын Пифагор І қалап кеткен. Ол математика, астрономия, астрология, геометрия сияқты ғылымдардың негізінде өзінің алғаш пифагорлық мектебін ашты. Қазіргі таңда, әрине, бұл ғылымға жатпай, псевдо-ғылым болып есептеледі. Мен де оны жоққа шығармаймын. Нумерологияны физика, химиямен бір қатарға қоюға болмайды. Бірақ, оның негізінде де үлкен ғылым жатқанын білген жөн. Сондықтан, нумерологияны бал ашу деп санауға болмайды. Нумерология адамның туған жылындағы сандарды белгілі бір жүйемен есептей отырып, олардың өмірге қалай әсер ететінін айтып береді. Сондықтан, мен кездесуге калькуляторсыз ешқашан келмеймін.

Яғни, кез-келген ғылым сияқты нумерологияны оқып, үйренуге болады ғой?

Жалпылама айтқанда, ия, үйренуге болады. Ен болмағанда сандардың мағынасы, есептеу тәсілдері сияқты қарапайым нәрселерді әр адам өзі үшін үйреніп алса болады. Алайда, нумерологияны үйренуде жеке адамның ерекшеліктерін ескеру керек. Мысалы, кез-келген адам психолог бола алмайды ғой? Сол сияқты, нумерологияны үйренуде жан құрылысы ерекше, интуициясы дамығын адамдар көбірек жетістіктерге жетеді. Себебі нумерология жалпылама емес, құпия ғылым. Мен өзім көп жылдар бойы психолог болып жұмыс істегеннен кейін ғана нумерологияға келдім. Сандар тек ақпарат береді. Сол ақпараттардың ағы да, қарасы да бар. Оларды адамдарға дұрыс жеткізу екінің бірнің қолынан келе бермейді. Бұл тұрғыда менің психолог мамандығымның көмегі зор.

Әдетте, адамдар бір саладан екінші салаға жайдан жай ауыспайды. Мүмкін сіздің өміріңізде де психологиядан нумерологияға итермелеген бір себеп болған шығар?

Дұрыс айтасыз. Жалпы, менің бір түсінгенім: өмірде еш нәрсе себепсіз болмайды. Ешбір кездесу, ажырасу сияқты өмір өзгерістері кездейсоқ емес. Жер шарында 7 млрд астам адам бар. Кейде бір нүктеде бірнеше жағдайлар тоғысып, жоспарлаған кездесуге 5 минут кешігіп, сол уақытта басқа адаммен кезігіп жатамыз. Оның бәрі кездейсоқ емес. Бұның бәрі тағдыр. Сол сияқты, менің де бірінші мамандығым психолог болғаны кездейсоқ емес. Мен осыдан көп жыл бұрын Мәскеуден келген кәсіби нумерологпен кездесіп, ол менің туған жылымды сұрады. Нумерологиямды санап, менен мықты психолог шығатынын айтты. Бір қызығы, ол кезде мен психолог болып жұмыс істеп жүргенімді ол кісі білмейтін. Одан басқа менің психоматрицамда бір де бір бос орын жоқ екен. Бұл өте сирек кездесетін жайт. Яғни, ол менің өте үйлесімді, гармониялық жан екенімді білдіреді. Демек, мен кез-келген нәрсені түрлі қырларынын көре білемін. Сол сияқты ақпараттарды менің сандарым арқылы көріп, ол кісі маған нумерологияны үйренуге кеңес берді. Одан кейін де менің өмірімде түрлі мықты ұстаздар болды. Мен тек Алматыда ғана емес, түрлі елдерге барып осы саланы оқыдым. Мысалы, Тибетте көп болдым. Сөйтіп, нумерологияға келуім де кездейсоқ болған жоқ.

Айсұлу, интернет желісінде нумерологиялық сайттар көп. Кейбіреуі туған жылдың барлық сандарын енгізуді сұраса, басқалары сол сандардың қосындысын енгізуді талап етеді. Қайсысы маңызды?

