Динара Сұлтан: дағдарысқа қарамай, Қазақстанға қайтамын

Автор: Aina Dosmakhambet
23043 4
Динара Сұлтанның жанкүйерлерін түрлі сұрақтар мазалайды: әнші Біріккен Араб Әмірліктерінде не істеп жүр? Қазақстанға қашан оралады? Қыздары қайда және қалай оқиды? Танымал әнші осы және басқа да сұрақтардың жауабын Comode редакторы Айна Досмахамбетқызына берген сұхбатында ашық айтты.

Динара, соңғы кезде сіздің сырт келбетіңіз қатты өзгеріп кетті дейді. Super Star жобасындағы Динараға мүлдем ұқсамайсыз.  Кейбір адамдар тіпті сізді танымай қалып жатыр.

Адам өмір бойы өзгермей, бір қалыпта қалмайды ғой. Бұл заңдылық. Сондай-ақ сырт келбетімнің өзгеруіне ана болудың да әсері бар. Super Star жобасында түріміздің өзгеше болғаны бет бояуына да байланысты болды деп ойлаймын. Ол кезде сырт келбетімізді барынша өзгертуге тырысты: шашымызды қиды, бояды, бетімізге де қабат-қабат бояу жақты. Қазір, әрине, мен шашымды боямаймын, қимаймын да. Былайша айтқанда, табиғи сұлулық (күледі).

Әйтеуір, пластикалық ота жасатқаның жоқсыз ғой?

Жоқ (күледі)! Қайдағы пластика? Жасым енді 29 толады. Шыны керек, көп нәрсе спорт пен дұрыс тамақтануға байланысты.

Бір сұхбатыңызда спорт пен дұрыс тамақтанудың арқасында салмақ тастадым дедіңіз.

Жалпы, мен ешқашан өзімді аса толық болдым деп айта алмаймын. Алайда, күн сайын міндетті түрде 1 сағатты спортқа арнаймын. Қазіргі жағдайда аяғым ауыр болғандықтан, тез шаршап қаламын. Сондақтан, жаттығуларды уақытша тоқтаттым.

Қашан босанасыз?

Осы айдың аяғы,болмаса, келесі айдың басы, Алла жазса.

Алғашқы баланы неше жасыңызда дүниеге әкелдіңіз?

23 жасымда. Өзім 21 жасымда тұрмысқа шықтым.

Жұбайыңызбен қалай таныстыңыз?

Білесіздер ғой, мен отбасым жайлы көп айтқанды ұнатпаймын. Сондықтан, жолдасыммен өнер жолында таныстым деп, қысқа қайыра салайын, ия?

Ең болмағанда, жай ғана шымылдығын көтеріп, оқырмандарға бергі жағын айтып берсеңіз, оларды бір қуантып аласыз!

Енді, адамдар әдетте қалай танысады, солай таныстық (күледі).

Білмеймін. Біреулер әлеуметтік желіде танысады, енді біреулер кафеде танысады, ал кейбір жұптар 10 жыл бойы бір партада отырып, кейін ғана бір-бірін ұнататынын түсінеді.

Біз бір концертте таныстық. Мен ол жерде ән айттым, жұбайым болса, көрермен ретінде келген болатын. Менің ән айтқанымды естіп, ғашық болды (күледі). Сол танысқаннан бері жұбымыз берік. Бірақ, мен оған бірден ғашық болмадым. Қысқасы, бір көргеннен бір-бірімізге ғашық болған жоқпыз.

Негізі, осыны дұрыс деп жатады психологтар. Бір көргеннен болған махаббат ұзаққа созылмайды деген тұжырым бар.

Солай ма? Ендеше, біздің махаббат ұзақ, әрі баянды болады ғой (күледі.)

Қазақстанда танысып, Біріккен Араб Әмірліктеріне қалай кетіп қалдыңыз?

Екінші қызым туылғаннан кейін, күйеуім жұмыс бабымен Дубайға кетуі керек еді. Сөйтіп, біз уақытша Дубайға көштік.

Демек, алдағы уақытта Алматыға қайта ораласыз ғой?

