Аналардың жан сыры: Балам менің өмірімнің мәні, жүрегімнің бөлшегі

#Воспитание и развитие

Әлеуметтік желі біздің өміріміздің ажырамас бөлігі сияқты. Қазір еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін инстаграмға тіркелген. Бірі – өзгелердің өмірін бақылайды, екіншісі – әйтеуір ермек етеді, үшіншісі – өзін блоггер ретіп қалыптастыруды мақсат етсе, төртіншісі топ – миллиондап ақша тауып жүр. Ал, бүгін Comode инстаграм әлеміндегі сұранысқа ие болған инста-аналардың үздігін жариялайды.

Назым Исмаханбет 

@nazym_ismahanbet

"Ұлыма деген махаббат ауруымды жеңуге көмектесті"

Тұрмыс құрғаныма биыл алты жыл болды. Жасым 29-да. Бір ұл мен бір қыздың анасымын. Тұңғышым отбасылы болған соң екі жылдан кейін дүниеге келді. Сағындырып келген нәрестем болды. Жаңа өмір есігін ашуы да оңай болмады. Дәрігерлер баламды аман сақтап қалу үшін босану кезінде біраз күресіп, бір өлімнен аман алып қалды. Перзентханадан үйге келгенде бойымда қуаныштан қорқыныш басым еді. «Баланың бір жерін сындырып аламын ба», «суық тиіп қалар ма екен», «бір жері ауырып тұрған сияқты» деген секілді ойлар маған маза бермейтін. Осы мазасыздығым оған да берілді ме, білмеймін, күн мен түнін ауысып, бала дұрыс ұйықтамайтын. Мен Назым ретінде жойылып көңілімнің бәрі толығымен балаға ауып кетті. Қысқаша айтқанда аналық өмірге бейімделуім ауыр болды. Мен бақытты ана болуды жақында ғана үйрендім.

Балам бір жарым жасқа толғанда мен қатты ауырып қалдым. Тіпті үйден де шыға алмайтындай. Балаға өзім қарай алмағандықтан ауылға яғни менен алысқа жіберу мәселесі туындады. Әлі ана мейіріміне қанып үлгермеген ұлымды жібермес үшін жылдап созылатын ауруды алты айда жеңдім. Сол дертті жеңу жолында менің ең бірінші мотивациям ұлым болды. Бұл сынақ маған өмірлік сабақ болды. Бәрінің уақытша екенін түсіндім. Ештеңеден қорықпаймын, орынсыз уайымға салынбаймын.  Болашақтан қорықпаймын. Адам ешнәрседен қорғалмаған. Болатын дүние болады. Қорқып өмірдің кереметтігін көре алмай қалуың мүмкін. Тек алтын қағида біреудің баласының жаман екенін айтпа, ойлама да. Өйткені кімге күлсең, сол алдыңа келеді. Бұл - аксиома.

Балалы болғаннан кейін оны қалай тәрбиелеу туралы түк білмейтінім белгілі болды. Бір де бір әдебиет оқымағанмын, ал бізді тәрбиелеген «отыр», «қой» деген әдіс қазіргі гипербелсенді балаларға жарамайтыны белгілі болды. Мен көп іздендім, әр түрлі психолог, педагогтардың әдістерін қолдандым. Нәтижесінде түсінгенім бала тәрбиесіндегі ең маңызды дүние аналық интуиция екен. Яғни балаңды сезу керек. Ол дегеніміз - еркелететін жерде еркелетіп, қатал болатын кезде қаттылық таныта білу. Бастысы шатастырып алмасаңыз болды.

Бір алтын қағида баланы ұрсқанда «сен жамансың»дегенше «сен жасап жатқан қылық жаман, оны қолданба» деп үйрету. Сосын зиянды өтірік айтпау. «Күніне жарты сағат көңіл бөл сол да жетеді», - деп жатады ғой мен оны түсінбеймін. Балаға үнемі көңіл бөлу керек. Оның әр жетістігін мадақтап, әдепсіз қылықтарын уақытылы кесіп отыру үшін әуеліде үнемі назарыңда болуы тиіс. Ол деген таңнан кешке дейін бетіне қарап отыр деген сөз емес. Тағы үйде балаға деген қарым-қатынас басқа, бала-бақшада өзгеше болмауы керек. Бақшаға берсеңіз тәрбиешісімен тығыз байланыста болып, онымен ақылдасып бірдей позиция ұстанған дұрыс деп ойлаймын.

Екінші рет аяғым ауырлағанда инстаграмда @gulzhan_kainazarkyzy ұйымдастырған «Инстаана-2018», қазақ тілді блогерлердің байқауы өтіп жатқанын естіп, #жүктіана номинациясы бойынша қатыстым. Парақшам сонда дүниеге келді. Мен жалпы аналар туралы жазамын. Бұл идея орыс тілді инста-мамаларды көргеннен кейін пайда болды. Мақсатым - қазақ әйелдерін декреттегі депрессиядан сақтау. Қандай қиын болса да, бақытты ана болуға шақыру. Көз тиюден дірілдеп қорықпаймын, сұқтардан қорғанатыным бар. Бірақ барлығын бір жаратқанға тапсырамын, болды. Солай оңайырақ.

