Айжан Нұрмағанбетова: "Апаттан соң бір жыл төсектен тұра алмадым"

#Их жизнь

Сырт келбеті суық, қатал көрінсе де, Айжан Нұрмағанбетованың жүрегі нәзік. Мұны кезекті сұхбат барысында байқадық. Әнші кемтар азаматтар бағын сынаған караоке жарысына әділқазылық көрсетуге келіпті.

Айжан Нұрмағанбетова:

Байқауға қолдау көрсетуге не түрткі болды?

Шараның бағыты мен мақсатын естіген кезде еш ойланбастан келістім. "Маған мұқтаж жандар караоке орталығында ән айтып жарысады. Сіз өзіңіз қазылық етуге кел аласыз ба?",- деп хабарласты. Кідірместен келістім. Барлық басқа шаруаларымды ысырып тастадым. Себебі, мұқтаж жандарға моральді және материалды көмек көрсету менің адамгершілік парызым деп санаймын.

Қазір әріптестеріңіз өздері жасаған қаржылай көмекті, садақаны ғаламтор арқылы жарнамалауды сәнге айналдырған. Мұндай қадамды қаншалықты қолдайсыз?

Осыдан бірнеше жыл бұрын мені балалар үйіне концертке шақырды. Ұйымдастырушылар қазақ эстрадасының жұлдыздары көп болады. Концерт сағат 17.00-20.00 аралығын қамтиды деді. Мен өзімнің басқа да шаруаларымның бар екенін түсіндіріп, сағат 19.30 баратынымды айттым.

Сол күні өзім айтқан уақытта барып, 5-6 әнімді айтып, балаларға қуаныш сыйлап қайттым. Бір қызығы, мен 19.30-да барсам ешқандай әнші келмепті. Мен келген жұлдыздардың біріншісі де, соңы да болдым. Тізімді қарасам, елімізге танымал талай әншілердің аты жазылған.

Бірақ, бірінің де көлеңкесі көрінбеді. Бұл – дұрыс емес. Мені көрген балалардың көздері жәудіреп қарсы алды. Билеп, ойнап, қуанып қалды. Мақтанып отырған жоқпын. Тек болған оқиғаны айтып отырмын. Ал, қазір өзіңіз айтқандай әріптестерімнің арасында жасаған жақсылықтарын жарыса жазу сәнге айналған. Мені оны қолдамаймын. Кез-келген қайырымдылық концерттеріне тегін қатысып, жұқа қағазыма аз болса да ақша салып баруға тырысамын. Біздің берген ниетімізге қарай Алла да береді.

Кемтар жандарды көрген кезде аяйсыз ба, әлде шүкірлік етесіз бе?

Мен мұндай жандарды көргенде әрине, аяймын. Сөйлескен кезде жылағым келіп тұрады. Бірақ, әлсіздік танытпаймын. Себебі, олар менің алдымда өздерін мықты ұстап тұр ғой. Менің аяғым жоқ, қолым жоқ деп сынып жатып алмады, тұрды. Өмірдің сынағына тік қарап, толқынға қарсы жүзді. Бүгінгі күннің қаһармандары деп атар едім.

Өйткені, біздің қоғамда төрт мүшесі түгел, ақыл-есі түзеу болса да отбасын асырай алмай жүрген еркек қаншама?! Алақан жайып ақша сұрап жүрген әйелдер де аз емес! Міне, сондай өздерін қолдан әлсіз етіп көрсетіп жүрген жалқаулардан аяқ-қолдары кемтар болса да осындай азаматтар биік!

"Денсаулықтың қадірін білу үшін сырқаттану керек" деген сөзді тілге тиек еттіңіз. Яғни, сіздің де басыңыздан үлкен қиындық өткен сияқты...

Мен бұл адамдарға риза боламын. Төсек тартып жату немесе біреудің көмегіне мұқтаж болу оңай емес. Осыдан жиырма жыл бұрын мен үлкен жол апатына түстім. Бір жылға жуық төсектен тұра алмай, сал болып жатып қалдым. Кейде өмірім тоқтап қалғандай елестейтін еді. Өнермен қоштасып, сахнаға қайта шықпастай қорқатын едім. Алайда, маған жақындарым, бауырларым қолдау көрсетті. Сенді, жігер берді. Нәтижесінде міне, сахна рахаттанып билеп, ән айтып жүрмін.

Үлкен мерейтойға үлкен дайындық басталған шығар?

Биыл менің сахнаға шыққаныма 40 жыл болады. Әрине, кеш өткізуді армандап жүрмін. Бірақ, жоспарым мынадай, мақсатым анадай деп аңқылдап айтқым келмейді.

Алланың қалауы болады. Қазақта: "Құдайды күлдіргің келсе – жоспарыңды айт" деген сөз бар. 20 жыл бұрын жол апатына дейін мен өзімнің жеке кешіме дайындықта жүр едім. Кәдімгідей үлкен жоспарым да болған. Алайда, орындалмады. Содан бері жоспар құрмаймын, айтпаймын. Тек іштей ниеттеніп, бұйырғаны болар деп өмір сүремін.

#әнші #қазақ эстрадасы #Айжан Нурмаганбетова #Айжан Нұрмағанбетова

Загрузка...