Мамандық таңдауда қателеспеуге 5 кеңес

#Воспитание и развитие

Адам екі нәрсені таңдауда қателеспеу керек. Олар – өмірлік жар мен мамандық. Кеште шаңырағындағы жартысына асығып оралу, таңертең сүйікті жұмысына асығып бару – нағыз бақыт. Бұл сөйлемдерді жиі естиміз, қайта-қайта айтамыз. Алайда, амал етпейміз.

Мамандық таңдауда қателеспеуге 5 кеңес

Әсіресе, жас түлектер мамандық таңдайтын кезде ата-анасы білек түріп кіріседі. Сұранысы аз, баллы төмен, одан қалды болашақта айлығы көп болады деген салаларды іздейді. Құжаттарды тапсырады. Бес жыл еріксіз оқиды. Кейін қызметіне салғырт қарайтын маман болып қалыптасады немесе дипломсыз жұмыс жасайды.

Біздің қоғамда дипломсыз жұмыс жасап жүргендер көп. Олардың 70% өнер адамдары құрайды. Бірі – техник, бірі – мұнайшы, ал өзгесі – ұстаз. Бірақ, олар жоғарғы оқу орнын куәліктерін сандыққа салып қойып, сахнада ән айтып жүр. Өйткені, өнерге деген махаббат пен құлшыныс бәрін де жеңген. Дәл солай қарапайым өмірде де өзге саланы меңгеріп, басқа мамандықтың иесі атанып жүргендер қаншама.

Арайлым Мақсатқызы

есепші

Мамандығым – есепші. Қазір Алматы қаласының әкімшілігінде есепші болып жұмыс жасап жүрмін. Бұл саланы таңдауға туған ағам себепші болды. «Есепшілердің ақшасы көп, бәрін компьютер жасайды, жылы әрі жұмсақ «креслода» отырасың», - деген алдамшы сөздеріне сеніп, құжатымды тапсырып, білім алдым. Есепке жақын болсам да, бұл менің салам емес. Жасым 27-ге келді. Күні бүгінге дейін жұмысқа еріксіз барып, шаршап қайтамын. Барлық энергиямды сол кеңседегі 4-5 қыз-келіншек пен компьютерлер сорып алатындай.

Ал, бұл қызметке қолымды бір сілтеп, теріс айналып кете алмаймын. Қорқамын. Айлығы жақсы жұмыс таба аларыма сенбеймін. Менің екі әпкем күні бүгінге дейін жұмыс таппай жүр. Себебі, қай мамандыққа барғым келсе де жұмыс тәжірбиесін тексереді және диплом сұрайды.

Оның үстіне, ата-анам да: «енді 2-3 жыл осы жерде жұмыс жасасаң айлығың да, мансабың да өсіп қалады. Қырқына шыдап, қырық біріне шыдамай кету дұрыс болмайды», - дейді. Мүмкін олар да дұрыс шығар.

Қыз баланың мұраты – кету. Мүмкін тұрмысқа шыққан соң өзіме ұнайтын салада қызмет жасап, өмірімді ретке келтірермін деп сенемін. Өзіме дәмді-тәтті торттар, тоқаштар пісірген ұнайды. Болашақта жеке кондитерлік орталығымды ашқым келеді.  

Әйгерім Сүлейменова

визажист

Өз жолыңды табу үшін де адасу керек. Бұл – менің өмірлік ұраным. Себебі, өзіме ұнайтын мамандықты табу үшін ұзақ іздендім. Мектепті бітірген соң халықаралық бизнес саласы бойынша білім алдым. Аталмыш мамандықтың қандай қызмет атқаратынын да білмедім. Себебі, ол кезде маған тегін оқуға түсу маңызды болды. Грант бөлінген мамандықтардың ішінен көңілге қонымдысы әрі жағымдысы осы сала болып көрінді. Ойланбастан құжаттарымды тапсырып, емтиханнан сүрінбей өттім. Тегін білім алып, бір мамандықтың иесі атандым.

