-->

Мария Мудряк: "Италияндықтар да қазақтарға ұқсайды"

#Их жизнь

Қазір ол Италияда өмір сүруде. Шетелде жүрсе де елге деген ықыласы ерекше. Әлем сахнасын өз дарынымен бағындырған Мария шынымен де мақтан тұтуға лайық.

Мария Мудряк:

-Мария сені Генуи «Карло Феличе» тетрының арнайы байқауын ұтып алуыңмен құттықтаймыз. Бұл жеңіс шығармашлығыңа  қандай өзгеріс әкелді?

-Рахмет! «Бенвенуто Франчи» байқауы әр екі жыл сайын өтіп тұрады. Әділқазылар әйгілі баритондар Роландо Панераи, Анджело Габриэли, Адуя Верони болды. Байқауға әр елден 500 ге жуық үміткер қатысты. Іріктеуден 13 адам өтті. Солардың қатарында мен де болдым.  Жолым болып бас жүлдені  алдым. Әрине, «Карло Феличи» сынды үлкен театр сахнасына шығу үлкен жетістік әрі сын.  Себебі, бұл Италиядағы ең беделді театрлардың бірі.  Театрда «Свадьба Фигаро» мюзиклінде Сюзанна деген кейіпкерді сомдадым. Бұл менің алғашқы дебюттік рөлім.

- «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, осындай жетістіктерге жетуге ұстазыңның да атқарған еңбегі үлкен екені анық. Сол кісі туралы білу біз үшін қызық.

- Менің ұстазым Карло Гайфа 40 жылға жуық «Ла Скала» театрында өнер көрсеткен. Осы саланы өте жақсы меңгерген, білікті адам. Карло Гайфадан көптеген әйгілі опера жұлдыздары тәлім алған. Маған ұстаздық еткеніне 6 жыл болды. Өзіне ғана тән ерекше оқыту әдісі бар. Өте мейірімді жан. Ұстазымнан тек кәсіби ғана емес, өміріме де қажетті көптеген пайдалы сабақ алдым. Ұстазымды мақтан тұтамын.

- Отбасың туралы білсек?

- Отбасында мен жалғыз қызбын. Анам да, әкем де өте керемет жандар. Екеуі де өмірлерін маған арнады. Осындай жетістіктерге қол жеткізуіме демеу болған маған ең қымбат жандар. Қиындық пен қуанышты бірге бөліскен адамдар. Анам менің сырлас ең жақын құрбым.

- Сен 10 жастан бастап Италияда өмір сүресің. Тілін үйреніп, жаңа ортаға бейімделуіңе тура келді. Ал балалық шаққа уақытың болды ма әлде ерте есюіңе тура келді ме?

- Менде балалық шағым ең бақытты кезең болды деп айта аламын. Италияға дейін елімізде де мен көптеген жерлерге барып, ән салып өнер көрсеттім. Сондықтан, кішкентай кезімнен бастап сахнада өстім деуге болады. Ал шетелге барған кезде басында қиын болды. 10 жастағы қыз үшін өзге мемлекетте өмір сүру алғашында қиынға соқты. Бірақ анам қасымда болып, көптеген қиындықтарды бірге жеңдік. Күн тәртібімді ата-анам дұрыс белгілегендіктен өнерге де, балалық шаққа да уақытым болды.

- Сенің бойыңда ерекше дарын бар. Бұл қасиет кімнен берілген, отбасыңда опера әншілері болған ба?

- Отбасымда опера әншілері болмаған . Бірақ атам скрипкада ойнаған екен. Бұл Алланың маған берген сыйы деп ойлаймын.

- Сен сияқты опера әншісі болуды армандайтын қыздарға қандай кеңес бере аласың?

- Көздеген мақсатына жетуге үнемі талпыну керек. Ал қиындықтар болса мойымай алға жылжып, батыл болғаны дұрыс. Кемшіліктермен күресе білгені абзал. Жақсы ұстаз тауып, өнерін шыңдай түсуі қажет.

- Өмір тек жеңістен ғана тұрмайды, жеңіліс те болады. Осындай сәттерде не істейсің, алға не жетелейді?

