Жасұлан Қали: "Биіктік пен жалғыздықтан қорқамын"

Автор: Comode
616 0
Жасұлан Қали. Бұл есімді оқырман дауысы мен сөйлеу мәнері ерекше радио-жүргізуші ретінде жақсы таниды. Дауысын естісе де, жүзін көпшілік біле бермейтін серінің сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз.

Жасұлан, сәлем. Телефон соққан кезде «демалыстамын» деп едіңіз. Бір жылдық еңбектен соң демалысыңыз қалай өтуде? Өзіңізді жақсы әрі дұрыс демала алатын азаматтың қатарына қоса аласыз ба?

Өте орынды сауал. Демалыстың да түр-түрі болады. Жұмыста жүріп те демалуға болады. Немесе қыруар қаржы жұмсап, алайда еш ләззат алмай қайтуы да мүмкін. Демалыстың рахатқа әрі қызыққа толы болуы адамның өзіне және жанындағы достарына тікелей байланысты. Мен үшін ең керемет демалыс отбасыммен бірге болу. Күнде таңертең 6:00 де тұрып жұмысқа барамыз. Ал, қазір демалыс кезінде ұйқымды қандырып, жақындарыммен көбірек уақыт өткізіп, болашаққа жоспар-мақсат құрып, әр минутымды өзіме арнаудамын. Мен үшін ең керемет демалыс осы. 

Бала Жасұлан қандай болды? Қандай ортада өсті?

Бала Жасұлан футболшы болуды армандады. Таңертең бір қап тұздалған балығымды арқалап, алаңға барамын. Содан күн батқанша теңбіл допты тебумен жүремін. Күннің ыстығы немесе суығы маған еш әсер етпейтін. 4-сыныпқа дейін Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Беріктас деген керемет ауылда доп қуып өстім. Одан кейін Алматы қаласына келіп, дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта білім алдым. Бұл – мен үшін ең ерекше кезең болды. Себебі, балалықты ысырып қойып, тұлға ретінде қалыптаса бастадым. Мектеп – интернатта өскен бала шымыр әрі қайсар болады. Одан бөлек бір нанды көпшілікпен бөліп жеу арқылы бауырмал болуға икемделеді. Және ең бастысы әр қадамы үшін өзі жауап беруді бойымызға сіңірдік. Бір сөзбен айтқанда, үлкен өмірдің алғашқы толқындары мен тосқауылдарын көріп, сезініп, ер жете бастадым.

Ал, радио саласында қызмет ету сіздің армандарыңыздың қатарында болды ма?

Шынымды айтсам, «радио саласында қызмет етемін» деген ой үш ұйықтасам да түсіме енген емес. «Әлем» деген квартетте ән айтып, тойға шығып жүрдік. Кезекті барған тойдың асабасы Нұрлан Албан болды. Сол кісі менің сөйлеу мәнерімді, дауысымды естіп, өзімді жаңа бағытта байқап көруге шақырды. Әрине, алғашқыда аяқ тартып, қорқақтадым. Себебі, диктор немесе журналистика саласында білімім жоқ. Оқымағанмын. Мен үшін таңсық әлем. Алайда, Нұрлан ағам біраз жігерлендіріп, студияға шақырып, дауысымды жазды. Ол басшылыққа ұнап, отандық радиотолқындардың бірінде үш жылдай қызмет еттім. Кейін басқа да радиотолқындарға шақыртулар түсіп, өз тәжірбиемді арттыра түстім. Менің радиодағы алғашқы қадамым осылай басталған.

Көрермен тележүргізушілердің киіміне, түріне, сөйлеу мәнеріне қызығып қарауы мүмкін. Ал, радиода тек жағымды дауыс пен тапқырлық қана үлкен рөл атқарады. Бұл қасиеттерді дамыту үшін арнайы жаттығулар жасап, ізденетін шығарсыздар?

Әрине, түрімізді, киімімізді көрмейтін тыңдарманның көңілінен орын табу оңай емес. Ең бастысы – қаруымыз тіліміз бен дауысымыз. Радиодағы алғашқы жылдары үлкен аға-апайларымыз жол сілтеп, арнайы жаттығулар үйрететін. Соларды күнделікті жасап, эфир алдында дайындалатын едік. Қазір сол жаттығуларды жасаймын десем өтірік болады. Алайда, тікелей эфир болғандықтан дайындаламын. Келетін қонақтарға қатысты сұрақтар, қызықты ақпараттар жинақтап, ізденетінім анық. Радио-жүргізуші үшін тапқырлықтан бөлек, шынайлық пен қарапайымдылық маңызды. Тікелей эфирде өзімді күнделікті өмірде қандай болсам солай ұстауға, тыңдарманмен тең деңгейде сөйлесуге дағдыландырдым. Бір қызығы барлық адамдар өзінің дауысын басқаша, естуші мүлдем басқаша естиді. Көп адамдарға өздерінің дауыстары мүлдем ұнамайды. Мен де солардың қатарына енемін. Өзімнің дауыс тембрімді аса қатты ұнатпаймын. Көбіне эфирден кейін қайталауларды тыңдамауға тырысамын. Үш сағат бойы тікелей эфирде қызмет ету оңай емес. Барлық таңғы энергия, күш-қуат, ойымызды эфирге арнаймыз. Барынша тыңдарманның көңілінен шығуды мақсат етеміз. Кейде тығырыққа тіреліп, сөз таппай да қалатын кездеріміз болады. Ондай кезде эмоцияға беріліп келетініміз бар. Кейде эфир үстінде айтқан әзілдеріміз өтімді әрі ұтымды болып шығады.

