Қазақстандықтардың арасында ең танымал түрік әртістері

#Их жизнь

“Сериал - бұзау емізеді, бұзау - таяқ жегізеді” деген су жаңа мақал бар біздің қоғамда. Оның шығуына сонау бір кездері 3-4 жылға созылған түріктің “Денисі”, одан қалды үндінің Анандиі себеп болды.

Барлық кәрі мен жас  осы телехикаялар басталған кезде еш қозғалыссыз теледидар алдына жайғасатын. Сондықтан болар, рейтинг қуған арналар күні бүгінге дейін түріктің телехикаяларын сатып алудан бас тартпайды. Өйткені, қазекеңдер отандық өнімнен гөрі шым-шытырыққа толы түрік ағайындылардың туындыларын жоғары бағалап отыр. Тіпті, отандық актерлердің емес, түрік әртістерінің өміріне ерекше қызығушылық тудыруда.

Бурак Озчивит

Қазақстандық көрерменнің көзайымына «Kara Sevda» телехикаясы арқылы жол тапқан Бурак 1984 жылы теңіз жағасындағы Мерсин қаласында дүниеге келген. Кейін отбасымен бірге Стамбулға қоныс аударады. Өзінен бес жасқа үлкен әпкесі мен аяулы анасы бар. Шағын кәсіпкерлікпен айналысқан Бурак кәсіби өнер саласында білім алған. Алайда, кино әлеміндегі бағына күдікпен қараған студент Озчивит 2006 жылдан бастап модель ретінде жұмыс жасайды. Тіпті, бірнеше рет «Әлемнің ең үздік модельі» байқауында күміс жүлде иегері атанған.

Подиумдағы сымбатты серіні көрген режиссерлер өздерінің туындыларына шақыра бастайды. Алғашқыда эпизодтардан тәжірбие жинаған Бурактың жұлдызын «Королек - птичка певчая» телехикаясы жаққан. Дарынды актердің қоржынында барлық жанрдағы фильмдер бар.

Алайда, 2015 жылы жарыққа шыққан «Kara Sevda» туындысының орны бір бөлек. Өздерінің актерлік шеберліктеріне сендіре білген әріптестер Неслихан Атагюльмен Бурак өмірде мүлдем араласпайды-мыс. Тіпті, түсірілім арасындағы үзілісте де олардың әңгімелері жараспайды екен. Даудың басы аталмыш телехикаядағы Бурактың Неслиханды шынайы әрі беріліп сүйген кадрдан басталыпты. Бұл үзінді Атагюль ханымның сүйіктісіне ұнамаған. Қызғанышқа мас болған азамат үлкен жанжал туғызыпты. Бұдан кейін қос актер өзара шекара сақтап, араласпауды жөн санаған.

Ал, талайды көркімен тамсандырған Бурак бірнеше жылдар бойы фотомодель Джейлан Чапамен көңіл жарастырған еді. Десе де, ұзаққа созылған кездесудің соңы тоймен емес, даумен аяқталды.

«Королек - птичка певчая» телехикаясының түсірілімінде Бурак жас әрі ақылына көркі жарасқан  Фахрие Эвджен танысады. Әріптестік қарым-қатынас достыққа, одан махаббатқа, ал соңында тойға ұласады. Ұзынқұлақтың ақпаратына сенсек, қос ғашық 2016 жылдың ақпанында шариғат бойынша неке қиған. Ал, 2017 жылдың 29-маусымында Босфор бұғазындағы Sait Halim Pasa жабық тарихи виллада өткен үйлену тойына түріктің хикаяларын назардан тыс қалдырмайтын күллі қазақ қуанды. Дүркіреп өткен тойдан соң балайын жас жұбайлар Мальдив аралында өткізді.

Фахрие Эвджен үйлену тойына үш түрлі той көйлегін киіп шықты. Оның екеуі түріктің танымал дизайнері Рашит Бағзыбағлының қолынан шықса, тағы біреуін Фидан Шимшек есімді белгілі дизайнер тіккен. Ал Бурак Өзчевит болса Дервиш Бағзыбағлының қолынан шыққан күйеу жігіт костюмын киді.

Юсуф Чим

Кино әлеміндегі қадамын 2014 жылдан бастаған Юсуф Чим біздің тәуелсіздіктің құрдасы. 1991 жылы 26-қыркүйекте Стамбулда дүниеге келген. Отбасында әпкесі мен ағасы бар актер бала кезінен футболға құмар. Егер балалықтың шалалығынан алған жарақат болмаса, Юсуф бүгінде Түркияның футбол құрамасында болар ма еді, кім білсін?!

