Орамалды арулардың сырлары: жабық киіну- менің кәсібіме кедергі емес

#Успех и деньги

Орамал таққан қыз-келіншектер тек үйде отырады. Олар кәсіппен айналыса алмайды. Олар жетістікке жете алмайды... Сізде осылай ойлайсыз ба? Ендеше, қателесесіз. Comode орамал тағып, жабық киінсе де жетістікке жеткен арулармен таныстырады.

Дана Бектұрған

журналист

Орамалды бір жыл бұрын тақтым. Бұл кезде намаз оқығаныма 5-6 жыл болып қалған. Шариғаттың талаптарын толық орындауды мақсат еттім. Ал, айналамдағы адамдардың пікірі мен үшін аса маңызды болмады. Тек ата-анамның әр ісімді қолдайтынын білдім. Сондықтан, еш уайымсыз осындай маңызды қадамды жасадым. Мамандығым – журналист. Күніне бірнеше адаммен кездесіп, сұхбат аламын. Бірақ, күні бүгінге дейін тосырқап, жатырқағандар кездеспеді. Керісінше, мені орамалсыз танитын адамдар көбінесе «саған жарасады екен» деп мақтап жүреді. Меніңше, орамалды осыдан 5-10 жыл бұрын таққандарға біраз сынақтар болған сияқты. Өйткені, адамдар ол кезде аса түсінбеді. Менен ерте орамал таққан құрбыларыма «вахабист» деген сияқты ауыр сөздер айтқан жұлдыздар немесе танымал адамдар да болған. Ал, қазір екенің бірі орамал тағады. Бірі – стиль, өзгесі – Алла разылығы үшін. Сол себепті, қиналдым деп айта алмаймын. Тіпті, қазір өзге ұлт, өзге дін өкілдерімен бірге жұмыс жасаймын. Олар менің таңдауымды сыйлайды. Құрметтейді. Ешқандай орамал үшін мәселе болған емес.

Мен бұған дейін тележүргізуші ретінде бағымды сынаған едім. Көп таныстарым «енді, эфирге шыға алмайсың ғой» деп уайымдап жүреді. Бірақ, менің таңдауым – жүрек тыныштығы. Иә, тележүргізуші ретінде өзімді байқап, ол саланың да дәмін татып көрдім. Ал, қазір камера сыртында қызмет еткен ұнайды. Қазір түсірілімдермен көптеген елдерді немесе қалаларды аралаймыз. Баян Мақсатқызының «Қазақ аруы-2018» байқауының кастингі кезінде мен Өзбекстанға барған едім. Шекарадан өту үшін орамалды тюрбан ретінде тағуға, одан қалды ұялы телефондағы барлық діни мәліметтерді өшіруге тура келді. Сол кезде еліміздегі еркіндіктің қадірін түсіндім.

Перизат Ғани

«Perizat Gani» брендінің авторы

Ислам дінін мектеп кезінен танып-білдім, сендім. Орамалды да мектеп кезінде тағуға талпындым. Алайда, мектептің өз шарттары мен талаптары болғандықтан іске аспады. Студент болған кезде жаңа өмірге орамалмен қадам бастым. Ол кезде «орамал таққан қыздар жабайы әрі көштің соңы» деп саналатын. Осы пікірді өзгертуге тырыстым. Сабақта үздік, қоғамдық шараларда белсенді болдым. Ал, жаңа кәсіпті тұңғышымды босанған соң қолға алдым. Тігінге икемім бар болатын. Бос отырмай ұзын белдемшелер тіге бастадым. Ол кезде мұсылман қыздарға арналған киім жоқтың қасы еді. Сондықтан, тек жабық әрі ұзын киімдер тіге бастадым. Perizat Gani брендінің ашылғанына жуырда ресми түрде екі жыл болды. Орамалды қыздарға арналған киімдер болғандықтан өз басым ешқандай қиындықпен кездеспедім. Бізге келетін клиенттер де, кәсіпкерлер де, серіктестер де орамалды түсінетін немесе орамал тағатын жандар.

