-->

Балаңыз сурет салу арқылы сізге не айтқысы келеді?

#Воспитание и развитие

Кішкентай балалар үшін сурет салу жай ғана бейнелеу өнері емес. Суреттер арқылы баланың өмірге деген көзқарасы мен қоршаған адамдармен қатынасы сияқты түрлі ақпарат алуға болады. Балаңыздың өнеріне үңіліп көріңіз.

Балаңыз сурет салу арқылы сізге не айтқысы келеді?

Кейде бала сурет арқылы өзінің ішінде жатқан ойын, сөзбен айтып жеткізе алмайтын сезімдерін білдіреді: өз уайымын, қорқынышын, махаббатын, ренішін, т.б. 

3-5 жасар балалардың суреті

Әрине, әр баланың суреті жеке талдауды талап етеді. Ол үшін кәсіби маман қажет. Алайда, психологтар кез-келеген суретті талдаған кезде барлық дерлік балаларға ортақ нәрселер бар екенін анықтап, оларға ерекше мән берудің қажет екенін атап айтты. 

Суреттің орналасуы

Баланың психологиялық күйін анықтау үшін оның суреті парақтың қай жерінде орналасқанына мән беріп көріңіз:

  • Бала ата-анасының махаббаты мен қамқоршылығын сезінетін болса, ол міндетті түрде өзін парақтың ортасында бейнелеп, екі жағынан ата-анасының суретін салады. 
  • Егер баланың салған суреті параққа сыймаса, ол оның импульсивті, көңіл-күйі ауытқымал екенін білдіреді.
  • Сурет парақтың оң жағында немесе сол жағында салынып, парақта бос орын көп қалса, ондай бала өзін әлсіз, ешкімге керек емес болып сезінеді.

Суретте баланың өзін-өзі бейнелеуі

Баланың суретте өзін-өзі бейнелеуі оның отбасы мүшелерімен және қоршаған адамдармен қарым-қатынасын білдереді. 

  • Егер бала суретте өзін басқалардан үлкен қылып бейнелесе, онда ол өзін асыра бағалайтынын білдіреді. Әдетте, ондай балаларға ата-анасы "жоқ" деген сөзді сирек айтады.
  • Бала өзін ашық позада бейнелесе (қолы құшақ жая тұрғандай, дене пішіні шеңбер тәрізді), ондай балалар ақкөңіл, мейірімді болып келеді.
  • Ал егер бала өзін жабық позада бейнелесе (дене пішіні сызық немесе тік төртбұрыш тәрізді, қол-аяқтары төмер қарап тұр), ондай бала тұйық мінезді, ұялшақ болуы мүмкін. Адамдармен тіл табысуы қиын.
  • Суреттегі ұсақ бөлшектер де бала туралы ақпарат бере алады. Мысалы, көйлектің оюына дейін салатын балалар ұсақ нәрселерді бейнелеу арқыты ата-анасының назарын өзіне аударғысы келеді. 
  • Егер бала өзін өзгелерден өте алшақ салса, не мүлде салуды ұмытып кетсе, мұның астарында алаңдауға тұрарлық күйзелістің жатуы мүмкін. Ондай жағдай балақай өзін жалғыз сезінгенде, жабырқап жүргенде көрініс табады.

Туысқандарды бейнелеу

Баланың туысқандармен қарым-қатынасын да суреттегі бейнелері арқылы түсінуге болады. Мысалы, бала сурет салған сайын белгілі бір жақын адамды ұмытып қала берсе, немесе барлық адамдарды бояп, сол адамды боямай кетсе, бұл - қауіпті белгі. Бала үшін бұл кек алудың бір түрі.

  • Ақ парақ бетіндегі адамдардың пішініне назар салыңыз. Әдетте, бала өзі үй ішінде кімді ең маңызды, ең ықпалды адам деп білсе, соның денесін, бойын барынша үлкен қылып салып, бір сөзбен айтқанда, өзгелерден ерекшелеп қояды.
  • Ал өзіне жақын, жақсы көретін адамын міндетті түрде өзінің қасына тұрғызады. 
  • Қағаздың шет жағынан, орталықтан тысқары орын тапқандар – балаға аса көңіл бөле бермейтін, онымен уақытты көп өткізбейтін адамдар. 

Агрессия белгілері

Бала суретіндегі агрессия белгілері (жұдырық, азу тістер, өткір нәрселер, т.б.) оның өшпенділікке, дұшпандылыққа, зұлымдыққа бейімділігін, сонымен қатар өзін-өзі қорғау қажеттілігін білдіре алады. Бұл жағдайда баламен асықпай отыры сөйлесіп, баланың кімнен қорқып немесе қорғанып жүргенін анықтап алған жөн.

Қорқыныш және сенімсіздік белгілері

Баланың суреті оның адамдармен қарым-қатынасынан басқа, өзінің жан-дүниесі туралы да көп ақпарат бере алады:

  • Баланың суретінде түзетулер көп болса (қайта өшіріп, қайта салу), ол отбасындағы жағдайдың нашар екенін көрсете алады. Қайта өшіріп, қайта салу қорқыныш, үрей сезімінің нәтижесі болуы мүмкін.
  • Шартты сызықтар, нақты контуры жоқ суреттер де соның бейнесі болып табылады.
  • Суреттегі адамдардың көздері тым үлкен болып бейнеленсе, ол баланың қорқыныш сезімін білдіреді.
  • Егер суреттің сызықтары әлсіз, әрең көрінетін болса, ол бала ата-анасының махаббатын толық сезінбей, қателесуден қорқуының белгісі. 

Әрине, бұл ақпарат тек жалпылама түрде берілгенін ұмытпаған жөн. Әр баланың суреті жеке талдауды қажет етеді. 

#бала тәрбиесі #балалардың суреті #сурет нені білдіреді #суреттің мағынасы #баланың психологиясы #баланы дамыту

Загрузка...