Теңбіл доппен қоштасқан соң Юсуф техникалық бағытта білім алуды жөн санаған. Алайда, студент техник-программист болашақта өзін кино саласынан көретінін түсінеді. Нәтижесінде алғашқы мамандығын орташа бағамен бітіріп, өнер университетіне түседі.

Ал, 2013 жылдың тамызында ол өзінің тағы бір қырын дамытуға бел буған. Енді ол тек актер емес, әнші атанып, студияда күні-түні жұмыс жасайды. Тіпті, көк жәшіктен сымбатты көрінетін, сахнада өзін еркін ұстай білетін жас жігітті түрік телеарналары тележүргізуші ретінде шақырып, бірнеше жобаларды бірге атқарған.

Өзін қосымша рөлдерде дамытып жүрген актерге 2015 жылы үлкен бақыт келеді. Алғаш рет басты рөлге ие болады. Ол - біздің елімізде де  ең жоғары рейтингке ие болған “Құлпынай иісі” телехикаясы. Аталмыш туындыда басты рөлді сомдаған Демет Оздемирмен махаббат романы болғаны көпке аян. Алайда, қос ғашықтың мақсаттары мен ойлары бір арнада тоғыспай, жолдары екі бөлек кеткен.

Бүгінде танымал актер денсаулығында кемтарлығы бар балаларға арналған қайырымдылық үйінің демеушісі.  

Денис Байсал

«Фазилет ханым және оның қыздары» атты 50 бөлімнен тұратын телехикаяны қазекеңдер ғаламтордан бірнеше қайтара көргені анық.  Әсіресе, байлыққа қызықпайтын, шынайлықты жақсы көретін Хазан да танымал түрік әртістерінің бестігіне кіреді.

1991 жылы дүниеге келген Денис - отбасында жалғыз қыз. Бірақ, әкесінің алғашқы некесінен қос әпкесі бар. Бойжеткеннің де ата-анасы ұзақ бірге өмір сүре алмаған. Денис алтыға толған кезде ерлі-зайыптылар әңгімесінің де, махаббаттарының таусылғанын түсініп, бөлек кетеді.

Бұл оқиға бала психологиясына әсер етсе керек, ұзақ уақыт махаббат кейіпкері болуға қорыққан. Өзін оқу мен ізденіске арнайды. 2009 жылы ару «Ішкі сауда және нарық» бөлімінің студенті атанады. Алайда, ғашықтық сезім сұрап келмейді.

Күндердің күнінде «Kolpa» тобының әншісі Барыш Юртджумен танысып, әңгімелері жарасып, құлыптаулы жүрегін ашады. Дениске ессіз ғашық Барыш махаббатын дәлелдеу үшін топтың кезекті бейнебаянына түсуге шақырған.

Десе де, тележұлдыз болып, көптің көзайымына айналамын деп ешқашан ойлаған емес. Бұл бейнебаян оның актрисалық қырын ашып, режиссерлерге шабыт береді. Нәтижесінде, Денис қазір төлемақысы қымбат әрі ең әдемі түрік актрисаларының бірі де бірегейі. 

2018 жылдың басында ол өзінің ғашығы Барыштың тума-туыс, ата-анасымен танысты. Тойдың да ауылы алыс емес деп жорамалдауда көрші төртінші билік өкілдері. 

Айтпақшы, оқушы кезінде Денис Байсал баскетболға ерекше қызыққан. Тіпті, беріліп ойнағаны соншалық оқыс оқиғаның кесірінен мұрнын да сындырған.

Озджан Денис

1972 жылы Анкарада туған бұл актерді талай қазақ қызы армандаған шығар. Тіпті, кейбір 25-30 жас аралығындағы қыздардың талғамындағы азамат Озджанға ұқсас: денелі, сымбатты, қабақты болу керек екен.

Озджан бала кезінен өнерге жақын болған. Әсіресе, оның әдемі дауысын көршілері тамсанып тыңдап, ұстаздары жиі мақтан етеді екен. Ал, орта сыныпқа келген кезде ол туыстары үшін үлкен соққы жасады. Жасөспірім Озджан Денис енді мектепті оқудан бас тартып, түбегейлі шығармашылықпен айналысуға бел буды. Анасы баласының болашағына қатты алаңдап, қарсылық білдірсе де ниетті іске аспады.