Жуырда көзілдірік алу үшін дүкенге бардым. Керегімді таңдап болған соң, ақшасын есептесуге кассаға бардым. Ол жерде тұрған түрік азаматы «сіз секілді орамалды қыз-келіншектер көбейе берсін. Батырлығыңыз үшін жеңілдік жасаймын» деген кезде таңқалдым. Орамал таққан арулар көп. Олар өз істеріне адал әрі біреудің ақысын жеуден қорқады. Ең бастысы, ашық әрі әдемі етіп тағып, адал әрі орамалдың жауапкершілігін дұрыс түсіне білсе болғаны.

Дана Елеусінқызы

“DKА” сұлулық салонының негізін салушы

Орамал тағатын барлық қыздардың басты мақсаты – Алла разылығын алу. Мен де солардың қатарынан болдым. Төрт жыл бұрын толық жабынуға бел будым. Ол кезде визажист ретінде жаңадан қалыптасқан кезім болатын. Алғашқы да, әрине, іштей қобалжу болды. Бірақ, бәрінің сәтті болатынына жүрегіммен сендім. Орамалым – өзге визажисттерден ерекшеленіп тұруға үлкен себепші. Мен үлкен концерттік шараларда әншілерді бояндырамын. Кейде олар менің атымды ұмытып қалса да, «ана орамалдағы визажист қыздың аты кім? Нөмірі кімде бар?» деп іздейтін. Осылайша,  «орамалды визажист» атанып кеттім. Бұл да Алланың берген нығыметі деп білемін.

Қазір мен және менің командам үлкен жобаларда жұмыс жасаймыз. Өзге ұлт өкілдерін жиі кездестіреміз. Шетелге көп барамыз. Сол  кезде де адамдар маған жабайы көзбен емес, сүйсініп қарағанын сезінемін. Бәлкім, менің ашық әрі стилді орамал тағуым көпшілікке ұнайтын шығар. Жуырда Корея еліне барып келдім. Ол жерде боянудың қыр-сырын үйренетін болдық. Мен есікті жауып қойдым. Сол кезде есіктің арғы бетіндегі жігіттер кәдімгідей мені орамалсыз көруге қызығыпты. Оны кейін маған аудармашы қыз айтып берді. Одан бөлек сол елде косметологқа бардым. Алғашқыда олар орамалға аса мән бермеді. Косметолог ер азамат деген кезде, мен орамалды шеше алмайтынымды, шашымды, мойындарымды өзге еркек көруге болмайтынын түсіндірдім. Сол кезде олардың маған құрмет-ілтипаттары артып, толықтай шашымды, мойындарымды жауып, күнәға итермелейтін сәттерден аулақ ұстады.

Шынымды айтсам, өзге ұлт, дін өкілдері орамалдың қадір-қасиетін ерекше түсініп, құрмет көрсетеді. Есесіне, кейде өзіміздің қазекеңдер артық ауыр сөздер айтатын кездері болады. Кейде таксиге мінген кезде, таксист ағаларымыз «қазақ бұлай киінбеген, жамылмаған» деген сияқты әңгімелер айтады. Бірақ, ар-ұятымызды жауып, күнәдан тыйылғанымыз үшін ұялудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Керісінше, қазақтар ешқашан қысқа киініп, кіндіктері мен төстерін жарқыратып жүрмеген. Қызды – болашақ ана, ұрпақ жалғастырушы деп тәрбиелеген. Ал, ана үшін төс пен кіндіктің қандай маңызды екенін мен айтпасам да, ғылымдар дәлелдеген. Сондықтан, мен орамалымды мақтан тұтамын.