Бірақ, бұл бағытта жұмыс жасамадым. Біріншіден, аса ұнамады. Екіншіден, жұмыс табу да оңай болмады. Сондықтан, өзге салада жұмыс жасадым. Алайда, кәсібімнен ләззат алдым деп айта алмаймын. Әйтеуір, барып-келіп жүрдім. Осыдан бес жыл бұрын жарнамадан визажист мамандығын оқытатын курсты көзім шалды. Қыз болғандықтан сұлулыққа құмармыз ғой. Қызыға бастадым. Еліміздегі белді визажисттердің жұмыстарын көріп, ішінен ұнайтынын таңдап, курсты бастап кеттім.

Алғашқы кезде тек өз-өзімді бояп үйрендім. Кейін кәсіби меңгеру мақсатында оқуларымды тереңдете түстім. Қазір өзімнің сұлулық салоным бар. Жұмысыма асығып барамын. Ұйықтамай да жұмыс жасай аламын.

Егер жұмысты шынайы беріліп, ләззатпен жасасаңыз ақша өзі-ақ келеді. Бұрынғы жұмыстарымда тек айлық үшін еңбектенсем, қазір өзімнің жанымның рахаты үшін жұмыс жасаймын. Нәтижелері Аллаға шүкір жемісті.

Мамандық таңдауда қателеспейтін адам өте сирек шығар. Себебі, мектепті енді бітірген бойжеткен мен бозбала көп кезде ата-анасының немесе гранттың ықпалына еріп кетеді. Ал, бұл қателікке бой бермеу үшін әркім жүрегін тыңдау керек. Сол кезде іздегенін табады деп ойлаймын.

Сымбат Қадырхан

журналист

Менің мамандығым – техник-программист. Мамандығымды растайтын құжат әкемнің үйінде, анамның сандығында жатыр. Өзім журналистика бойынша қызмет етіп жүрмін. Тоғызыншы сыныпты бітірген соң ата-анам мен туыстарымның итермелеуімен колледжге түстім. Төрт жыл бойы ең үздік студент болып, қызыл диплом иегері атандым. Бірақ, бұл салада жұмыс жасаған жоқпын.

Себебі, арманым журналистика саласын меңгеру еді. Колледжді бітірген соң ойланбастан Ақтөбемен қоштасып, Алматыға қоныс аудардым. Мақсатыма жету үшін талай жұмыстарды: даяшы, еден жуушы, көмекші, т.б. атқардым. Тіпті, бір кездері үмітімді үзіп, болашаққа деген сенімімді жоғалтқан кездерім де болды. Қолдауды ата-анам да, туыстарым да емес, жақын құрбым берді. Үнемі «сенен мықты журналист шығады» деген сөздерінен күш алып, кастингтерге бағымды сынауға, телеарналар мен радиоларға жұмыс сұрап барудан шаршамадым.

Еңбегім мен үмітім зая кетпеді. Күндердің күнінде айым оңымнан туып әуелі журналға редактор, көп ұзамай отандық музыкалық арналардың біріне журналист болып қызметке тұрдым. Алайда, телеарнаға жұмысқа қабылдағанға дейін екі ай тегін еңбек еттім. Кәсіби білім алмағандықтан білетінім нөл, білмейтінім көп еді. Екі айдың ішінде журналистика саласының барлық құпияларын біліп үлгердім.

Күні бүгінге дейін осы салада жұмыс жасап жүрмін. Шаршауды мүлдем сезінбеймін. Жұмыстан ләззат алу – күнде демалысқа бару. Өзім осы сөзді жиі айтамын. Себебі, декреттік демалыста басқа бағыттарда жұмыс жасаған едім. Ешқандай нәтиже болмады. Тапқан табысым түкке жетпей, біраз мазасыз күйге түстім. Қазір жұмысқа ерте барып, кеш келсем де көңіл-күйім 100% жоғары болып тұрады. Және жұмыстан соң үйге келіп отбасыма көңіл бөліп, тәттілерді пісіруге де, дастарханымды жайнатуға да шабытым ашылып тұрады. Нағыз бақыт мамандық пен жартымызды дұрыс таңдауда екен.

