Мирас пен Құралай әншілердің басын қосып, той жасады

#Их жизнь

Жұлдызды жұп Мирас пен Құралай еңбек етуден еш шаршаған емес. кеше, 19-қазан күні Алматыдағы үлкен мейрамханалардың бірінде өнер иелері мен төртінші билік иелерінің басын қосып, той жасады. Әдеттегідей үйлену, қыз ұзату, шілдехана немесе сүндет той емес. Бұл отбасылық жүптың өнердегі төрт жаңалығымен бөлісу кеші болатын. Аталмыш шараға Comode тілшісі де қонақ ретінде шақырылып, той куәсі болды.

Мирас пен Құралай әншілердің басын қосып, той жасады

Қазіргі заманда жұлдыздар мен БАҚ өкілдерін шақырып, той жасау әсте оңай емес. Алайда, Мирас пен Құралай бүгін еш тарықпай, қуанышын жақындарымен бөлісуді жөн көрді. Әуелі пресс-конференция өткізіліп, журналисттердің көкейіндегі сансыз сұрақтарға жауап берілді. Кейін  дастархан басына жайғасып, төрт қуанышты тарқатып айтып, нәтижесін көпшілікке паш етті.

Бұған дейін Мирас пен Құралайдың Алматыда өнер студиясы бар болатын. Алайда, жұлдызды жұп бір мектеппен шектеліп қалуды жөн көрмеген. Бүгін олар тағы бір мектеп ашты. Бұл туралы Мирас мырза былай дейді: «Мектеп ашу, балаларға білім беру, тәрбиелеу оңай емес. Үлкен жауапкершілікті талап етеді. Алайда, білгенімізді өзгелерден қызғану да дұрыс емес. Өнерге құштар балалардың талабын шыңдап, одан әрмен дамыту біздің міндетіміз. Мирас пен Құралайдың мектептері тек Алматыда емес, Ақтөбе мен Семей қаласында да өз жұмысын бастады. Мұнымен әлі тоқтап қалмаймыз. Егер сұраныстар болса, Қазақстанның өзге де өңірлерін мектебімізді ашқымыз келеді».

Еңбекқор жұптың екінші сүйінші жаңалығы – жаңа бейнебаян. «Мәңгілік сыңарым» деп аталатын бейнебаяндағы оқиға желісі отбасылық жұптың өмірінен алынған. «Елге бақытты әрі бақуатты көрінетін шығармыз. Алайда, біз бұл күнге жету үшін көп еңбектендік. Талай қиындықты бірге жеңіп, қол ұстасып өттік. Сынақтарға сынбадық. Өзара сенімізді де жоғалтпадық. Отбасымызды, жақындарымызды бағалап, сыйлап, бір-бірімізге қолдау болдық. Кез-келген отбасы сабыр мен сенімді басты өмірлік қағидалары ретінде ұстануы қажет» дейді бақытты жұп.

Ал, үшінші сүйінші жаңалық «Құралай» сән үйінің іске қосылуы. Бұл өзге сән үйлеріне ұқсамайды. Үлкен өлшемдегі әйел адамдарға арнап киім тігіп, дене бітімінің сұлулығын айшықтауды мақсат еткен. Әдемі кеш барысында «Құралай» сән үйінің алғашқы көйлектері көрсетілді. Алғашқы топтаманы көрсету үшін өнер иелері мен жақын достары ортаға шықты. Ең әуелі үйдегі ақжаулықты ана шашуын шашты, ізінше Майра Ілиясова, Шахизада, Дана, Қарагөз Тілеубекова секілді әріптестері сән көрсетті. Ортаға әуелі сән көрсетіп, кейін ақ батасын берген Майра Ілиясова бұл кеште әріптестеріне ризашылығын білдірді. «Мен Астанада тұрамын. Мынау Алматылық әріптестерімді сағынып жүр едім. Бүгін бәрін көріпғ көңілім толып тұр. Бейнебаян да әдемі шығыпты. Жаңа мектептеріңізден білімді шәкірттер түлеп ұшсын. Ал, мына сән үйі таптырмас идея екен. Құтты болсын. Дене бітімі қандай болмасын,кез-келген әйел сұлу болуы тиіс. Көптеген әйелдердің бойындағы өздеріне деген махаббатты оятатын, сенімсіздікті жоғалтатын ателье болады деп сенемін».

Төртінші сүйінші жаңалық – жеке үнтаспаның тұсаукесері. Ғаламтор дамыған заманда үнтаспаның еш қажеті жоқ деген пікірді Мирас пен Құралай жоққа шығарғандай. «Әрине, кез-келген адам өзінің іздеген әнін ғаламтор арқылы тауып, жүктеп алады. Алайда, болашақ өскелең ұрпаққа мұра болып қалу үшін мұндай үнтаспалар қажет. Біз пайда көруді мақсат етпедік. Бастысы, ертеңге мирас болуды мақсат еттім» дейді Мирас. Үнтаспаның тұсау кесер рәсімі халықтың ерке қызы Мақпал Жүнісоваға табысталды.

Бізде Comode ұжымының атынан жұлдызды жұп Мирас пен Құралайдың жаңа бастамаларымен шын жүректен құттықтап, өнердегі жемістерінің көп болуын тілейміз.

#Мирас пен Құралай

Загрузка...