Елге ораламыз. Ол Алматы ма, Астана ма әлі белгісіз. Жалпы жыл сайын “биыл қайтамыз” деп жоспарласақ та, болмай жатыр. Мүмкін, келесі жылы қайтармыз, кім біледі...

Өзіңіз Қазақстанға қайтқыңыз келеді ме? Бізде дағдарыс, күн сайын девальвация. Адамдар қайта елден кетудің амалын ойластырып жатыр.

Ия, оның барлығын естіп жатырмыз. Бірақ, туған жеріміз сол ғой. Жалпы, біз Қазақстанда жиі болып тұрамыз. Жаз бойы сонда болдық, желтоқсан айын толығымен Қазақстанда өткіздік. Балаларымызға да ұнайды. Олар қазақ тілінде ғана сөйлейді.

Ағылшын, араб тілдерінде ше?

Ағылшынша және қазақша сөйлейді. Араб тілін онша білмейді. Жалпы менің үлкен бір арманым – балаларым қазақша оқып, қазақ мектебін бітірсе екен деймін.

Қазақстанда мектеп қарастырып қойдыңыз ба?

Белгілі бір мектепті таңдадым деп айта алмаймын. Басты шарт – оқу қазақ тілінде жүргізілу керек. Ағылшын тілін біледі, әлі де оқиды. Орысшаны былай-ақ үйреніп алады.

Ал Дубайда қалатын мүмкіншілік туса, қалар ма едіңіз? Әлде, бәрібір Қазақстанға ораласыз ба?

Қалмаушы едім. Барлық ағайын-туысымыз бен жора-жолдастарымыз Қазақстанда тұрады.

Ата-енеңіз ше?

Олар да Қазақстанда. Алматыда.

Енеңізбен қарым-қатынасыңыз қандай?

Енеммен қарым-қатынасым керемет! Ол кісі мұғалім. Мамандығы бойынша биолог. Өмір бойы мұғалім болып жұмыс істеген. Өте тәрбиелі, ақылды адам. Мектепте балалармен жұмыс жасаған оңай емес, білесіз ғой. Сондықтан, мен енемнен көп нәрсе үйреніп жүрмін. Одан басқа, енем еш уақытта күйеуім екеуіміздің арамызға түсіп көрген емес. “Екеуің де есейіп, ақыл тоқтатқан жансыңдар, өздерің шешіңдер” деген ұстанымда. Бұл өте дұрыс деп ойлаймын.

Бұған қарағанда, жарыңыз отбасындағы жалғыз бала емес ау.

Ия, жолдасымның аға-інісі және қарындасы бар.

Дубайда жаңа достар табылды ма?

Ия, бұл жерде қазақтар көп. Жаңа достар да пайда болды. Көбісі, өзіміз сияқты, жұмыс бабымен келді. Одан басқа, Еуропа тұрғындары да жеткілікті. Сосын, жергілікті арабтар да бар.

Арабтар балаларын қалай тәрбиелейді? Айырмашылық көп па?

Мен байқаған басты айырмашылық: олар бала жыласа, біз сияқты жүгіріп барып оны көтеріп, жұбатпайды. Біз ғой, баланы өзіміз көтере беріп, сосын қолдан түспейді деп жүреміз. Ал арабтар баланы көп қолға ала бермейді. Тіпті құлап қалса да, өзі тұрып, жүре береді. Мүмкін, ол арабтардың көп бала туатынына да байланысты шығар. Бір отбасында әдетте 4-5 бала.

Өз балаларыңыз туралы айтып берсеңіз?