- Әрине өмір болған соң түрлі жағдай болады. Бұл тек менің ғана емес, барлығының басынан өтеді. Ал кішкентай қиыншылықтар, менің үлкен арманымның қасында аса маңызды емес. Ал арманым осы дарыным арқылы әр тыңдарман жүрегінен орын табу. Осы арқылы оларға қуаныш сыйлау. Әрқайсының жүрегінен орын тауып, мейірімділік дәнін егу. Ал бір нәрсе қолымнан келмей жатса, бойыма бар қайратымды қайта жинап, алға жылжимын. Алар белесім әлі алда деп өзімді алға қарай жетелеймін. Еңбектеніп, үлкен мақсаттарды көздеймін.

- Италияндықтарға ғана тән өзгешелікті айта кетсең.

- Италияндықтар  да  қазақтар секілді қонақжай. Өнерге өте жақын, операны аса жоғары бағалайды.

- Бос уақытыңды қалай өткізесің?

- Қазір менде бос уақыт жиі бола бермейді. Күн тәртібім алдын ала жоспарланған. Бүгін Қазақстанда болсам, ертең Италиядан табыламын. Ол жақтан басқа елдерге гастрольдік сапармен шығамын. Сол кезде арнайы дайындықтан соң сәл бос уақыт бола қалса, көрікті жерлерін тамашалағанды ұнатамын.

- Сыртқы келбетіңе қалай күтім жасайсың?

- Үнемі сапарда жүргендіктен бұл әрине теріге де кері әсер етеді. Сондықтан, ең бірінші ылғалдандыруды ойлаймын. Суды жиі ішемін. Күнделікті өмірде табиғи жүргенді ұнатамын. Жас қыздарға аса қатты боянудың қажеті жоқ. Ал сахнадан соң бетімдегі бояуды зәйтүн майымен кетіремін. Ал арнайы сұлулық салондарына бармаймын. Оған әлі ерте деп ойлаймын.

- Жеке өмірің туралы айта кетсең. Ханзадаңды жолықтырдың ба? Марияға ұнайтын жігіт қандай болуы керек?

- Дәл қазір жеке өміріме уақыт жоқ. Уақытым тек өнеріме арналған. Шығармашылығымды шыңдау үстіндемін. Ал ханзаданы жолықтыруым уақыт еншісінде. Бірақ өзімді «мансап қуғыш» деп ойламаймын.  Жігіттің бойынан ең бірінші адамгершілігін бағалаймын. Ал келбеті мен үшін аса маңызды емес.

- Сенің сәттілігіңнің сыры неде?

- Ең бірінші іштей тәртіп керек. Әр нәрсеге үлкен жауапкершілікпен қараған жөн. Бастысы, өз салаңның маманы болу. Табиғи дарынды еңбекпен шыңдай түсу. Басты құпия осында деп ойлаймын.

- Кез келген ару сән әлемін назарынан тыс жібермейді. Сен өзіңді сән қуған қыздардың қатарына жатқызасың ба?

- Мен ең сәнді қалалардың бірі Миланда тұрамын. Соңғы сән жаңалықтарынан хабардар болуға тырысамын. Бірақ киім таңдап, дүкен аралауды аса ұнатпаймын. Оған уақытым да тапшы. Ал көңіл күйім болған кезде, сәті түсе қалған жағдайда  анаммен бірге дүкен аралаймын.

- 10 жастағы Мария шетелге кетпесе, елінде қандай мамандық иесі болар еді?

- Шетелге кетпесем де сахнадан алыстамас едім. Меніңше, мен сахна үшін жаралған адаммын. Елімізде де сахна төрінде әнші болып жүрер едім. Дәл опера әншісі болмасам да, өнерімді эстрада әншісі ретінде бағалар еді деп ойлаймын.

- Танымалдық адам өмірін өзгертетіні рас. Кейде «жұлдыз ауруымен» шалдығып қалатындары да бар. Бұған сенің көзқарасың қандай?

- Мен өмірімде көптеген әйгілі адамдармен кездестім, таныс болдым. Олардың бойынан көптеген жақсы қасиеттерді байқадым. Менің ойымша, адам кәсіби шыңдалып, жетістіктерге қол жеткізген сайын қарапайым болады. Біз өнерімізді көпшілік үшін жасаймыз. Сол үшін олармен табиғи қарапайым әрі етене жақын болуымыз керек.

- Сұхбат үшін көп рахмет Мария! Сәттілік тілейміз!

#Мария Мудряк #Мария Мудряк шетелде танымал опера әншісі #Мария Мудряк о жизни и творчестве

Загрузка...