Кенжебек ұлының дерті туралы алғаш рет сыр ашты

Автор: Жанар Мырзабаева
4925 0 Их жизнь
Сырт көзге бақытты көрінетін жұлдыздардың да өмірлерінде сынақтары мен ешкімге айта алмайтын мұңдары бар. Бірақ, оны елге жария салып, пиар жасаудың еш қажеті жоқ. Бұл ойға мен «Музарттың» кенжесі Кенжебекпен сұхбаттасып, сырласқан соң тоқтадым.
  • Кенжебек, сәлем. Қалайсыз?
  • Рахмет, Жанар. Бәрі керемет. Көптен жоспарласақ та кездесудің бүгін реті келіпті. Әдемі сұхбат болады деп сенемін.
  • Менде жақсылыққа үміттімін. Көптеген әріптестеріңіз өнер студиясын, жеке мектебін ашып жатыр. Сіздің ойыңызда осындай жоспар жоқ па?
  • Әрине, жеке кәсіп ашуды әрбір адам армандайтын шығар. Өнер мектебін бізге дейін 4-5 шұлықты тоздырып үлгерген әртістердің ашқаны жарасымды. Үйретерімнен үйренерім көп мен өнер саласында әзірге мектеп ашып, шәкірт тәрбиелеуге дайын емеспін. Бірақ, болашақта науқас балаларға арналған мектеп ашсам деймін. Перзенттері дертке ұшырап, түндерін уайыммен өткізіп, көз ілмей жүрген ата-аналарға көмектескім келеді.

  • Мұндай арман-мақсаттың пайда болуына не түрткі етті?
  • Өзімнің өмірімдегі үлкен сынағым себепші деп білемін. Мұңайып, тағдырыма шағым айтудан аулақпын. Алайда, ұлымның дерті мен үшін ең ауыр сынақ.
  • Алла жеңілдігін берсін деймін. Мен тұңғышыңыздың дерті туралы сырттай естіген едім. Әрине, жараңызды тырнаудан аулақпын. Десе де...
  • Сұрағыңызды түсіндім. Алла тағала адамға қандай сынақ берсе, содан сабақ алады ғой. Менің тұңғышым дүниеге келген кезде есту қабылеті нашар болды. Бастапқы да қателік шығар деп жақсылыққа үміттендім. Бірақ, тағдырдың тосын сынағы шығар, күні бүгінге дейін ұлымды емдету үстіндеміз. Мұндай сынақ кезінде адамға ең бастысы сабырлық керек. Мен таныс-тамыр, ағаларымыздың септігімен біраз нәрселерді ұттым. Ойлап отырсам, қолы қысқа,танысы аз қаншама қазақ балаларын емдете алмай қиналып жүр. Соларды көріп «неге осыларға көмектеспеске» деп тәсілдері мен жолдарын іздедім. Екі жыл болды ең бірінші мақсатым ретінде осы істі қолға алуға бел будым.

  • Өте керемет игі іс екен. Қолға алуға қаншалықты дайынсыз?
  • Әрине, ол мақсатымды іске асыруға аз уақыт қалды. Алайда, әлі ақылдасатын, шешілетін мәселелер көп. Мүмкіндігі шектеулі балаларға мектеп ашу сіз бен біз ойлағандай оңай емес. Мемлекеттің рұқсаты керек. Кей ата-аналар балалары естімесе де, сөйлесе деп армандайды. Осы арманның жетегінде ота жасатады. Ал, ол отаның сәтті болуы үшін өзінің мамандары керек. «Ешкі сойса да, қасапшы сойсын» деген сөз бар. Мұндай медициналық орталық ашу үшін ең бірінші кезекте білікті мамандар қажет. Үлкен қаржы керек. Сондықтан, қазір өз ісінің кәсіби мамандарын іздестірудеміз. Мысалы, мен өзімнің балама күніне 1,5 сағат жұмыс жасағаны үшін сурдопедагогқа 7000 теңге төлеймін. Енді соны бес күнге көбейтіп көріңіз. Бір аптада 35 000теңге тек мұғалімге жұмсалады. Ал, сол 35 000 теңгені бір айлық ретінде алып отырған ата-аналар қаншама?! Мен қазір баламның атынан қайырымдылық фонд аштым. Болашақта сол қорға қалталы бизнесмэндер, иманды жандар қомақты ақша салып жатса, сондай балаларға көмектесемін деген ниетім бар. Маған мұндай жағдайға душар болған жандар көп хабарласады. Жиі көмек сұрайды. Сондай жандарға аз да болса үміт беріп, қолдау көрсеткім келеді.