Үлкен қызым Сурая 6-да. Мектепке 4 жасынан бастап барып жүр. Бұд жақта оқу жүйесі басқа. Біздің балалар 1-ші сыныпта оқитын әліппе, жазу сияқты сабақтарын ағылшын әдістемесі бойынша 4 жастан бастап үйренеді. Қазір болса, кітап оқиды. Екінші қызым Сара 3-те. Оған француз және ағылшын тілді балабақшаны таңдадық. Оның енді басы қатып жүр: балабақшада бірде француз, бірде ағылшын тілінде сөйлесе, үйде қазақша (күледі). Жақында, Алла жазса, 4-ке толады, ол да мектеп бағдарламасына көшеді. Ал кіші қызымыз үйде, ол екі жарым жаста. Біздің еркеміз. Есімі Иман. Жалпы, қыздар тілді араластырып сөйлегендіктен, қызық-қызық нәрселер айтады. Мысалы: “мынаны аш” деудің орнына “this one аш” дейді. Немесе, жоғарыға қарай нұсқап “қара up” дейді. “Мен мектепке барғанда” дегенді “When мен мектепке барғанда” деп араластырады. Басында қатты мән беретінбіз. Қазір үйреніп кеттік.

Төртінші баланың кім болатыны белгілі ме?

Оны білмедім. Ультра дыбыстық зерттеуден өткен кезде де айтқан жоқ. Айтпақшы, өз басым, Қазақстандық дәрігерлерді ұнатамын. Дубайда медициналық жабдықтау өте жоғары деңгейде болса да, кәсіби маман табу қиын.

Біздің адамдарға жаңалық аштыңыз ғой.

Мүмкін (күледі). Қазақстанда жақсы мамандар көбірек пе, әлде медицина жүйесі басқа ма, білмедім. Бірақ Дубайда мысалы, аяғы ауыр әйелдің қауіпті симптомдары бар болса да, сақтандыруға жатқызбайды. Сөйтіп, кейде әйелдер балаларын жоғалтып та жатыр. Сосын, Қазақстанда дәрігерлер әрбір нәрсеге назар аударады. Осы жақта болса, өлейін деп бара жатсаң да, еш дәрі бермейді. Тек панадол. Сол панадолмен бар ауруды емдейді. Тіпті өзің антибиотик сұрасаң да, рұқсат етпейді. Адам ағзасы кез-келген аурумен өзі күресу керек деген саясатты ұстанады. Ол, әрине, жақсы ғой. Дұрыс та шығар, мен келісемін. Бірақ, кейде қатты ауырғанда, немесе адамның денсаулығына қауіп төнгенде, бұндай медицинаға өкінемін.

Қазақстанда педиатрия мамандығын жауып тастады. Оны естідіңіз бе?

Жоқ, естімеппін. Ол қалай сонда? Меніңше, бұл дұрыс шешім емес. Дубайда педиатрия мамандығы бар.

Үш қызыңыз бар. Қыздарды қалай тәрбиелеу керек екенін жақсы білетін боларсыз?

Негізі, қыздардың тәрбиесінде ана мен әкенің қарым-қатынасы өте маңызды. Себебі, ертең олар тұрмыс құрып, ана атанады, бір отбасының ошағын сақтап отырған жар болады. Сондықтан, қыздың өз жарымен қалай сөйлесетіні, оның алдында өзін қалай ұстайтыны анаға байланысты. Менің ата-анам ешқашан бір-біріне дауыс көтеріп, болмаса, дөрекі сөйлеген емес. Бізге де сондай тәрбие беретін: эмоцияны ұстау керек, бір дөрекі сөз кетті ме, келесі рет те қайталанады. Анамның осы айтқан ақылы әрқашан есімде. Жалпы, баланы тәрбиелеуден бұрын, адам өзін өзі түзетіп алу керек. Балалар ата-анасына қарап өседі. Мысалы, мен таңертең балаларымды мектепке, балабақшаға өзім апарып тастаймын. Сосын келіп, күйеуімнің таңғы асын әзірлеп, жұмысқа шығарып саламын. Үй шаруасымен өзім айналысқанды қалаймын. Менің қыздарым да соны көріп, ертең өз отбасында қайталайды.

Қазақстан да, Біріккен Араб Әмірліктері де мұнайға бай елдер. Екі халықтың жағдайы неліктен жер мен көктей?

Бұл енді қиын сұрақ. Үлкен саясат. Оған араласқым келмейді. Сондықтан, жауап беремей ақ қояйын...

Шығармашылығыңызда қандай жаңалықтар бар?