Алайда, бәріне ұнау мүмкін емес. «Орынсыз әрі анайы әзілдердің авторы» деп сынайтын да тыңдармандар бар.

Дұрыс айтасыз. Әлемде қанша адам болса, сонша пікір болады. Жүз пайыз тыңдарманға ұнау мүмкін емес. Күнделікті жүзге жуық инстаграм парақшама немесе телефон нөміріме смс –хаттар келеді. Олардың арасында көңілге кірбің салатын жазбаларды оқыған кезде кәдімгідей түңіліп кететінім бар. Осыдан біраз уақыт бұрын маған бейтаныс нөмір хабарласып, неше түрлі дөрекі, ыңғайсыз сөздер айтып, мазамды алған еді. Ондай хабарламалар немесе қоңыраулар болса аса елемеуге, қара тізімге тіркеп қоюға тырысамын.

Радиодан бөлек, асаба ретінде де таныла бастадыңыз...

Асабалық өнерге бала кезден құмар болдым. Кез-келген отырыста әзілдер айтып, топта көшбасшы болуға тырысатын едім. Уақыт өте келе бұл қасиетімді байқаған жандардан ұсыныстар түсе бастады. Әуелі таныстардың, достардың тойларын, мерекелік шараларын жүргіздім. Қазір сұраныстар көбеюде. Асабалық қызмет мен үшін қосымша табыс көзі. Өзімді бес баллдық жүйеде бағалайтын болсам, бір немесе екі қоятын шығармын. Себебі, енді ғана бұл салада бет қойып, жаңадан пісе бастаған асабамын. Мүмкін, 2-3 жылдан соң өзім туралы ауыз толтырып айта алатын шығармын.

Инста-парақшаңызда «Қиындықтар мен өкініштердің көбі жаман достардың әсерінен болады» деген пікірді оқып қалдым. Яғни, достан ауызы күйген жаралы жансыз ғой..

Иә, дос сатқындығын көрдім. Көріп жүрмін. Әлі талай көретін де шығармын, өкінішке орай. Себебі, бүгінгі қоғамда қалтаға, дәрежеге, отырған жылы орныңызға, лауазымға қарап араласатын жандар көбейіп кетті. Оларды да кінәлағым келмейді. Олардың ойлары мен түсініктері сол деңгейде шығар. Бірақ, мен ондай азаматтардың қатарына өзімді қоса алмаймын. Досқа адал әрі берікпін. «Жүз теңгең болғанша, жүз досың болсын» демекші, достарым шүкір өте көп.

Ер азаматтың үш міндеті бар. Үйлену, үй салу, ағаш егу. Қай міндетіңізді атқарып үлгердіңіз?

Жеке өмір туралы жиі сұрайды. Жеке өмір ол менің жеке мемлекетім. Сондықтан, ол әлемдегі өзгерістер мен жаңалықтарды көпшілікке жария еткім келмейді. Бар айтарым, жеке өмірімде жетістіктерім де көп, жақсылықтарым да көп. Ер азаматтың үш міндетін атқаруға тырысып жүрмін. Бірақ, әзірге үй салмадым... «Біреуді қарғағың келсе үй сал деп қарға» деген достарымыздың арасында әзіліміз бар. Себебі, үй салу оңай емес. Үй салған соң ауласына діңгегі тереңге бойлайтын ағаш та егіп, міндетімді атқарамын деп ойлаймын.

Жасұлан Қалидің өмірлік ұстанымы қандай?

Өмірлік ұстанымым біреу ғана. Адам болып келген өмірден адам болып өту. Өзгелердің көңіліне кірбің салмай, жақсылық жасауды мақсат етемін.

Неден қорқасыз?

Биіктік пен жалғыздықтан қорқамын.

Сіздің ұғымыңыздағы бақыт деген не?

Мен үшін бақыт ол - қанағат. Қанағатшыл болсаң кез-келген сәттен, секундтан бақытты сезіне аласың.

Кітаппен қаншалықты доссыз? Соңғы оқыған кітабыңыз қандай?

Соңғы оқыған кітабым әріптерді үйрететін әліпби. Қызыммен бірге сол кітапты күнделікті оқып, ұрпағымның сауатты қалыптасуына қолымнан келгенше үлес қосудамын. Қызыма «оқы» деп айтпаймын, бірге оқуға немесе жиі қызымның көзінше кітап оқуға тырысамын. Себебі, бала сенің айтқаныңды емес, жасағаныңды қайталайтыны анық.

Сұхбаттасқан Айна Досмахамбетқызы


Комментарии 0
Чтобы оставлять комментарии, вам нужно зарегистрироваться или войти. Написать комментарий