Асан Мәжит: "Бұрынғыдай шақырған рөлге шаба бермеймін. Гонорар мен үшін маңызды"

Автор: Жанар Мырзабаева
258 0 Их жизнь
Асан Мәжит. Бұл жігітті көрермен «ГАБА» деп таниды. Көп сұхбат бермесе де, өте көп рөлдерді сомдап жүрген актермен сұхбаттастым.
  • Асан, сәлем. Қалайсыз? Әңгімені ең әуелі шығармашылық жаңалықтардан бастасақ...
  • Басты сүйінші жаңалықтарымның бірі қазір мен М.Әуезов атындағы драма театрында қызмет атқарудамын. Қара шаңырақтағы алғашқы маусымым болса да үлкен сенім артылып, қос бірдей басты рөл берілді. Бірі - жуырда ғана премьерасы болған «Қыз Жібек» қойылымындағы Бекежан рөлі. Ал, екіншісі жуырда  тұсаукесері болатын Асқар Сүлейменовтың «Адасқақ» спектакльіндегі Ақан серінің образы. Екеуі де тарихи тұлға болғандықтан үлкен зерттеу мен ізденісті талап етеді. Сондықтан, бүгінгі таңда барлық күш – жігерімді театрдағы дайындықтарға жұмсаудамын.
  • Ал, мынау сақал қандай образға арналған?
  • Сіз  сұрап отырған сақалдың да шығармашылығыма тікелей қатысы бар. «Қазақ хандығы» телехикаясының екінші маусымына арнайы өсірілген сақал. Келесі айдың ортасында «НЕДЕЛИМОЕ»  фильмінің тұсаукесері болады. Ол жерде де мені сақалмен көресіздер.
  • Театр мен киноның үш басты айырмашылықтарын атап өтіңізші...
  • Театрда сахнаға шыққан кезде кейіпкердің образын бастан –аяқ тоқтамастан алып шығу. Ол жерде кинодағыдай дубль, қайталау, демалу деген болмайды. Көрерменге бір сағат, бәлкім екі сағат бойы кейіпкерді сезіндіру, жеткізу - актердің басты міндеті, шеберлігі. Жолдан қосылған актерлар театрда жұмыс жасай алады дегенге сенбеймін. Ол үшін үлкен мектеп пен тәжірбие керек. Бұл бірінші айырмашылық. Екіншісі, кино актерлері танымалдылыққа тез жетуі мүмкін. Ал, театр әртістерінің жұлдыздарының тез жануы өте қиын. Әрине, өз көрерменің болады. Бірақ, фильмдегідей көп емес. Оның негізгі себебі, қазіргі көрермен театрға көп бармайды. Үшінші айырмащылығы, текті әрі асылдың сынықтары болып келетін нағыз әртістерді тек театрдан кездестіре аласыздар. Әрине, киноға түседі. Бірақ,өте сирек. Үлкен буын, театр ақсақалдары киноға көп келісе бермейді. Сондықтан, олардың ақылын, өнерін, былайша айтсақ «мастер-классты» тек театрдан көре аламыз.
  • Күні бүгінге дейін қанша фильмге түстіңіз? Сіздің төлқұжат рөліңіз қандай?
  • Бұған дейін 30-40 сериал мен 20-дан астам фильмде бағымды сынадым. Оның көбі екінші пландағы рөлдер болды.  Көрермен мені тек 4-5 жобада басты рөлде көрген шығар. Көбі мені Габа деп таниды. Төлқұжат рөлім сол «Вузеры» телехикаясындағы Ғабит деген «старшактың» образы шығар. Ал, қазір ақырындап Асан деген есімге көше бастады. Оған басты себеп Нұртас Адамбаевтың «Тараз» фильмі. Ол туындыда менің кейіпкерімнің есімі – Асан болды.
  • Өзіңіздің атыңызды көрерменге таныстыру үшін Асан есімін таңдадыңыз ба?
  • Жоқ,Асан деген есім менің ұсынысым емес. Режиссер сол кейіпкердің образын жасап, сценарий жазған кезде мені елестетіпті. Бір сөзбен айтсам, «Тараздағы» Асан образы маған арнайы жазылған.