Ақерке Әбілхан @aqerke_abilkhan

"Аналық махаббатымды кейде екі балама теңдей бөліп бере алмай қаламын"

Жиырма бес жастамын. Екі ұлдың анасымын, Айдарбек деген азаматтың жарымын. ОҚО, Түлкібас ауданы, Жаскешу ауылының қызымын. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды филолог мамандығымен 2014 жылы бітірдім. 2013 жылы, үшінші курсты бітірген соң Алматыда жүріп танысқан жігітке тұрмысқа шығып, Қызылордаға келін болып түстім. 4 жыл Алматыда тұрдық. Қазір күйеуімнің жұмыс бабымен Қостанай қаласында тұрып жатырмыз.

Алғаш рет өмірге бала әкелу кім-кімге болса да оңай емес. Табиғи жолмен босандым. Қатты қиналып жатқан сәтімде осы бір баламен қанша адамға қуаныш сыйлайтынымды ойлап сабырға келемін. Сен әке атандың деген кездегі күйеуімнің төбесі көкке жететінін елестетіп өз-өзіме іштей көмек бердім. Бірден керемет сезімде болмайсың, әрине. Кейін бауырыңа алып емізген кезде еміренесің.

Балалардың екеуінің де бір титімдей затқа таласуы мен үшін қиын мәселе. Кімнің жағына шығып, кімнің сөзін сөйлейтініңді білмей қаласың. Мұндайда көбіне тартып алған баламның әрекетін дұрыс емес екенін айтып қайта өзіне қайтарып бергіземін. "Бұл ойыншықпен бірінші ағаң бастап ойнады. Қазір тастайды, сосын  алып ойна", - деп түсіндіремін. Сосын екеуі де бірдей жылап, құшағыңа жатқысы келгенде қиналамын. Екеуі де кішкентай, екеуі де маған еркелегісі келеді. Екеуіне бірдей тең қылып көңіл бөле алмаған кезде қиналамын. Олар ауырғанда немесе жарақат алғанда сауығып кеткенше қиналасың, әрине. Баланы қинағанша мені ауыртса екен деп тілейсің. Әсіресе, әлі сәби кезінде бір жері ауырып шырылдағанда тілін түсінбей өзің де жан ұшырып кетесің.

Білмеймін, бұрынғылар он шықты балаға бірдей қалай көңіл бөлгенін... Өз басым екеуіне теңдей қарағым келеді. «Сен өстің» деп ысырып тастамай үлкенімді қасыма шақырып алып иіскеймін. Мәз боп қалады. Көп отбасында бір сәбиден кейін қатарынан дүниеге келіп жатқан бір бала бір баланы ысырып тастайды ғой. Өсті ме, жоқ па бәрібір "Болды, сен ағасың, үлкенсің" деп әлі өзі былдырлап жүрген баланы үлкен аға қылып тастайды. Еркеліктің дәмін бала кезде дұрыс көрмеген бала сосын есейгесін еркелік шығарып есіруі мүмкін ғой. Кейде кішкентайым ауырып қалса бар уақытым да, махаббатым да соған ауады. Үлкеніме түк те бұйырмай қалады. Сосын кішкентайымның денсаулығы дұрыс болып, бала-бақшаға жіберсем, үлкенім ауырып қалады. Бұл аурудың жұққанынан емес, менің мейіріміме шөлдегеннің белгісі. Екіншіммен алысып жүргенімде ол елеусіз қалып қойған себебі.

Болашақта жыныс ауыстыру кең таралып, адамның рухани кедейшілікке бара жатқанын ойласам балаларым үшін қорқамын. Осылар өмір сүретін заман тыныш болса екен дейді екенсің ана болған соң. Заманның қатты ақпараттанып, өркениеттің шектен тыс дамып бара жатқанын елестетсем балаларымыздың сол замандағы өмірі қандай болар екен деп бір ойлап қоямын. Бірақ көп ойланып, босқа уайымға салынбаймын. Әкесі екеуімізге ұқсаса екеуі де заманы түлкі болса өздері бөрі болып шалатын еті тірі адал азамат боп өсеріне сенемін.

Инстаграмға 5 жыл бұрын жұртпен қатар тіркелдім. Осы жылға дейін жәй суретпен бөлісу үшін пайдаланып келдім. Жылдың басынан бері блог стилінде жүргізіп келемін. Басында декретте отырған әйелдің күнделігі ретінде бастап, жас ананың күндерінен қызыққа толы жазбалар салып жүрдім. Идея өзімнен. Қазір әйелдердің де күйбең тіршілігін қарапайым түрде юмормен жеткіземін. Оқырманға жан-жақты ақпарат беру үшін блогер болу, фото өңдеу, психологиялық еңбектер туралы да еңбектеніп жатырмын. Он мың оқырманға жазылушысы көп таныс блогерлердің қолдауымен көтерілдім. Соңғы кездері әйел блогерлер ұйымдастырып жүрген байқауларға демеушілік жасау арқылы адам жинап жатырмын. Жолдасым еш қарсы емес. Адамым көбейіп, парақшам тіріле бастағанын байқап өзі қолдау көрсетіп жүр. Күн сайын мыңның үстіне мың қосылған сайын менімен бірге қуанады. Керісінше жаза бер деп демеп отырады.