Мысалы, сіздің туған жылыңызды алып көрейік. Қандай?

15.09.1985

Сіздің кестеңізде 5 деген сандар көп. Сіз өте сезімтал жан екенсіз. Әр нәрсені жүрегіңізге жақын қабылдайсыз. Ол дұрыс емес. Өзіңізді күту керексіз. Тым сезімталсыз, барлық нәрсені көңіліңізге аласыз. Одан басқа, көңіл күйіңіз де жиі ауытқып тұрады. Туған жылыңыздың сандарының қосындысы 38-ге тең. Сізідің нумерологияңыз өте мықты. Мыңдық сандар бар. Яғни сіздің өміріңізде "орташа" деген шама жоқ. Өмірден бәрін алатын, немесе түк алмайтын адамсыз. Бұл жаман емес. Бұл қасиет сізді әрқашан алға итермелейді. Нумерологияңызда 1 деген сан көп. Сізді тәрбиелеу, өзгерту мүмкін емес. Бұл ешбір адамның қолынан келмейді. Сіз өмірде аяғымен нық тұрған адамсыз. Мақсат қойып, сол мақсатқа жету жолында барлық қиыншылықтарға төтеп бере аласыз. Бірақ, өзіңізге көп жағдайда сенбейді екенсіз. Адамдарға да көп сене бермейсіз. Барлық нәрсені қадағалағанды жақсы көрмесеңіз де, бұл әдеттен айырыла алмайсыз. Энергияңыз төмен екен. Сізге көп ұйықтап, бимен, спортпен айналысу керек. Перфекционистсіз. Сосын, сіз адамдарға "жоқ" деп айта алмайсыз. Өзіңіз содан зардап шегесіз. Бұдан құтылу керек. Көп ойланады екенсіз. Бір адаммен әңгімелесіп отырып, басқа нәрсені ойлап отыра аласыз. Басыңыз мүлде демалмайды екен. 

Сіз калькуляторға емес, ашық тұрған кітапқа қарап, оқып жатқандай бәрін тура таптыңыз ғой.

Ия, көп жағдайда маған адамдар дәл осы сөзді айтады (күледі). Кейде сандардың энергетикасы мықты болған жағдайда, ақпарат өзінен өзі келгендей болады.

Айсұлу, адам нумерологиясында жоқ сандардың орнын қалай толықтыра алады? 

Өте дұрыс сұрақ. Жауабы да оңай. Өзіңізге керек сан телефоныңыздың нөмерінде болуы мүмкін. Нөмір ауыстырғысы келмейтін адамдар сол санды телефонның коды ретінде қойса болады. Мысалы, 5555 деп.  Кеудеңізге әшекей бұйым ретінде жетіспеген санды тағып жүруге болады.  Мысалы, сіз пәтер аларда менен "қай қабаттан алған дұрыс?" деп сұрасаңыз, мен сізге 1-ші және 10-шы қабатты ұсынбас едім. Сізде 1 деген сан жеткілікті. Нумерологияңызда 7 деген сан жоқ болғандықтан, мен сізге 7-ші қабаттан пәтер алған дұрыс деп айтар едім. Жалпы, жоқ сандардың орнын толықтыратын қарапайым әдістер көп. Соларды қолданса жеткілікті. Ал ерлі-зайыптылар қажетті сандарды бір-бірінің нумерологиясы арқылы компенсациялай алады.

Сандары үйлесімді жұптар ажыраспайтын шығар?