Биыл, Алла қаласа, күзге таман екінші альбом шығаруды жоспарлап отырмын. Әрине, қазақ тілінде. Ал осы айдың аяғында “Құсни қорлан” әніне түсірілген жаңа бейнебаян жарыққа шығады.

Әндерді қайда жазып жүрсіз?

Жартысын Қазақстанда, жартысын Дубайда.

Ал сіздің бейнебаяндарыңызды Дубайда көрсетеді ме?

Жоқ, көрсетпейді. Шыны керек, бізде ондай ой да болған жоқ. Негізі жергілікті арабтар тек өз әншілерінің бейнебаяндарын тамашалайды, тек жергілікті орындаушыларды ғана тыңдайды. Өзінің жергілікті тағамдарын ғана жейді. Өте патриот халық.

Динара, шетелде жүрсеңіз де, ән айтудан қалмайсыз. Отбасыңыз бар, ақшаңыз бар. Өзіңізді жарнамалайтын адамға ұқсамайсыз. Сонда не үшін ән айтып жүрсіз?

Әрине, біріншіден, өзім үшін. Бағана айтып кеткендей, жастайымнан өзімді сахна төрінен көрдім. Анам да әнші болуыма үлкен үлес қосты. Оның үмітін ақтау үшін. Жарыма да менің ән айтқаным ұнайды. Сол үшін. Тыңдармандарым жаңа ән сұрап жатады. Солар үшін де.

Қазір продюсеріңіз бар ма?

Жоқ, қазір директорым бар. Ерлан Алимов.

Білмейтін адамдар үшін, продюсер мен директордың айырмашылығы қандай?

Директор әншімен бірге жұмыс істейді. Былайша айтқанда, әншінің қалауын орындайды, пікірін тыңдайды. Ал продюсер әншіні өзінің пайдасына жұмыс істетеді. Яғни қандай ән орындайтынын, қалай киінетінін, репертуары қандай болатынын өзі таңдайды. Әнші мен продюсердің арасында келісім шарт болады.

Динара, кішкентай кезіңізде өміріңіз дәл қазіргідей болады деп ойлап па едіңіз? Әлде, өмірге деген басқа жоспарыңыз болды ма?

Шынымды айтсам, мен өзімді кішкентай кезімде тек сахнадан көрдім. Неге екенін білмеймін, ана боламын деп ойламаппын мүлде (күледі). Ойлағанның өзінде, ары кетсе, 1-2 балам болады деп ойладым. Айтпақшы, егіз қыз болады деп, есімдерін де ойластырып қойғанмын. Алайда, қазіргі өмірім, Құдайға шүкір, армандағаннан да асып түсті. Өнер жолымен қатар отбасым да бар. Менің өнер жолымды әрқашан қолдап отыратын жарыма мың алғыс! Ол да мені әрдайым мақтап, алғысын білдіріп отырады. Бәрі дәл осылай болып шыққанына қуаныштымын.

Фотограф Сергей Беспалов

http://sergeybespalov.com/

@kripty

Стоит почитать

Комментарии 4
lagutkna

комментарий удалён

Zhannur

Журналистке этика жетіспейді. Сұxбатты тым болмағанда дөрекі сөздерден тазарту керек қой... Семіз... Ақша... Ужас!

Aina Dosmakhambet

Ақша деген сөздің несі дөрекі? Сұхбат Динараның да, кәсіби корректордың да тексерісінен өтті. Алайда, пікіріңізге рахмет.

Galina766

комментарий удалён

Galina877

комментарий удалён

Galina663

комментарий удалён

Катя342

комментарий удалён

Zhannur

Пунктуациялық қатесін тіптен сөз қылмай-ақ қойыңыз. Көз сүрінеді. Динара солай айтты деп ауызекі тілмен жіберу - қалай айтса да журналист үшін кешірілмейді. Оқырмандарды құрметтеу керек...

Aina Dosmakhambet

Жаннұр, қай жерден пунктуациялық қателер кетті? Мысал ретінде бір-екеуін жазып жіберсеңіз?

katerina112

комментарий удалён

Чтобы оставлять комментарии, вам нужно зарегистрироваться или войти. Написать комментарий