Шынымды айтайын, дәл қазір ана блогерлерден ешкімді оқымаймын. Біразына қарап отырамын. Инстаграмды жүргізу стилдерін бақылап, өзіме мотивация аламын. Орыстың блогерлерінен блог жүргізу туралы ақпарат аламын.

Айдана Тлепбергенова @mummy_kz

"Баламен өткізген уақыттың сағаты емес, сапасы маңызды"

Есімім Айдана, 1991 жылы Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданында дүниеге келдім. Мамандығым - тәрбиеші және психолог. Балабақшада, дамыту орталықтарында жұмыс жасадым. Қазір бала күтіміне байланысты демалыстамын.  Тұрмысқа 24 жасымда шықтым. Жүкті екенімді білгеннен бастап өзімді ана болуға дайындадым. «Болашақ аналар» курсына және дұрыс тыныс алуды үйрену үшін йогамен айналыстым. Жүктілік туралы көп ақпараттар оқыдым. Соның ішінде «перенатальная психология» саласы, яғни жатырдағы баланың дамуы өте көп қызықтыратын. Ұлымды босану барысында еш қиындық болмады. Бәрі тез өтті. Ең алғаш ұлымды қолыма алғанда ерекше сезімде болдым. Бұл сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Мен үшін Жәңгір - Алланың берген баға жетпес сыйлығы және өмірімде болған ең тамаша өзгеріс. Ана болу бақытын барлық әйел сезінсе екен деймін.

Қазіргі заманда ата-аналардың көбі жұмысбасты екені жасырын емес. Балада дұрыс тәрбие қалыптасуы үшін және қалыпты психологиялық дамуы үшін бала 3 жасқа дейін анасының қасында болғаны жөн деп ойлаймын. Балаға анасының мейірімін, махаббатын, қолдауын сезіну өте маңызды. Сондықтан балаңызды жиі құшақтаңыз, жақсы көретініңізді айтыңыз. Балаға бөлінген уақыт арадағы жақындықты арттырады, оның сізге ойларын айтуына, яғни баланың ішкі әлемін бақылап отыруға көмектеседі.

Балаға көңіл бөлу тек ойнаумен шектелмейді. Баланың уақытын тиімді ұйымдастыру,  қызығушылықтарын қанағаттандыру, сұрақтарына жауап беру, айналаны бірге тану да балаға бөлінген көңіл болып табылады. Баламен өткізген уақыттың ұзақтығы емес, сапасы маңызды. Үнемі балам үшін деп өзіңізді ұмытып кетпеңіз. Сіздің балаңызға дені сау, көңіл-күйі тұрақты және бақытты ана керек. Ана бақытты болса, бала да бақытты болады.

Бала тәрбиесінде баланы тым шектен шығармау, сонымен қатар көп шектемеу де маңызды. Дәл осы қағиданың ортасын ұстанғанды жөн көремін. Ұлымды тәрбиелеу барысында аса бір қиындыққа тап болдым деп айта алмаймын. 3 жасқа дейінгі балаға анасының қасында болғаны, онымен бірге ойнағаны, анасының мейірімі мен көңіл-күйі маңызды. Ұлым 23 тамыз 3-ке толады. Мінез-құлқынан 3 жастың дағдарысы жақындап келе жатқанын көріп жүрмін.

Қоғамның азғындауынан қорқамын. Трансгендірлік саясаттың ықпалынан қорқамын. Теріс ағымдардың көбеюінен қорқамын. Ұлымды жүрегінде иманы бар азамат қылып тәрбиелегім келеді. Апта сайын әкесімен бірге мешітке барып тұрады.

Бала күтіміне байланысты демалысқа дейін инстаграм парақшам болмаған еді. Ұлым дүние келгенде ермек үшін өз жеке парақшамды құрғанмын. Ешқашан блогер боламын деп ойламадым. Инстаграм қарап отырып кішкентай баланың ойнап отырған видеосын көзім шалды. Қарасам қолдың ұсақ моторикасын дамытатаны ойын ойнап отыр екен. Бұл ресейлік блогердің парақшасы еді.

Қарапайым ананың еңбекқорлығына тәнті болдым. Кейін баланы дамыту жөнінде блог жүргізетін қазақстандық аналарды іздей бастадым. Өкінішке орай бала дамуы жөнінде қазақ тіліндегі блог таба алмадым. Дәл сол кезде қазақша блогтың қажет екенін түсіндім. Осылайша ұлым 1 жасқа толғанда қазақ тіліндегі баланы ерте жастан дамыту туралы блог құрылды. Қазір бұл тақырыпта жазатын аналар өте көп екенін байқадым.

#бала тәрбиесі #блогер #балалар #инста-аналар #аналар

Загрузка...