  • Қазір әңгіме етіп отырған дертпен күресу оңай болмаған шығар?
  • Әке болғасын әрине, жүрегім ауырады. Аллаға шүкір, қазір өз-өзіне келіп жатыр. Мектепке бара алады. Жазу жазады. Оқи алады. Бірақ, «оқи алады, есеп шығара алады» деп тастап кетпеу керекпіз. Одан әрмен дамытып, жұмыс жасау керек. Маған инстаграм арқылы бір келіншек «Кенжебек аға, менің де балама қос операция қатар жасалды. Туылған кезде жүрегіне, кейін құлағына ота жасады. Содан кейін күйеуім «сен сау бала туа алмадың. Ауру баланы өзің бақ» деп тастап кетті. Қазір баламды емдетуге жағдайым жоқ. Сіздің ашатын мектебіңізді асыға күтіп жүрмін» деп жазыпты. Меніңше, ол еркектің жүрегінде иманы жоқ сияқты. Өмірге келген ұрпағын шынайы жан-дүниесімен, жүрегімен сезінетін болса олай тастап кетпес еді.
  • Өзімде ана болғандықтан, ең бірінші ойыма жарыңыз түсіп отыр. Ол кісі бұл сынақты қалай қабылдады?
  • Әйел адам бізге қарағанда көбірек уайымшыл болады.  Ана болғасын қатты қиналып, уайымдайды. Әрине, кейде көз жасына ерік береді. Бірақ, жарым ешқашан жарқын болашақтан үміт үзбеді. Налымады. Керісінше, маған үлкен демеу болып, ертеңіме сеніммен қарауға көмектесті. Біз үнемі жолда жүреміз. Шаршап келген кезде қабағын шытпастан ыстық шайын беріп, күліп қарсы алады. Меніңше, мұндай батылдық тек әйел адамға берілген шығар. Әйелдің қырық жаны бар деп сол себепті айтылған деп білемін. Ұлымның жағдайы біздің бір-бірімізге деген махаббаттарымыздың күшейіп, сенімдеріміздың екі еселенуіне себеп болды. Ұлымнан кейін жеті айдан соң егіз қыздарым дүниеге келді. Өте қиын болды. Осы кезде Жәмиляның сабырына риза болдым. Егіздер түнде кезек-кезек оянады. Күндіз ұлымызға күтім керек. Мен үнемі үйде жоқпын. Оның үстіне өнер адамына да үлкен күтім мен бап керек. Осының бәріне әйелім түсіністікпен, сабырмен қарады. Кейде әйеліме қарап жаным ашып кететін. Себебі, бізге келген көмекші қыздар ұзақ тұрақтамайтын. Сол кезде мен әйелім үшін «Я, Раббым екінші жартыма сабыр бер» деп дұға ететін едім. Менің әйелім түгелі туған бауырларым үйге келсе ұзақ отыра алмайтын. Туған әпкелерім 2-3 күнге қонуға келген кезде «Жәмиля сенің төзімің қандай мықты еді?! Мына балалармен өмір сүру мүмкін емес қой» деп таңқалатын. Сондай қиындықтарға шыдап, еш налымай жүргендіктен шығар, менің бауырларым әйелімді ерекше сыйлайды. Мен әр істен бір береке көретін жарыма дән ризамын. 
  • Ендеше, сіздің үйде ыдыс-аяқ сылдырламайтын шығар?
  • Отбасы болғасын ыдыс-аяқ сылдырлайды, бастысы сындырмасақ болды деп ойлаймын.
  • Сұхбатыңызға көп-көп рахмет. Армандарыңыз орындалып, ұл-қызыңыздың қызығын көріңіз. 
Стоит почитать

Загрузка...
Комментарии 0
Чтобы оставлять комментарии, вам нужно зарегистрироваться или войти. Написать комментарий