Ботагөз Алтынбекова: "Арманның" армандарының орындалмауының өз себептері бар

#Их жизнь

Топ құрылады. Көп ұзамай тарайды. Алғашқы кезде келісіммен тарадық дейді, жыл өте өкпелері шығады. Ал, Арман Дүйсенов құрған «Арман» дуэті неге тарады? Кінә кімнен? Бұл туралы топтың экс-мүшесі Ботагөз Алтынбековадан сұрап көрдім.

Бота сәлем, асүйде кездесіп қалдық. Жалпы, асхана тірлігіне қаншалықты пысықсыз?

Асханада ән салып, дәмді тағам пісіргенді мен өзім қатты жақсы көремін. Бірақ, таңнан кешке дейін асүйде пештің қасында тұрамын деп айта алмаймын.

Осындай дене сымбаттылығының қандай да бір құпиясы бар ма?

Шынымды айтсам, мен диета ұстаймаймын Тәбетім қалаған кез-келген тамақты жей беремін. Ең бастысы, ұйқыдан екі сағат бұрын тамақтанбаймын. Суды көп ішемін.

Енді, әңгіме ауылын шығармашылыққа бұрсақ... «Арман» тобынан неге кеттің?

Топтан мен кеттім деп айта алмаймын. Ортақ шешім арқылы тарадық деген жөн болар. «Арман» дуэтінің келісім-шартының уақыты аяқталған соң, топ жұмысын тоқтатты. Қазір өзімнің жеке шығармашылығыммен айналысып жүрмін.

Ал, «Арман» дуэті саған не берді?

2013 жылы Арман Дүйсенов ағамыздың жеке шығармашылық кеші болды. Аталмыш шарада өнердегі досым, әріптесім Ғазизхан Шекербеков екеуміз дут болып ән айтқан едік. Сол кезде Арман ағамыздың көзіне түскен болу керекпіз, көп ұзамай ол кісіден «Арман» деген дуэт құрсақ және оның продюсері өзім боламын» деген ұсыныс түсті. Біз қуана-қуана келістік. Шамамен екі жылдан астам уақыт жұмыс жасадық. Бұл уақыт аралығында мен өзіме тек өнерде ғана емес, өмірде де сабақ болатын, азық болатын көп дүниелерді алдым десем болады. Үлкен сахнаға жол сілтеп, бағыт-бағдар көрсеткен Арман ағамызға үлкен алғысым шексіз. 

Жеке шығармалықта қандай сүйінші жаңалық бар?

Жеке әнші ретінде жуырда жаңа әнім шықты. Соған бейнебаян түсіру үшін қызу дайындық басталды.

Халықты таңқалдыру қиын уақытта шоу-бизнеске қандай тың жаңалық әкелуге ниеттісің?

Үлкен мақсат, жоспар көп. Барлығы деп көпке топырақ шашпай-ақ қояйын, бірақ біраз жас әнші қыз-жігіттер тойдың әнін айтып кетті. Жалпақ тілде айтсақ, «халтура» дейміз ғой. Мен өз басым оған үзілді-кесілді қарсымын. Мысалы, Шәмші Қалдаяқов ағамыздың әндерін қарап отырсаңыз жеңіл емес, конкурстық әндер. Оған дәлел жыл сайын Шымқалада өтетін «Шәмші әндерінің байқауы». Сондай әндер, сөздері мағынады, вокалды жағынан сәл дауыс көрсететін әндер өте аз. Осы олқылықты толтыру бағытында жұмыс жасағым келеді. Және әртүрлі жанрда, ерекше образбен шығып, әнмен де, бимен де халықты таңқалдырғым келеді. Басты ұстанымым- жалаңаштанбаймын. 

Конкурс деп қалдыңыз, сізді конкурстың әнші деп атауға болады ма? Әлде байқауда бақ сынауға қорқасыз ба?

Әрине, конкурсқа қатысудан бас тартпаймын, бұған дейін де қатысып жүрмін, қатысамын да. Өзіме 100% сенімдімін. Әрине, телевизиялық байқауда бағымды сынамағандықтан көпшілік тани бермеуі, біле бермеуі мүмкін. Бірақ, болашақта жоспарда бар. Қазір сол бағытта жұмыс жасалуда. Конкурстағы басты мақсат жеңу емес, өзімді шыңдау, тәжірбие алмасу. Бәсеке бар жерде әрдайым да нәтиже мен жоғары өрлеу болады.

Телевизиялық байқауға қатысуға сізде не жоқ: таныс па? Демеуші ме? Әлде дарын ба?

Талантым бар-жоғын халық өзі саралайды. Ал, үлкен конкурстық жобаларға қатысу үшін мен өзімді дамыту үстіндемін. Бәйгеге қатысу оңай емес: жолың бар, киетін киімің, орындайтын сапалы әнің бар. Мұның бәрі үлкен қаржыны талап етеді. Ал, маған қаржылай қолдап, демеу көрсететін «демеуші» жетіспейді. Бірақ, мен өзгенің қалтасы мен ақшасына емес, өзімнің еңбегіме арқа сүйегім келеді. Қазір сол себепті ерінбей еңбектенудемін. 

Бойыңыздағы үш жаман қасиетті айта өтсеңіз?

Бойымдағы үш жаман қасиетім: шындықты адамның көңіліне қарамай тік айту; біреуге өкпелесем ұзақ сөйлеспеймін, кешіруім қиын; көп кешігемін.

Ал,өзіңізге ұнайтын үш жағымды қасиеттеріңіз қандай?

Жақсы қасиеттерім: тазалықты жаным сүйеді; ұйқыны ұнатпаймын, кеш жатып, ерте тұрамын; адаммен тез тіл табыса аламын.

16-жасыңыз қайта оралса, өміріңізде не өзгертер едіңіз? Бір сөйлеммен жауап берсеңіз...

16-жасым қайта оралса, өнерге сол кезден білек түріп кіресер едім.

#әнші #таңғы ас #Ботагөз Алтынбекова #Арман дуэті #Арман тобы #Ғазизхан мен Бота #құймақ пісіру #құймақ пісіру тәсілі

Загрузка...