Мәселе онда емес. Ажырасу шешімін жұптар көп жағдайда минуста болған жылдары қабылдайды. Нумерология көмегімен минуста және плюста болатын жылдарды есептеп шығуға болады. Жалпы, көптеген қате шешімдер минуста болған жылдары қабылданады. Себебі ондай жылдары адамдардың интуициясы төмен болады. Мен ажырасуға қарсымын. Әрқашан өз клиенттеріме "жүз рет ойланыңдар" деген кеңес беремін. Кейде маған 15 жыл бойы бірге тұрған жұптар келіп, нумерологияны қарап беруді сұрайды. 15 жыл деген ойыншық емес қой! Бұндай жағдайларда мен сандардың көмегінсіз-ақ бәрін айтып бере аламын. Ажыраспаңдар, өмірде түрлі қиыншылықтар болады. Соларды жеңе білу керек. Әрине, бір-бірімен мүлдем келіспейтін адамдар бар. Алайда, олар бірден білінеді. Бұл тұрғыда біздің қоғам дұрыс бағытта жылжып бара жатқан жоқ. Баяғы заманда сынған нәрсені адамдар қайта құрастыруға талпынған еді, ал қазір тастай салады. Бізде бәрі бар, бірақ біз оны бағалаудан қалдық, тым құтырып кеткен сияқтымыз.  

Айсұлу, әрине, барлық сандарды жүйелеп барып қана, адамның нумерологиясын есептеп шығуға болады. Дегенімен, әр санның өз мағынасы бір шығар?

Дұрыс айтасыз. Адамның туған жылының барлық сандары бірігіп, бір жүйені құрайды. Белгілі бір санның бар болуы, немесе жоқ болуы еш ақпарат бермейді. Сондықтан, оқырмандар шатысып қалмасын. Ал сіз айтып отырғандай, әр санның өзіндік энергетикасы, өзінің толқуы бар. Мысалы, 1 саны адамның өр мінез, ерік күші бар екенін білдіреді. Бір саны аз адамдар күдікті, толқымалы, өзгермелі болады. Бір саны көп адамдарды өзгерту, тәрбиелеу өте қиын. 2 саны - энергетика. Екі саны көп адамдардың энергетикасы жоғары болады, ал аз адамдардың энергетикасы төмен. 3  саны - талант, креатив, ерекше нәрселерді сезіне білу. Үш саны жоқ адамдар сезімге емес, логикаға жақын. 4 саны - біздің денсаулығымыз. Одан басқа, төрт саны көп адамдардың шет тілін үйрену қабілеті жақсы дамыған. 5 - космостық сан. Ол адамның жан дүниесін, сезімталдығын білдіреді. Бес саны басым адамдар, әдетте, рухани дүниеге жақын. 6 саны тұрақтылық, еңбекқорлық, адамның жинақтылығын білдіреді. 7 - бақыт саны. Отбасылық бақыт, махаббат. Жеті саны бар адамдар өз-өзіне сенімді болады. 8 саны адамға сәттілік береді. Яғни, бұл адамдардың армандары оңай орындалады. Сегіз саны жоқ адамдар қарызға ақша алудан аулақ болу керек. 9 - ой, аналитика, логика. Олар әрқашан бір нәрсені ойлап жүреді.

Әр күннің өз саны болады екен. Бұл не деген сөз?

Ия, дұрыс. Әр күннің өзіне тән саны бар. Оны сол күннің, айдың, жылдың барлық сандарын қосып есептейді.  Яғни, әр күннің өзіндік вибрациясы, энергетикасы, жағымды жақтары, қауіптері бар.

Ол сан бәріне ортақ?

Ия, ол бәріне ортақ. Статистиканы қарап көрсеңіз түрлі жол апаттары, ұшақ апаттары, т.б. сондай күндерге сәйкес келеді. Яғни сол күні апат болу қауіпі басым болған. Оның бәрін есептеуге болады.

Ал бағана сіз айтып кеткен минус және плюс жылдар? Барлық адамдарға ортақ минус жылы болуы мүмкін бе?

Жоқ, минуста және плюста болатын жылдар әр адам үшін жеке есептеледі. Бірақ, мысылы, ерлі-зайыпты адамдардың бірінің жылы минуста болса, ал екіншісінікі плюста болса, онда олар бір-бірін компенсациялай алады.

Минус болған жылдары не нәрседен аулақ болу керек?

