Жеті "Қазақ аруы" қайда жүр?

#Их жизнь

Биыл Баян Мақсатқызының ұйымдастыруымен өтетін «Қазақ аруы» байқауы халықаралық деңгейде өтпек. Аталмыш байқауда бақ сынайтын арулар іріктелініп алынды. Енді, олар тынбай дайындық үстінде. Ал, бұған дейін жеңіске жеткен жеті арудың жетістіктері қандай? Олар қайда, не істеп жүр?

«Қазақ аруы – 2011» - Ләззат Қалдыбекова

«Қазақ аруы – 2011» Ләззат Қалдыбекова сайыстың ең алғашқы жеңімпазы атанған болатын. Ләззат қазір Мұхтар Әуезов атындағы театрда актриса. Бірнеше жыл бұрын әнші Заирға тұрмысқа шыққан арудың отбасылық өмірі ұзаққа созылмады. Өнердегі бағыттары бір болса да, өмірлік ұстанымдары мен көзқарастары екі түрлі болған жас жұбайлардың жолы екі бөлінді. Бүгінде Ләззат ұл өсіріп отырған ана, театрда басты рөлдерді сомдап жүрген танымал актриса.

«Қазақ аруы – 2012» - Айғаным Өтепбергенова.

“Қазақ аруы-2012” байқауының жеңімпазы Айғаным Өтепбергенова да өнерден алыс кетпеді. Аталмыш байқаудан кейін Айғаным  тұрмысқа шығып, халық көзінен таса болған-ды. Алайда, көп ұзамай ару өнер әлеміне қайта оралды. Қазір ол өзінің жүргізушілік қабылетін шыңдап, асабалық тәжірбие жинап жүр. Одан бөлек шоу балет театрының жетекші – продюсері.

«Қазақ аруы – 2013» - Әйгерім Қанатбаева

2013 жылдың «Қазақ аруы» бүгінде елдің есінде бар ма, жоқ па, бізге беймәлім. Алайда, өткенге шолу жасайық. Қазақстан бойынша 18 ару бақ сынаған байқаудың Гран-при иегері Әйгерім Қанатбаева атанды. Бойжеткеннің жасы ол кезде 20-да болатын.  Ол Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің экономист мамандығының студенті еді. Жеңістен кейін де өнердегі өмірі аса жемісті болмағандай. Оның да қоржынында ауыз толтырып айтарлық жетістіктерін байқамадық.

"Қазақ аруы - 2014" - Гүлназ Жоланова

Гүлназ Жоланова. Бұл арудың өнердегі бағын жаққан «Қазақ аруы – 2014» болатын. Бас жүлдені жеңіп алған Маңғыстаулық ару күні бүгінге дейін еш тынымсыз еңбек етіп келеді. Нәтижесінде оның киноқоржынында бірнеше толықметражды фильмдер мен «Махаббатым жүрегімде», «Қыздар арасында» т.б.телехикаялар бар. Одан бөлек өнерсүйер қауым аруды тележүргізуші ретінде де жақсы таниды.

"Қазақ аруы - 2015" - Камшат Коскелова

2015 жылы алтын тәж Қарағанды облысының тумасы Камшат Коскеловаға бұйырды.  22 ару қатысқан байқауда жүзден жүйрік болған ару өнерді хобби деп санап, туризм саласы бойынша кәсіби білім алуды мақсат еткен болатын. Бүгінде өнерден өте алыс Камшат арудың жүрегі бос емес. Өзінің ғашығын анда-санда ғаламторға жүктеп қояды.

"Қазақ аруы - 2016" - Альмира Ахатова

«Қазақ аруы-2016» атанған Атыраулық ару Альмира Ахатованың бағы Жоланова секілді  жанбады. Тіс дәрігері өзінің мамандығын шексіз сүйетіндігін кейде парақшасына жариялап қояды. Альмираны үлкен сахна мен кино алаңынан көрмесек те, фотомодель ретінде жиі байқап қаламыз. Естеріңізге сала кетейік, 2016 жылғы «Қазақ аруы» байқауының Гран-при иегері Алтын тәжбен қатар Аида Кәуменовадан дизайнерлік көйлек сыйға алған еді.

«Қазақ аруы -2017» - Нұргүл Асанова

Өткен жылы Астанада өткен «Қазақ аруы – 2017» байқауының алтын тәжі Нұргүл Асановаға бұйырды. Алайда, арада бір жылға жуық уақыт өтсе де, Нұргүлдің өнердегі жұлдызды сәті байқалмады. Бәлкім, оның бәрі болашақ еншісінде шығар, кім біліпті?!

#арулар #Қазақ аруы #гулназ жоланова #Баян Мақсатқызы #алтын тәж

Загрузка...