Ана мен балаға арналған спорт түрлері

Автор: Жанар Мырзабаева
210 0 Воспитание и развитие
Босанған соң салмақ тастап, мінсіз мүсініне қайта тез оралуды әр әйел армандайды. Көп аналар «баламен қалай және қайда жаттығу жасаймын. Ол мүмкін емес» деген қорқыныштың жетегінде өмір сүреді. Бірақ, қазір мұндай үрейге жол берудің қажеті жоқ. Өйткені, ана мен бала бірге айналысатын спорт түрлері бар.

Дүниеге сәби келген соң отбасының өмірі түбегейлі өзгеріске ұшырайтыны анық. Әсіресе, аналар үшін бұрынғыдай еркіндік жоқ. Енді олар балаларының уақытымен санасып, көп кезде өздерінің қалауларынан бас тартуына тура келеді.

Көп кезде сәбилі болған аналар спорттан бас тартып, артық салмақпен күресті ұмытады. Басты себеп - уақыт тапшылығы мен балаға жауапты өзге адамның болмауы. Алайда, бүгінгі қоғамда бұл тек сылтау ғана. Себебі, ана мен баланың арасын алыстатпайтын, керісінше тығыз байланыстыратын, денелерін шынықтыратын спорт түрлері мен фитнес залдары кеңінен дамуда.

Ал, ана мен баланың бірге жаттығу жасауына жеті себебі:

  1. Баламен бірге жаттығу жасау арқылы, жас ана спортқа уақыт табады.
  2. Анасы әдемі дене мүсінін, ал баласы шымыр денсаулықты қалыптастырады;
  3. Бірге спортпен айналысу – ана мен баланың өзара жақындасып, махаббаттарын сезінуге тағы бір мүмкіндік;
  4. Спортпен айналысу ана мен баланың арасындағы өзара түсіністік пен достықты дамытады;
  5. Уақытылы жасаған жаттығу тәртіпке үйретеді;
  6. Арнайы бала күтушісін іздеудің қажеті жоқ;
  7. Тек денсаулығының емес,ойлау қабылетінің де жоғары болуына кепілдік бар;

Ана мен балаға арналған спорт түрлері көп. Олардың қатарында сұранысқа ие тізім төменде.

Жүзу. Алматы қаласы бойынша ана мен баланың жүзіп үйренуіне арналған бассейндер өте аз. Олардың бірі де бірегейі AQUABABY орталығы. Аталмыш бассейнде жеке және топтық жаттығу түрлері бар. Әр сабақ жаттықтырушының қадағалауымен өтеді. 45 минутқа созылатын 12 сабақтың бағасы - 36 000 теңге.  Хауыз ішуге жарамды таза сумен толтырылады, аптасына екі рет толық тазартылады. Судың температурасы 31-32 градус аралығын қамтиды.  Мекен-жайы: Алматы қаласы, 1 ықшам ауданы, 19Б.

Аталмыш спорт түрінің бала мен анаға берер пайдасы зор. Суда бірге жаттығу жасайтын ана мен баланың барлық бұлшықеттері жұмыс жасайды. Омыртқа және остеохондроз ауруларының алдын алып, дене бітіміңізді қалыпқа келтіреді. Анасымен баласы бассейнде арнайы жаттығуларды жасаған кезде жаттықтырушылардың назары мен бақылауында болады.

Одан бөлек, анасымен бірге жүзу бала психологиясына да үлкен әсер етпек. Және есте сақтау қабылеті дамып, эмоцияларын бақылау және жүйке жүйелерін қалыпқа келтіру мүмкіндіктері артады екен. Анасымен бірге суда жүзген баланың көңіл-күйі керемет әрі ынта-жігері ерекше мол болады. Ең бастысы, анасы баласын шектен тыс аяп, еркелетпесе болғаны.

Ана мен бала үшін арнайы фитнес-жаттығулар FM мінсіз дене мүсін академиясында. Аталмыш орталық ұсынған жаттығумен шақалақтары бір ай болғаннан кейін аналар айналыса алады. Мұндай сабақтарды ғаламтор арқылы да алуға мүмкіндік бар. Онлайн түрінде Қазақстанның барлық өңірлеріне тарайды.  Алайда, фитнес – залға барып жаттығу жасаудың ләззаты мен нәтижесі бір бөлек. Сондықтан, Алматы қаласы бойынша мекен-жайы Сейфуллин даңғылы мен Мәметова көшесінің қиылысыннан таба аласыздар.

Бұл фитнес-клубта жиі жеңілдіктер ұйымдастырылады. Орташа бағасы 15 000 теңгеден жоғары. Ал, басты пайдасы тез әрі сауатты арықтау, сұлулық пен дене сымбатын сақтау болып табылады.

Йога.  Соңғы кездері бұл сәнге айналған спорт түрі. Йога баланың кішкентай ішкі әлемінің өзгеше әрі әдемі болып қалыптасуына әсер етеді. Әр ата-ана баласымен оңай тіл табысуды мақсат етеді. Ал, бұл спорт түрі өзара түсінісудің алғашқы қадамдарының бірі болмақ. Ана мен бала йоганың алғашқы сабағынан соң нәтижені көре бірден байқайды. Және йога - өзге спорт түріндегідей қысым мен мұқтаж қажет етпейді. Керісінше, нәзіктік пен жұмсақтық, тыныштықтың нәтижесінде дене де шынығады, ми да демалады.

«Студия Воздух» орталығына барып, йогамен шұғылданамын десеңіз мәрхабат. Алматы қаласы, М.Әуезов көшесі,60 үй мекен-жайы бойынша орналасқан бұл орталықтың залдары ашық әрі әдемі. Ал, жаттығуды босанғаннан кейін 30-40 өткен соң (етеккірі тоқтаған кезде) бастай алады.

Басты мақсаты ана мен баланы өзара жақындастыру, сезімдерін ұлғайту. Егер балаңыз шаршап тұрса, тыныштықта ұйықтай алады. Немесе жаттықтырушының нұсқауы бойынша сізбен бірге жаттығу жасауға мүмкіндігі бар. Ал, Ольга ханым балалармен бірге жаттығу жасауды үйретуде таптырмас білікті маман.

«Студия Воздух» орталығындағы абонемент бағалары да қолжетімді. 12 сабақ – 25 000 теңге, 8 сабақ- 20 000 теңге, 4 сабақ – 11 000теңгені құрайды. Айтпақшы, бұл абонементтер тек ана мен баланың арасындағы жаттығуларға ғана емес, өзге де орталықтардағы қосымшаларға қатысуға мүмкіндік береді.

Ең бастысы, ниет болса уақыт пен ақшаның мәселесін шешу оңай. Сондықтан, құрметті аналар, өзімізге көңіл бөліп, баламызбен бірге дамуды ұмытпайық. 

Стоит почитать

Загрузка...
Комментарии 0
Чтобы оставлять комментарии, вам нужно зарегистрироваться или войти. Написать комментарий