Жыл минуста болғанда тәуекел етуге болмайды. Кез-келген бастаманың сәтсіз аяқталу қауіпі өте жоғары. Үй сату, сатып алу, қомақы қаржыны талап ететін операцияларды жүргізу, жаңа бизнесті бастау, ота жасау сияқты іс-шаралар сәтсіз аяқталуы мүмкін. Оларды минуста болған жылы бастамаған дұрыс. Алайда, минуста болған жылдары адам өзін білім алу, жаңа мәдениетпен танысу, рухани даму, саяхатқа шығу, медитациямен айналысу, қажылыққа бару, тағы сол сияқыт нәрселерге арнағаны өте жақсы!

Плюс болған жылдары ше?

Плюста адамның жолдары ашық болады. Кез-келген бастама көп жағдайда нәтижелі болады. Плюста мүмкіншілік көп болғандықтан, отбасын құру, бала босану, сапарларға шығу дұрыс. 

Бір жыл плюс болса, келесі жыл минус болмайды ғой?

Әрине, бірнеше жылдар бойы минус болып, сосын ғана плюс болуы мүмкін. Немесе, бірнеше жыл плюс болып, келесі жыл минус болуы мүмкін. Оның бәрі жеке адамның нумерологиясына тән. Бірақ, әрқашан естеріңізде болсын: минустан кейін міндетті түрде плюс болады.

Нумерологияның көмегімен адамның қай салада жұмыс жасағаны дұрыс екенін есептеуге болады ма?

Әрине. Нумерологияның көмегімен әр адам өзінің күшті және әлсіз жақтарын түсініп, қай салада жұмыс істегені дұрыс екенін біле алады. Сонымен қатар, нумерологияның көмегімен балалардың қай салаға икемі бар екенін анықтауға болады. Мысалы, баланың кәсіби спортқа икемі бар болса, неге оны спортқа бермеске? Немесе, анасы баласын зорлап шет тілін үйретеді, ал баланың оған икемі жоқ болуы мүмкін. Сондықтан, баланың не нәрсеге икемі бар екенін анықтауда нумерологияның көмегі зор.

Адам өмірінің сәтсіз кезеңдерінде, мысалы 7 деген санды тағып жүрсе, жағдайдың түзелуіне сол жеткілікті ме?

Жеті бұл жай ғана сан. Сандарға сеніп, қол қусырып отырған еш адамға көмектеспейді. Еңбек етпей, амал жасамай еш нәтижеге жете алмайсың. Мысалы, адамның нумерологиясында 6 саны жетіспейді. Ол кейдеусіне 6 санын іліп алып, сол қалпында еңбек етпей, ерініп жата берсе түк өзгеріс болмайды. 

Айсұлу, өз нумерологиясын білгісі келетін адамдар сізді қайдан таба алады?

Мен барлық әлеуметтік желілерде бармын. Аты-жөнімді енгізіп, тауып алуға болады. Сол жерде барлық телефон нөмірлері, электрондық адрес көрсетілген. 

Өмірде нумерологияның көмегімен есептей алмайтын салалар бар ма?

Ол жайлы ойланбаппын. Керісінше, нумерологияның көмегімен есептейтін салаларды атап айта алмын. Ол - барлық қауіпті мамандық салалары. Мысалы, ұшқыштар. Одан басқа, үлкен жауапкершілікті талап ететін салалар.

2016 жыл туралы нумерология не айта алады?

2016 жыл өте рационалды жыл деп айтуға болады. Бұл жылдың барлық шешімдері логикаға, анализге негізделген болуы керек. "Тәуекел" деп шешім қабылдауға болмайды. 2016 жыл оқуға, жаңа білім алуға бағытталғаны жөн. Қорыта келе, нумерология тек өзіңізді жақсы танып, білуге көмектеседі. Болашақты болжап бермейді.  Адамның өзіне деген сенімі, жақсылыққа деген сенімі кез-келген сандардан жоғары тұрады. 

Стоит почитать

Загрузка...
Комментарии 0
Marina639

комментарий удалён

Чтобы оставлять комментарии, вам нужно зарегистрироваться или войти. Написать комментарий