Бала тәрбиесіндегі бес қағида

Автор: Жанар Мырзабаева
185 0 Воспитание и развитие
Кез-келген келіншек жүрегінің астында соққан жүрекке әлемнің ең жақсысын, тәттісін беруге ынтық болады. Мен де өзімнің жүктілігімді білген күннен бастап, бала және оның тәрбиесі туралы ізденісте болдым. Нәтижесінде, бала тәрбиесінде естен шығармау керек бес қағиданы анықтадым.

1. Жаңа туған сәби түк те түсінбейді деп ойласаңыз қателесесіз. Перзент анасының ішінде жатқан сәттен бастап бәрін түсінеді әрі сезеді. Менің бір байқағаным, көп ата-аналар баласымен «кіш боласың ба?», «піш боласың», «құқ боламыз» т.б. деген секілді түсініксіз тілде сөйлесуге бейім. Алайда, бұл үлкен қателік. Баланың тілінің кеш шығуының да, дұрыс сөйлемеуінің де, ойын соңына дейін жеткізбеуінің де басты себебі - «қате сөйлемдер». Ересек адаммен қалай сөйлессеңіз, баламен де дәл солай сөйлесу керек.

2. Баланы алдап, ешқашан өтірік айтпау керек. Қазір бір оқиға есіме түсіп отыр. Абысыным баласын ұйықтатып отыр. Кішкентай еркеміздің ұйқыға еш зауқы жоқ. Сол кезде абысыным: «сен қазір тез ұйықтасаң, ертең саябаққа барып қыдырамыз» дейді. Әрине, бұл тек тілге тиек еткен сылтау болды. Таңертең үй тірлігімен жүрген абысыным баласына берген уәдесін ұмытып кетті. Алайда, бұл ең үлкен қателік екенін ол аңғармаған секілді. Баланы алдап, өз қалауыңызды жасату да күндердің күнінде алдыңызға «бумеранг» болып айналып келері хақ. Әсіресе, үнемі баласын алдап, өтірік айтатын ата-анаға перзентінің сенімі жоғалады. Сондықтан, уәде берген екенсіз, орындап үйреніңіз.

3. Тағы бір жиі байқалатын қателік - баланы «күшігім, мысығым, тышқаным» деп еркелетіп, «сорлы, бейшара, қарғыс атқыр» т.б.сол секілді сөздермен ұрысу. Айтылған сөздің балаңыздың тағдырына үлкен әсер етерін ұмытпаңыз. Сіздің ұрысқаныңыз да, еркелеткеніңіз де ұрпағыңызға айқан дұға-тілек. Ал, ата-ананың дұғасы кәміл қабыл боларын ескерсек, расында отыз тістен шығар сөзге абай болған абзал. Сондықтан, балаңызға ұрысуға тура келсе «өркенің өскір, азамат болғыр-ай, көбейгір-ай» деген секілді жақсы сөздерді қолдануға тырысыңыз. Еркелету барысында да жан-жануарға теңеуден аулақ болған дұрыс.

4. Өзіңіздің жаман әдетіңізді балаңыздың қайталамауын талап ету де ақымақтық. Мысалы, балаңызбен бірге келе жатып жол ережесін бұза тұра, «балам, жаяу жүргіншілерге арналған жолмен жүр» немесе өзіңіз шылым шеге тұра «балам, темекі тарту зиян. Әуес болма» секілді кеңестерді айтып әуре болмаңыз. Балаңыз сіздің айтқаныңызды емес, сізден көргенді жасары хақ. «Балаңды емес, әуелі өзіңді тәрбиелеп үйрен» деген даналық сөздің де астары осы болса керек.

5. Балаңызға әзілдеп болса да «сенің анаң жаман», «әкеңді ұрамыз ба?», «көкеңді тепші» дегендей күш көрсетуге  үйретпеңіз. Баланың санасы тез бейімделгіш болады. Жастайынан мұндай сөздерді естіген бала психологиясында айналасына деген сыйластық жоғалады. Оның ойында «анама ұрыса аламын, әкемді ұра аламын, көкемді тебе аламын» т.б. пікір қалыптасады. «Ой, есейген соң бәрін өзі түсініп алады» деу де көзсіз қателік. Бала кезінде қалыптасқан сананы есейгенде ешқандай фактор жоғалта алмайды.

P.S.: Бұл тек бала тәрбиесіндегі алғашқы бес қағида. Бірақ, бала тәрбиесін ешқандай мектеп те, жоғарғы оқу орын да, кітап та үйрете алмайды. Өйткені, әр бала өзінше жеке тұлға. Әрқайсының психологиясы мен қабылдауы әр түрлі. Сондықтан, саналы ұрпақ тәрбиелеу үшін өзіңізді тәрбиелеп, үлгіні іспен көрсетуге икемделген жөн.

Стоит почитать

Загрузка...
Комментарии 0
Чтобы оставлять комментарии, вам нужно зарегистрироваться или войти. Написать комментарий