-->

Балаңыз ақша туралы сауал қойса...

#Воспитание и развитие

Ата-анаға кеңес! Балаңызға жалақының қандай жолмен келетінін түсіндіріп айту жолдары.

Балаңыз ақша туралы сауал қойса...

БАЛАЛАР ЖӘНЕ АҚША

Әдетте, балалар бізге ақша туралы тосыннан сұрақтар қойып, тығырыққа тірейді. Бүгін біз осы сауалдарға жауап іздеп көрейік.

1. Сіздің жалақыңыз қанша?

Балалар белгілі бір жасқа жетіп, ақыл-есі кіргенде отбасындағы қаражатқа алаңдайтыны ақиқат. Осы тұста қалтаңыздағы қаржыңызға қарай, жоғары жалақы, орташа және төмен жалақы деп бөліп қарастырайық. Отбасындағы қаржылық ахуал төмен болса, ол баланың көңіл күйіне кері әсер етіп, өзін өзі төмен ұстауына әкеп соқтырады. Ал, ата-ана жоғары жалақы алатынын айтып үнемі оны мақтан етсе, балаңыз қатарластарының арасында өзін өзгелерден жоғары санап, менменсіЭіп кетуі мүмкін. Сондықтан, баланы Ùрдайым отбасындағы кіріс-шығыс мөлшерінен хабардар етіп отыру керек. Мәселен, балаңыз дастарқан басында ақша жайлы пікір алмасып отырса, онда ол өзі де үйдегі экономикалық жағдайға сіздің көзқарасыңызбен қарайтын болады. Ал, егер бала табыс таппайды, ешқандай жауапкершілік арқаламайды деп санасаңыз бұл қателік. Сол себептен, ол отбасындағы кіріс-шығыстарды біліп отыруы үшін баланың көзінше коммуналдық қызмет ақысы мен азық-түлік және киім-кешектің қанша тұратынын үнемі айтып отырған абзал.

2. Неге сіздердің табыстарыңыз аз, ал менің достарымның ата-аналары ақшаны көп табады?

Бұл сауалдың бір жақтылығы мен қатқылдау естілетініне қарамастан оған жауап беру міндетті. Ол үшін балаңызға сізден де жалақысы аз мөлшермен өмір сүріп жатқан отбасын мысалға келітіріңіз. Мұндай отбасылар сіздің айналаңыздан табылып қалар. Ең дұрысы, балаларға «өмірдің мәні ақшада емес екенін, ақша тек құрал» екенін түсіндіру керек. Яғни, қалтаң толған қаражат болса да, «бақытты» сатып ала алмайтыныңды ұқтыра біліңіз. Адам өмірінде материалдық құндылықтардың орнын баса алмайтын маңызды сәттер бар. Мәселен, кез келген адамға жан жылуы, махаббат, қамқорлық, өзіңе жақын адамдармен бірге уақыт өткізу секілді теңдессіз шақтар жетісе бермейді. Осыны кішкентай балаңызға айналаңыздағы адамдардың өмірін мысалға келтіре отырып, түсіндіруге тырысыңыз.

3. Мен есейдім, менің жүріп-тұруыма неге ақша бермейсіздер?

Бұл сұраққа жауап бермес бұрын «жалпы балаға ақша беру» дұрыс па деген қосымша сауалды талқылап алайық. Педагог ғалымдардың пікірінше, бала жастайынан кіріс-шығыстарды жоспарлап үйренуі маңызды. Кішкентай кезінен үйренбесе, есейгенде экономикалық қиындықтарға тап болуы ықтимал. Қазіргі қоғамда отбасылық бюджетті дұрыс жоспарлай алмайтын жас отбасылар көп. Осындай тығырыққа тірелмес үшін баланы жастайынан ақша жұмсап үйренуге тәрбиелеген дұрыс. Ол үшін балаңыздың сатып алған заты үшін ақы төлеуіне және өзіне таңдау жасап, есептесуге мүмкіндік беріңіз. Тіпті, дүкенге азық-түлікке сатып алуға өзін жіберіңіз. Балаңыздың күнделікті жүйелі түрде ақша жұмсайтын шақтарында (бұл уақыт әсіресе, мектеп жасынан бастау алады) – қалтасында өзіне тиесілі ақшасы болуы қажет.

4. Менің достарыма ата-аналары күн сайын 1000 теңге береді, ал неге маған тек 300-ақ теңге бересіздер?

Достарын сылтау етіп, балаңыз сізден қалтасындағы ақшасын көбейтуді көздеуі мүмкін. Жалпы, балаға қанша ақша беру керек? Жауабы қарапайым: мектепте баланың керек-жарақтарына барынша жететіндей ақша болуы тиіс. Бірақ, ол қасындағы достарының ақшасынан артық не кем болмауы шарт. Перзентіңіздің талап-тілектері мен отбасылық кірісті ескере отырып, қанша қаражат қажет екенін бірге есептеңіз. Бірінші сыныптың оқушысына ақшаны күнделікті беріп тұрған абзал. Ал, өсе келе күнделікті емес, бір аптаға немесе бір айға деп жоспарлап беріңіз. Сонда балаңыз ақырындап өзінің шығыстарын орынды әрі мақсатты жұмсауға үйренеді. Алайда, берілген сома тиянақты болуы шарт. Кей-кезде балалар артық ақша сұрап, ата-анасына білдіртпей жақын жора-жолдасы немесе туыстарының туған күніне қаржы жинап жүруі де мүмкін.

