Сәнге айналған қынаның пайдасы мен зияны

Автор: Жанар Мырзабаева
394 0 Уход за собой
Көптеген қыз – келіншектер бірнеше жылдар бойы шашын қынамен бояп жүргенін мақтан етеді. Енді бірі қынаның көмегімен денесіне сурет салып ерекшеленеді. Бір сөзбен айтсақ, қына – сәнді. Ал, сол сәнге айналған қынаның қандай пайдасы мен зияны бар. Comode сараптама жасады.

Қына деген не?

Иә, өте орынды сұрақ. Күнделікті өмірде жиі еститін, қолданатын қынаның тарихын көпшілік біле бермейді.

Қына – Лавсония өсімдігінен жасалады. Оның биіктігі шамамен 2-3 метр, ал кей аймақтарда 6-7 метрге дейін жетуі әбден мүмкін. Бұл өсімдік Солтүстік Африка мен Шығыс елдерінде кеңінен тараған. Үндістанда, Суданда, Египетте өседі. Лавсония өсімдігінің жапырағының жоғары бөлігі бояғыш зат шығарады. Сондықтан, лавсония өсе бастаған кезде жоғарғы жапырақтарын ерте теріп алып, ұнтаққа айналдырады. Себебі, жас жапырақтан сапалы әрі қанық бояу өндіріледі екен. Құрамында С, В, К дәрумендері мен қара майы бар қынаны химиялық бояғыштармен салыстырсақ айырмашылығы жер мен көктей.

Қына түрлері

Қынаның үш түрі бар. Үнділік, ирандық және қытайдың қыналары нарықта бар.

Ирандық қына бағасы жағынан ең арзан әрі қолжетімді түрі. Сондықтан, кез-келген шығыс бояулары мен опа-далаптары сатылатын дүкеннен оңай таба аласыздар.

Үнділік қына сәл қымбаттау  болады. Әрине, сапасы да құнына сай жоғары. Алайда, кез-келген дүкеннен табуыңыз екіталай. Арнайы ғаламтор арқылы тапсырыс беріп, біраз күтуіңізге тура келеді.

Қытай қынасы - ең қымбаты әрі таптырмасы. Бұл қыналар көпшілік кезде қытайдың шөптен жасалған арнайы косметикалары мен емдік дәрі-дәрмектерінің құрамында кездеседі. Ал, жекеше сатылымда сирек кездеседі.

Шашымның емін қынадан таптым

Шаштың өңсіз, уыс-уыс түсіп жұқа болуы қоғамдағы барлық қыз-келіншектердің басты проблемасы іспетті. Алайда, соңғы жылдары бұл мәселе өз шешімін тапқандай. Себебі, 68,13 % әйелдер қынамен шашты бояп немесе маска ретінде қолдану арқылы мықты әрі мінсіз бұрымға ие болуда.

Әсіресе, шаштың көп түсуіне тосқауыл болу үшін қына ертіндісін шаштың түбі мен барлық ұзындығына маска ретінде жағып, 20 минуттай күтеміз. Кейін мұқияттап лимон қышқылымен жуамыз. Осы әдісті бірнеше рет қайталау арқылы керемет нәтижеге қол жеткізуге болады.

Бұдан бөлек, қынан шаштағы қайызғақты жояды, шаштың майлылығын реттейді. Мұның нәтижесінде сізге шашыңызды күнде емес, аптасына бір рет жууға болады. Және қынамен боялған шаштар жылтыр әрі берік бола бастайды.

Шаштың түбіне жағылған қына 25-30 %  қалыңдық пен көлем сыйлайды екен.

Қынаны қолдану үшін арнайы жасқа толудың қажеті жоқ. Себебі, табиғи қына ешқандай аллергия бермейді және денсаулыққа еш зияны жоқ.

Ескере жүріңіз: қынаның да зияны бар. Әр нәрсенің оңы мен терісі, жақсысы мен жаманы болады. Қынаның да дәл солай пайдасымен қатар зияны да бар. Айына бірнеше мәрте қынаны қолдану шашыңызды құрғатып жібереді. Бұрымыңыздың әдемі бұйрасын да қына жоғалтады. Және қынамен бояған соң, химиялық бояуларды қолдану үшін кемінде 3-4 ай уақыт қажет. Ал, кейде тіпті, табиғи түске қайта оралуына күтуге тура келеді. Өйткені, табиғи қынадан кейін шаштың химиялық бояуларды қабылдауы өте қиын.