Айкөркем Ғалимова

психолог

Балаға таңдау беріп үйрету. Мамандық таңдауда жасқаншақ болып өскендер көп қателеседі. Бұл мінез балада күнделікті тыйым салудан, бетін қағып, таңдау бермеудің кесірінен қалыптасады. Кішкентайынан үш ойыншық көрсетіп, біреуін ғана алуға үйрету керек. Сонда баланың психологиясы өзіне керегін таңдап үйренеді.

Жас түлекке шектеу қоймау. Көп кезде ата-аналар балаларына: «мына мамандықты оқисың. Айттым болды, бітті. Сен оған лайықты емессің немесе оған ақша жетпейді», - деп тығырыққа тіреп қояды. Амалсыздықтан мамандық таңдауда өзінің емес, өзгенің таңдауын жасап, опық жеп, өкініп жүреді.

Қорқытудан сақ болыңыз. 11-сыныптың бірінші қыркүйегінен бастап көп ата-аналар: «биыл оқуға түсе алмай қалсаң, ауылда мал бағасың. Немесе балл жинай алмасаң – надан екенсің», - деген сыни әңгімелер айтады. Мұндай сөздер өзі қорқып жүрген түлекке тапанша тақап қойғандай. Ол қорыққаннан ең оңай немесе ұпайы төмен, гранты көп мамандықты таңдайды.

Баланы тыңдап қана емес, естіп үйреніңіз. Көп кезде үлкендердің ішіндегі эгосы мен тәкаппарлығының кесірінен «бала ғой» деп сөзіне құлақ аспайтын сәттер көптеп болады.  Тыңдаса да айтқанын естімейді, түсінбейді. Нәтижесінде үлкен дау-жанжал болып, мамандық таңдауда ғана емес, өмір сүру бағытын таңдауда да бала қателеседі.

Балаңыздың ержеткенін мойындау маңызды. «Мына мамандықты таңда, ана пәнді оқы. Мына жерге жұмыс тауып береміз. Пәленше пәленбай мың айлық алады. Жалақысы сондай жұмыс табуға болады» , - деп ақыл айтады. Бір сәт ойланып көріңізші. Неге өзіңіз сізге ұнаған мамандықты оқымадыңыз? Білмедім деп сылтау айту қателік. Себебі, оқудың ерте-кеші жоқ. Дәл қазір диваннан тұрып, ұл-қыздарыңызды күштеп итеріп отырған салаға өзіңіздің құжатыңызды тапсырыңыз. Сізден керемет сол мамандықтың иесі шығады. Ал, балаңыз басқа саланың шыңын бағындыратыны анық. Сондықтан, сәттілік тілеп ержеткенін мойындап, тілекші болуды үйреніңіз.

Жас түлек дәл қазір өзіңе ұнайтын мамандықтың тізімін жаз. Ерінбей атқаратын қызметі мен міндеттері туралы роқып шық. Одан бөлек сол салада қызмет атқаратын мекемеге барып сырттай бақылап көр. Бұл әдістерден кейінгі амал тыныштық пен сергектікті талап етеді. Ешқашан ұйқыңыз келіп, шаршап тұрғанда төмендегі әдісті жасамаңыз. Бәрі ұйқыға кетіп, айналаңыз тыныш болған сәтте асықпай ойланыңыз. Сізге мимен жұмыс жасаған ұнай ма? Әлде күшпен жұмыс жасаған қызықтырады ма? Осы сұрақтың жауабынан соң жоғарыдағы тізімді ашып, жаныңызға жақын мамандықты оңай таба аласыз. Сәттілік!

#мамандық таңдау #мамандық таңдауда қателеспеу #психологиялық кеңес

Загрузка...