Қарагөз Аянқызы

фотограф

Бастапқыда, орамалдың құдіретін түсінбейтін жандардың бірі болдым. Кейіннен жүрегіме Аллаhтың қалауымен иман келіп, ойым күрт өзгерді. Қазіргі таңда, орамал - ажырамас бөлігім. Сабақтан үйге жатқанда бір оқиға болды. Жасым – он сегізде. Артымнан екі жігіт келе жатып: «Мына қыз әдемі екен. ... кетсең, иә?» - деді. Мұны естіген кезде көзіме еріксіз жас келді.  "Маған мұндай сөзді ешқашан айтпаған. Жүрегіме иман келгенде, Аллаxқа бет бұрғанда осындай пасық сөз естідім ба?" - деп жүрегім ауырды. Ата-бабамыз айтушы еді: "Тана көзін сүзбесе, бұқа жібін үзбейді. Бірақ, көзімді сүзіп, ашық-шашық киінбеймін ғой" - деп жыладым. Сол уақытта орамал - Аллаx әмір еткен қыздың қорғанышы екеніне көзім жетті. Әкеме жылап келіп, рұқсатын сұрадым. Әкем "Қызым, сен дайынсың" -деді де қолыма ақшасын берді. Ертеңіне, мұсылман қыздарға арналған дүкенге аттандым. Әне-міне дегенше сол күннен 7 жыл өтіпті. Ол кезде орамал киген қыздарға ел - күдіктеніп қарайтын. Бірақ, ешқашан орамалым кедергі болмады. Біреудің шошып қараған кезі есімде жоқ. Себебі, сырт келбетім қазіргі стандартқа, әрі шариғатқа сай келеді. Кездесулерге ашық әрі өзіме жарасымды киініп барамын. Тек кездесулерге емес, өмірде де әдемі болып жүруге құмармын. "Түске қарап, адам бірінші мағлұмат алады" – деген психологтардың пікірін ешқашан ұмытпаймын.

Жақында, өзге діндегі отбасыны суретке түсіруге бардым. «Дініміз басқа болғандықтан, маған сенімсіздікпен қарайтын шығар. Қалай болар екен?!» деп уайымдадым. Алайда, бұл құр уайым екен. Өзге дін өкілі болса да анасы баласын маған сеніп тапсырып, өзара жақсы сөйлесіп, сәтті жұмыс жасадық.  Тіпті, дастарханына шақырып, дәмдес те болдық.

Ақбота Коспаева

«Assos MEGA ALMA-ATA» зергерлік салонының басшысы

2007 жылы «орамал неге тағу керекпін?» деген мақала оқыдым. Ол жерде орамал тағуға кедергі болатын барлық сұрақтардың жауабын тауып берген. Бұл кезде мен бес уақыт намаз оқитын едім. Және орамалға қызықсам да, батыл шешім қабылдай алмай жүрдім. Дәл сол мақала маған нақты шешім қабылдауға себепші болды. Әрине, ол кезде орамал қазіргідей трендте болмады. Өте сирек қыздар орамал тағатын. Және адамдар да басқаша көзбен қарайтын. Маған орамалмен жұмыс табу оңай болмады. Ол жылдары біз Ақтауда тұратын едік. Әр жұмыс беруші менің орамалымнан шошып, жатырқап, «өзіміз хабарласамыз» деп шығарып салатын. Алайда, уақыт өте келе көптеген қыздар орамалдың мықты қамал екенін түсінді. Қазір орамал киген адамға ешкім таңқалмайды, шошымайды. Себебі - үйреншікті нәрсе.

Әрине, жиі кездесулер болады. Кәсібімді дамыту барысында қаншама адамдармен кездесіп жүрмін. Орамалымды көріп қорқып жүргенін байқамадым. Ең бастысы, өз-өзіңізге сенімді, мықты маман болсаңыз жеткілікті. Сіздің кәсібилігіңізге орамал кедергі болмайды. Қазір алғашқы жылдардағы қызық оқиға есіме түсіп отыр. Ақтауда адамдар әулие, емші, балгерлерге көп сенеді ғой. Бір күні таксиге міндім. Таксист: «сіз емші емессіз бе?» дейді. Бастапқыда түсінбей қалдым. Кейін әңгіме барысында ол кісіні «орамал таққандардың көбі балгер-емші болады ғой» деп күлкіге қарық қылғаны бар.

#фотограф, #визажист, #Дана, #дана бектұрған, #орамалды қыздар, #орамалды бизнестегі қыздар, #daguel_make, #Перизат Гани, #Қарагөз Аянқызы, #Ақбота Қоспаева

Загрузка...