  • Бұған дейін түскен кинокартиналардың арасында «қап, әттеген-ай, бекер келістім» деген фильмдер бар ма?
  • «Осы рөлді бекер сомдаған екенмін», «Бекер келісіппін», «уақытым бос кетті» деп өкінетіндей жобалар жоқ. Бірақ, уақыт өте келе актерлер рөлдерді таңдай бастайды. Мен де сол дұрыс па деп ойлап қалдым. Ең бірінші толықтай танысу керек сияқты. Қандай сценарий, режиссері кім, одан кейін әрине, бүгінгі таңда өте маңызды мәселелердің бірі гонорар туралы да алдын ала сөйлесіп, талқылау керек.
  • Өмірдегі Асанмен ұқсас рөлдеріңіз бар ма?
  • Жоқ. Мен сомдаған барлық рөл менің табиғатымнан алыс. Неге екенін білмеймін, барлық режиссерлер маған бұзық, сотқар, т.б.жағымсыз рөлдерді ұсынады. Бәлкім, түрім сондай кейіпкерге сай келетін шығар. Бірақ, барлық кейіпкерлер маған қарама-қайшы. Алайда, болашақта өзімнің мінез-құлқыма ұқсас кейіпкер кездеседі деп сенемін. Менің барлық рөлдерім ұрланған образдар. Себебі, өзімнің табиғатыма жат мінезді ашу үшін соған ұқсас келетін жақындарымды, достарымды, тіпті бейтаныс жандарды зерттеп, бойыма сіңіруге тырысамын. Кейде «өзіңе ұқсас рөлді сомдау тіптен қиын» деген пікірді естіп жатамын. Оны өз уақытында көріп, саралаймын.

  • Сіз үшін ең маңыздысы гонорар мәселесі ме, әлде кейіпкеріңіз бе?
  • Кино саласында жүргеніме10 жылдай болып қалыпты. Алдыңғы 4-5 жыл бұрын «сіз осындай рөлге бекітілдіңіз», «кастингтен өттіңіз» деген хабар жетсе төбем көкке тиместен жүгіретін едім. Ештеңе ойламастан келісім беретінмін. Бірақ, уақыт өте әр актер таңдау мен талдауға келу керек сияқты. Мен қазір таңдаймын. Сараптама жасаймын. Егер менің өмірлік ұстанымыма, табиғатыма керіағар образ болса төлемақысына мән берместен бас тартамын. Әуелі сценарий, тіпті болмаса синоптигін оқып көремін. Қазір бұзақы, жағымсыз рөлдерден бас тартамын. Себебі, барлық рөлдерім бір типажды болып кетті. Режиссерге де мән беремін. Бірақ, бұл жаңадан бастаған режиссерлерден бас тартамын деген сөз емес. Керісінше, оларға қолдан келгенше қолдау көрсетуге тырысамын. Тіпті, кейде төмен гонорарға да келісе саламын. Әрине, әр еңбек бағалануы керек. Сондықтан, гонорар мәселесі де маңызды. Алайда, мен үшін ең бастысы, көңілге қонымды рөл, білікті режиссер, ал ақша үшінші орында.

  • Сонда, Асанның гонорары қанша?
  • Егер кейіпкер мен режиссер ұнап, менің актерлік қабылетімді көрерменге жеткізе алатынына сенсем гонорарға еш қарамаймын. Бірақ, тегін түсемін деп айта алмаймын. Жоғарыда айтып өттім еңбек бағалануы керек. Десе де, дюбет режиссерлер мен өз ақшасына фильм түсіретін жандарға міндетті түрде өз гонорарымнан төмен бағаны айтамын. Ал, егер маған ұнамайтын кейіпкер болса қанша ақша берсе де мен ол рөлден үзілді-кесілді бас таратамын. Осы жылы екі рөлден бас тарттым. Төлемақылары керемет болса да, менің діни ұстаныма қарсы келетін образ болды. Сондықтан, ойланбастан бас тарттым.
  • «Актерлер жиі ғашық болады» деген пікірмен қаншалықты келісесіз?
  • Енді ол маған қатысты нәрсе емес деп ойлаймын. Және де ол актерлердің бәрі ғашық болғыш дегенге сенбеймін. Өзімнің ғашығым – жан-жарым бар.

  • Өмірлік серігіңіз де өнерден алыс емес. Ол кісінің шығармашылығын жалғастыруын қаншалықты қолдайсыз?
  • Иә, әйелім де кәсіби актриса. Бірге «Ақсарай» театрында бірге қызмет еттік. Қазір ол үш баланың анасы. Декреттік демалыста жүріп, 4-5 жыл өнерден алыстап кетті. Бірақ, «Сахнаға қайта ораламын. Фильмге түскім келеді. Театрда қызмет жасаймын» десе қарсы емеспін. Қолдаймын. Қолымнан келгенше көмектесемін. Себебі, оның қандай талантты актриса екенін жақсы білемін. Бірақ, сүйіктімнің әзірге ол салаға еш қызығушылығы жоқ сияқты.
  • Балаларыңыз өнер жолын таңдаса қолдайсыз ба?
  • Шынымды айтсам, ұл-қыздарымды өнер әлеміне қимаймын. Ол саланың қиындығы мен ауырлығын сезінбесе деймін. Қыздарым өнерге барамыз десе бірден «жоқ» деп әңгіменің нүктесін қояр едім. Ал,ұлым таңдайтын болса, амалым жоқтық келісемін. Демеу болуға тырысамын.
  • Рахмет, Асан. Шығармашылық табыстар тілейміз. Келесі кездескенше. 
Стоит почитать

Загрузка...
Комментарии 0
Чтобы оставлять комментарии, вам нужно зарегистрироваться или войти. Написать комментарий