Біреудің баласына ұрысуға болмайтын 5 себеп

#Воспитание и развитие

Бала тәрбиесі – үлкен мектеп. Оны зерттеп-зерделеп, оң-солын, ақ-қарасын анықтаған әзірге ғылым да, ғалым да жоқ. Әркім өзінше болжап жасап, өз тәжірбиесінен сыр шерттеп жүр. Мысалы, Comode «Біреудің баласына ұрысуға бола ма?» деген сұрақты жұлдыздар мен психологтардан қойып көрді. Жауап санқилы болып шықты.

Сәкен Майғазиев

«Біреудің баласы» деген менде ұғым жоқ. Әр қазақ - менің жалғызым. Сондықтан, көшеде немесе басқа да қоғамдық ортада қателік жасаған баланы көрсем міндетті түрде түзу жолға салмасам да, жөн сілтеуге тырысамын. Ұрыспаймын. «Балақай, бұл дұрыс емес», - деп бәрін түсіндіремін. Ұрысуға қақым жоқ. Бірақ, дұрыс пен бұрысты ажыратуға көмектесу менің азаматтық борышым.

Асанәлі Әшімов

Қазір ғой «ұрысуға болмайды, ұруға болмайды» деп дүрлігіп жүргеніміз. Танымайтын біреудің баласына ұрысу былай тұрсын, өз балаңа ұрыса алмайтын заман болды ғой. Теледидарды қоссақ: «ойбай балалардың психологиясы әлсіз. Ұрысуға болмайды. Ұруға болмайды. Сабырлы түсіндіру керек», - деп жарысып айтады. Ол бала шыбықтың дәмін білмесе, қалай сенің таяғыңнан қорықпақ? Кезінде бізді ұстаздарым ұратын. Түк те болмады. Керісінше, солардың ұрысы мен таяғының арқасында азамат болдық.

Мен қазір біреудің баласына ұрыссам, ойбай сенсация етіп жазады. Айтады. Тіпті, сотқа беруге құқылы. Ал, мен көшеде темекі тартып тұрған қызды көрсем неге ұрыспаймын? Ол - болашақ ұрпағымыздың анасы. Өзін ойламаса да, ішінен шығатын болашақ ұл-қыздарын ойласын. Осындай өрескел қылықтарды көрсем ұрысамын.

Кішкентай балалар боғауыз айтып жүрсе, неге құлағын бұрауға хақым жоқ? Егер ата-анасының боқтық, өтірік сөздің жаман екенін үйретуге ақылы жетпесе, санасы бар адамдар айтсын.

Аша Матай

Балаларға ұрысуға болмайды. Меніңше сабырлы түрде түсіндіру керек шығар. Әзірге менің басты парызым – кішкентай Асылымды тәрбиелі етіп өсіру. Әркім өзінің баласына жауап бергені дұрыс деп ойлаймын.

Жанар Нұржанқызы

Психолог

Әрине, бұл тақырыптың екі жағы бар. Мысалы, қандай жағдай және қай жерде оқиға орын алғаны маңызды. Егер сіздің үйіңізге келіп, керуеттің үстінде астан-кестен секіріп жүрсе тыйым салуға болады. Немесе көшеде балаңызға әлімжеттік көрсеткен жағдайда араша түсуге де құқыңыз бар. Алайда, қандай жағдай болмасын біреудің баласына дауыс көтеруге, ұрысуға немесе қол көтеруге ешкімнің де құқы жоқ.

Баланың психикасы әлсіз болуы мүмкін. Бала – нәзік әрі қорғансыз. Оның басты қорғанысы мен қорғанышы – ата-анасы. Алайда, сіз барлық ата-аналар балаларына қалай қарайтынын, қандай тәрбие беретінін білмейсіз. Мысалы, үйінде күнде айқай-шу, ұрыс болса, сәбидің жүйке жүйесі әлсіз әрі жасқаншақ, қорқақ болуы да ғажап емес. Сырттағы бейтаныс жанның дауыс көтеруі оның сана-сезіміне үлкен соққы болып, өмірлік психологиялық зақым алуы мүмкін. Сондықтан, расында орынсыз үлкен қателікті көрсеңіз ақырын түсіндіріңіз. Олай неге болмайтынын, неліктен қателік жасап жүргенін ерінбей ашық айтыңыз. Ересек адамдармен сөйлескендей кеңес беріңіз.

Өзгенің баласын тәрбиелеуге сіздің қақыңыз жоқ. Әр бала естігенін емес, көргенін жасайды. Біреу ішкіш әкенің арағын көріп, одан жиіркенеді. Ал, екіншісі, әкесінің ісін жөн көріп, соның ізімен кетеді. Әрине, ол балалар ащысудың қаншалықты жаман екенін ішкі түйсігімен білсе де, мойындамайды. Сондықтан, ішкілікке құмар болуы мүмкін. Дәл сол сияқты кішкентай балалар боғауыз сөз айтып жүрсе, әке-шешесінен көргені сол болуы мүмкін. Бірақ, «боқтық сөз жаман. Оны айтуға болмайды» деп білек түріп білім беруге немесе айқайлап түсіндіруге сіздің қақыңыз жоқ. Мүмкін болса, ақырын айтып көріңіз. Ал, оған да міз бақпаса, ата-анасын шақыртуға тырысыңыз. Бала – көшедегі бейтаныстан емес, жанындағы ата-анасынан қорқады. Сыйлайды. Тыңдайды.

Бала тәрбиесінің жауапкершілігі – ата-ананың еншісінде. Сол себепті қандай жағдай болса да, баламен сіз емес, ағасы емес, әпкесі емес, әжесі емес, ата-анасы сөйлесу керек. Менталитетіміз бойынша, тұңғыш немерені ата-әженің бауырына беріп, кейін әке-шешесі ләм-мим деп айта алмай жүреді. Нәтижесінде тым ерке, ақылсыз бала өседі. Ата-әже, әрине, немерелерін беттерінен қақпайды. Бірақ, ата-анасы кейде баланың жүгенін тартып, үнемі тоқтау жасап отыру қажет. Тәлім-тәрбие аясында тіпті, әке-шешесінің құқығы болмаған балаға бейтаныс жанның ақылы немесе сөзі өтеді деген күлкілі. Сондықтан, көптеген өнер иелері айтқан ұлтқа деген жанашырлық өкінішке орай бала тәрбиесінде өтпейді.

Қоғамға деген қатыгездік пайда болады. Иә, ата-анасының еркелігін көріп өскен балаға бейтаныс біреудің айқайы мен дауы үлкен соққы болып тимек. Мұндай тосын сынақты көптеген балалардың сана-сезім, эголары көтере алмайды. Сондықтан, іштей оларда «адамдар жауыз», «адамдар өзімшіл», «адамдар қатыгез» секілді теріс пікір қалыптасады. Нәтижесінде, қоғамды жек көретін қатыгездер өседі. Қазір көптеген балаларды зорлап жүрген жауыздар осындай соққыдан зақым алғандар. Олар сонау бала кезінде небіреуден көп таяқ жеген, сөз естіген немесе қоқан-лоқы, күштеу көргендер. Міне, соңында олардың ішкі түйсіктерінде «адамдардың бәрі қатыгез» немесе «балалар әлсіз, менің күшім жетеді» деген негатив қалыптасқан. Сондықтан, олар психологиялық ауытқуға душар болып, осылай айналасына зардаптарын тигізіп жүр.

#бала тәрбиесі #Аша Матай #Сәкен Майғазиев #Асанәлі Әшімов #неге балаға ұрысуға болмайды #біреудің баласына ұрысуға бола ма

Загрузка...