Озджан Денистің шығармашылық жұмыстары 13 жасында басталды. Ал, 16 жасында ол Түркияның барлық қалаларында жеке шығармашылық кешін өткізді. Бір жылдан соң туған елін тастап, Германияға қоныс аударады. Үш жылға жуық Мюнхенде тұрған бозбала өзінің стилімен, дауысымен, өзге де өзін-өзі дамыту бағытында жұмыс жасаған. Ал, кейін елге оралып, өзінің әскери борышын өтеуді жөн санайды. Үш жыл азаматтық борышын атқарған соң қайтадан өнерге көңіл бөлген.

«Теперь он солдат», «Июньская ночь» и «Где ты, Фируза?» секілді кинокартиналарда басты рөлді сомдаған Озджан Денистің танымалдылығы «Опасная любовь» туындысынан соң еселене түседі. 2012 жылы ол өзін режиссер ретінде сынап көруге бел буады. Нәтижесінде, талай қазақты жылатқан «Ты, мой дом» кинокартинасы жарыққа шықты.

Бұл актердің тек өнерде емес, жеке өмірде де жолы болған. Оның сымбаттылығына кез-келген ару ғашық болады. Бірақ, өзінің сыртқы және ішкі сұлулығына сенген жігіттің талғамы да биік. 1991 жылы Хандан есімді аруға үйленіп, 2000 жылы ажырасады. Сәтсіз некеден соң Озджан Дениз көп мұңаймады. Ол өзінің әріптесі Фахрие Эвджен қол ұстасып, махаббат құрады. Тіпті, ниеттері үйлену тойына дейін барса да ортадан бір қара мысық кесіп өтеді. Нәтижесінде 2013 жылы олар екеуінің махаббат хикаясының аяқталғанын ресми хабарлайды. Кейін Озджан мырзаның ғашықтарының тізімі күн сайын арта түседі: Арвой Гауда, Бусе Нарджи, актрисаЭдже Услу және т.б.

Ал, 2018 жылы ол бойдақтықпен қоштасып, өзінен 20 жас кіші сұлуға үйленеді. Актер Озджан Дениздің неке қию рәсімі биыл 8 наурызда жақындарымен бірге өтті. Таңдаған өмірлік жарының есімі - Фейза Актан.

Фахрие Эвджен

Бурак Озчивиттің жан-жары Фахрие де отандастарымыздың арасында хит. 1986 жылғы түрік актрисасының бойы 167 см. Алайда,актрисаның туған жері – Германия.

Бала кезінде көп қиындық көрсе де, Фахрие мектепте үздік оқушы болған. Әсіресе, тілге деген қабылеті ерекше байқалған. Бүгінде актриса неміс, түрік тілдерінен өзге, ағылшын, испан тілін жетік меңгерген.

Оқушы кіші Эвджен ханымның өнерге деген талабы да ерекше екен. Мектепаралық театрдағы қойылымдарда басты рөлдерді сомдап, тәжірбие жинаған. Алайда, қыз бала үшін жолы ауыр өнерден бойын алыс ұстауға тырысып, тарихшы мамандығы бойынша студент атанады. Десе де, іштегі өнер ұзақ тұншығып жатпасы анық!

2005 жылы анасымен бірге Стамбулға демалысқа келген Фехрие «Никогда не забывай» атты фильмге арналған кастингті көреді. Бағын сынап көрмек болған арудың жұлдызын дәл осы кино жаққан. Түсірілім аяқталған соң бірден «Листопад» фильміне ұсыныс түсіп, жұмысқа білек түріп кіріскен.

Біздің отандас киносүйер қауым Фахрие Эвдженді «Ты, мой дом» драмасы арқылы таныған. Одан бөлек «Королек – птичка певчая», «Любовь похожа на тебя» атты телехикаялары да телеарналардан жиі көрсетіліп жүр.

Танымал актрисаның тек өнерде емес, жеке өмірде де жолы болған. Озджан Дениспен болған сезімге толы махаббаттары сәтсіз аяқталса да, көп ұзамай сұлу өмірлік ғашығын тағы да түсірілім алаңынан кездестірген. Ол – Бурак Озчивит. 2015 жылы алғаш танысып, тура бір жылдан соң Италияға романтикалық демалысқа ұшып кетеді. Сол елде түріктің романтик актері сұлу бикешке автокөлік пен сақина сыйлап, ұсыныс жасайды. Ал, үйлену тойлары 2017 жылдың 29-маусымында 500-тен астам сыйлы қонақтардың ортасында дүркіреп өтті. 

#Бурак Озчивит #Юсуф Чим #түрік актерлері #Денис Байсал #Озджан Денис #Фехрие Эвджен

Загрузка...