Жүктілік және емізетін кезде қынамен шаш бояуға болады. Ешқандай қауіпі жоқ. Десе де, өзіңіз қалаған түсті көруіңіз қиын. Себебі, гормондық өзгерістерге байланысты шашыңыз қынаны дұрыс қабылдамауы әбден мүмкін.

Шашты қынамен бояудың өздің құпиялары мен сырлары бар. Әрине, кез – келген нәзік жанды тек әдемі түсті емес, сапа мен шипасына үлкен мән береді. Ол үшін темір ыдыстарды мүлдем қолдануға болмайды. Қынаны еріту барысында тек ағаш немесе пластикалық ыдыстарды қолданып, ағаш қасықтармен араластыру қажет. Қынаны айына тек бір рет қолданған абзал.

Қына мен айранды араластыру арқылы сіңгіштік қасиетін көбейте аласыздар. Бір тәулік тоңазытқышта сақталған айранды қынамен араластырып, дымқыл шашқа жағады. Шашты ешнәрсемен орамай, ашық ұстаған абзал. Сол кезде түсі қанық болып сақталады. Ал, егер орасаңыз қызғылт рең береді. Бояуды шашта алты сағат ұстайды. Сосын сусабынмен жуады.

Мехенди - қынамен денеге сурет салу

Соңғы кездері жастардың арасында денеге сурет салу (татуировка) сәнге айналған. Бірақ, өмір бойы өшпейтін әрі салдыруы қиын әрі ауыр қадамға баруға бәрінің тәуекелі жете бермейді. Осындай екіойлы кезеңде уақытша денеге сурет салу тәсілі – мехенди таптырмас амал екені рас.

Қынамен денеге сурет салу Үндістан мен Шығыс қыздарында кеңінен тараған. Әсіресе, үнділік қыздар кез-келген мерекеге ең әуелі қолдарына сурет салып, дайындықты бастайды. Бұдан бөлек, аталмыш елдің түсінігі бойынша денедегі суреттер тіл-көз, пәле-жаладан қорғайды екен.

Денеге қынамен сурет салу аса ауыр әрі қиын емес. Денеңізді теспейді, қимайды, небәрі қынамен сызып қажет бейнені салып береді. Бірақ, таңдаған суреттің дәл солай сәтті болуы тағы да күмәнді. Себебі, қынамен сурет салу кезеңінде кейде суретшілер өз қиялдарын қосып, ою-өрнектерді өзгертіп жібереді. Уақытша салынған суреттер шамамен 14-20 күн аралығында жақсы сақталады. Кейін түсі өзгеріп, сәні кете бастайды. Өзіңізге ұнамай қалса, оны қайта өшіру де оңай.

Сурет салынған дене аймағына шамамен 8 сағат көлемінде сабынмен жууға тыйым салынады. Себебі, толық кеппеген қына тез сумен жуылып, із-түссіз жоғалып кетуі әбден мүмкін.

Алғашқы үш күн таңертең және кеште зәйтүн майымен сүртіп отыруды ұмытпаңыз. Сол кезде суреттің үстіндегі қына қабыршақтары тез  түсіп, суреттің реңі анық байқалады.

Денеге сурет салуға қолданылатын қара түсті табиғи қыналар ешқандай аллергия тудырмайды. Ал, әртүрлі түс беретін арнайы қоспалар қосылған қыналарға абай болған абзал. Сақтық үшін әуелі қолыңызға кішкентай ғана суретін салғызып, бір тәулік байқап көріңіз.

Қына түсі тез өзгереді. Көпшілік қынаның түсі қара болады деп ойлайды. Бірақ, бұл – қате ұғым. Қынамен алғаш сурет салған кезде түсі қара болады. Кейін толықтай кеуіп, қабыршақтары түскен кезде сарғыш түске өзгереді. Ал, бір тәуліктен кейін толықтай қоңыр түске ауысады. Бұл қадамдардың қаншалықты тез болатыны тікелей сіздің дене теріңізге байланысты.

Мехенди деп жүріп мұңға батып қалудан сақ болыңыз! Қынамен сурет салудың аса қауіпі жоқ болса да, кейбір адамдарға бас тартқан абзал. Асқынған секпіл дақтары бар, дерматоз, дерматит секілді ауруларға шалдыққан жандарға мехенди жасау қауіпті. Және қынамен сурет салған кезде бір орынға бірнеше рет салдырмау керек.

Стоит почитать

Загрузка...
Комментарии 0
Чтобы оставлять комментарии, вам нужно зарегистрироваться или войти. Написать комментарий