5. Егер бұл менің ақшам болса, онда сіздер өзім керек деп санаған затымды алғаным үшін неге ұрысасыздар?

Балаңыздың өзі үнемдеп жинаған ақшасына ойыншық немесе кезекті компьютерлік ойынын сатып алып, сіздің ашуыңызды келтірсе оған құрметпен қарап, сабырлық танытыңыз. Өйткені, ол баланың психологиясына әсер етеді. Мәселен, сізге ақшалай сыйлық жасап тұрып, оның қайда кеткені жөнінде есеп сұраса қалай қарайсыз?! Демек, бұл жағдай балаңызға да дәл осылай әсер етеді.

Сонда баланы дұрыс таңдау жасауға қалай үйретеміз? Ол үшін әр заттың құндылығы мен маңыздылығын түсіндіруге тырысыңыз. Мысалы, қажетсіз дүниеге жұмсалған қаржыға басқа не сатып алуға болатынын айтыңыз. Сонда ғана балаңыз өз қателігін түсініп, сіздің ақылыңызға келесі жолы құлақ асатын болады. Ең бастысы, әр ата-ана өз балалық шағына саяхат жасап, баланың орнына өздерін қойып көргені абзал.

6. Ыдыс-аяқты жумаймын, ол үшін менін достарым ата-аналарынан бөлек ақы алады!

Балаңыз үй шаруасына көмектесіп, қолқабыс етсе, көптеген ата-аналар ризашылығын ақшамен білдіріп жатады. Бұл дұрыс емес. Ал, балаңыз істеген жұмысы үшін ақша сұраса, оған төмендегі жағдайларды ұқтырыңыз. Біріншіден, үй жұмыстарына ақы төленбеуі тиіс. Балаға бұл сенің де үйің, сондықтан ондағы істелген жұмыстар үшін ешкім ешкімнен ақша сұрамау керектігін түсіндіріңіз. Есіңізде болсын, үй шаруасындағы міндеттер үшін ақша беруге болмайды. Үйдегі шаруа жалдамалы қызметке айналмауы тиіс.

Үй міндеттеріне көмектескені үшін ақы төлеудің соңы өкінішке әкеп соқтыруы мүмкін. Болашақта бауыр етіңіз қолы қимылдап кетсе қаржы сұрауды әдетке айналдыруы ғажап емес. Ал, баланы үздік оқығаны үшін немесе тапсырманы тиянақты орындағаны үшін ынталандырып тұруға болады. Өйткені, қазіргі уақытта жақсы оқу – оңай дүние емес. Баланы қызықтыру үшін тек қана ақшамен емес, өзге де тартымды дүниелермен немесе сыйлықтармен ынталандырған дұрыс. Әйтпесе, бала өзі үшін емес, біреу үшін оқитындай әсер қалдыруы ықтимал.

7. Сыныптастарымның тапсырмасын ақшаға орындай алам ба? Егер оның қолынан келмесе, менің тапсырманы орындап беруге толық мүмкіндігім бар. Бұл – менің табыс көзім!

Бұл - өте қитұрқы сұрақ. Сондықтан, балаңызға мектептегі оқуды ақшалай-заттай алмасу деп қарастыруға болмайтынын ұқтырыңыз. Бұл – баланың болашағына балта шабады. Яғни, жора-жолдастарына көмектескені үшін ақша алып үйренген бала өсе келе достық ұғымын ұмытуы мүмкін.

8. Мен өзім ақша тапқым келеді, алайда хат тасушы мен даяшының еңбекақысы өте аз...

Сенің қабілетің төмендеу және қолыңда дипломың болмаса, жұмыс таңдауға сенің мүмкіндігің шектеулі. Талмай ізденістен кейін балаңыздың салы суға кетпесін, керісінше төгілген тер мен сол үшін өтелген ақшаға тәуелділікті сезінсін, жұмыс уақытының көлемі мен атқарылған іске байланысты ақша төленетін жұмыс іздеуге кеңес беріңіз!

9. Егер мен еңбектеніп ақша тапсам, қайда жаратсам да өз еркім бе?

Егер балаңыз жазғы демалыста жұмыс істеп, табысын үйге әкелмей, ата-анасына да ештеңе сатып алмай, өзіне ғана жаратса - алаңдатарлық жағдай. Оған оның қай жерден қателескенін түсіндіріңіз. «Әкең жұмыс істейді ме? Ақша таба ма? Ол айлығын үйге әкеліп, отбасының барлық мүшесіне жаратады. Солай ғой?! Анаң да дәл солай жұмыс істейді», - деп ұрыспай жәймен жеткізу керек. Сол кезде бала да өзінің қылығы мен ата-анасының әрекетінен өзінің ісі бұрыс екенін көреді. Егер бала салыстырмалы түрде көп мөлшерде табыс көзін тапса, оны бірігіп отырып дұрыс пайдалану жолдарын қарастыру керек. Оның еңбектеніп әкелген табысына көз салмаңыз немесе барлық ақшасына үй тірлігіне қажетті дүниені сатып алмаңыз. Кішкентай табыскер маңдай терімен тапқан ақшасының дәмін сезінуге мүмкіндік беріңіз.

#советы #семья #психология #мама #семейный бюджет #зарплата #деньги #ақша #папа #отбасы #жалақы

Загрузка...